Қалпына келтіруші

Иә-иә, замандас, ескі затты қалпына келтіретін мамандық бар. Сан ғасырлық тарихы бар, қолдан-қолға жеткенше жырым-жырым болған кітапты қайта қалпына келтіру – кез келген жанның қолынан келе бермейді. Шымкенттік Ильяр Гафуров қиын болса да осы істі қолына алып отыр.

Ол бала кезінен кітапты сүйіп оқыған. Мектепті тәмамдаған соң Шымкенттегі кітап сатумен және таратумен айналысатын фирманың біріне жұмысқа орналасады. Аз уақыттың ішінде өзіне тапсырылған тапсырмаларды тиянақты орындап, көзге түседі. Сосын фирма басшылығы оған Мәскеуде шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріпті.

«Мәскеуде біраз білімімді жетілдіргесін, Түркияға аттандым. 2010 жылдың жазында саябақта кітап оқып отырғанмын. Біреу келіп түртті. Басымды көтеріп қарасам, Мәскеуде танысқан ескі кітаптарды қайта қалпына келтірумен айналысатын шебер екен. Халықаралық фестивальға келіпті. Қонаққа шақырды. Оған болашақта тарихи кітаптарды қайта қалпына келтірумен айналысқым келетінімді айттым. Ол екі апта Түркияда қалып, сарғайып, жыртылып кеткен кітаптың парақтарын қалай желімдеуді, кітаптың мұқабасын қаптайтын былғарыны таңдауды, тігісті қалай жүргізуді, бәрін-бәрін жіті үйретті. Құпияларымен бөлісті», – дейді Ильяр.

Ол үйренгендерін іс жүзінде жүзеге асыру үшін мұражайларға барады. Өткен ғасырлардағы кітаптарды, құжаттарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берулерін өтінеді. Оның бар мақсаты – ақша табу емес, тәжірибе жинау болатын. Бір жылдай тегін жұмыс жасап, ерінбей мұражайдағы барлық құнды мұраларын жаңартып беріпті.

Бір жылдан кейін жас жігіттің талапшылдығына, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынына сенген болуы керек, қаладағы өзге мұражай қызметкерлері жоғары жалақыға жұмысқа шақырған.

Сосын Грузияның мұражайларынан да Ильярға ұсыныстар түседі. Ол Тбилисидің де мұражайлары мен кітапханаларындағы жүздеген жылдар бұрын жарық көрген кітаптарды жаңалайды, қалпына келтіреді, сөйтіп грузиндерден алғыс алады.

«Біздің елде бұл салада еңбек етіп жүрген мамандар жоқтың қасы. Қазан қаласында, Ресейде, сосын Еуропа елдерінде кітапты қайта қалпына келтіретін мамандарға сұраныс өте жоғары. Өйткені ол елдерде көне кітаптар көп. Жыртылып кеткен кітаптарды қайта жамап, әр парағындағы әрбір сөзді дәл орнына келтіру оңай жұмыс емес. Көз майыңды тауысасың. Бірақ соны өзім ықыласпен істеймін, әрбір жасаған кітабымнан ләззат аламын. Қазір Түркияда сирек кездесетін кітап қорын жинайтын жеке адамдар да шақыратын болды. Барып бір ай, кейде одан да көп уақыт болып жасап беремін. Олар көбіне тарихи кітаптарды жаңалатады. Сосын Құран кітаптарының мұқабасын былғарымен қаптауға тапсырыс береді», – дейді ол.

Ильяр шетелде мол тәжірибе жинап, Шымкентке оралған. Қазір ол бір кеңсені жалға алып, шеберхана мен жеке дүкен ашты.

Онда Ильяр мен қолөнерші достарының түрлі бұйымдарын сатып алуға, тапсырыс беруге болады. Біздіңкілер көбіне Құран кітаптары мен қойын дәптердің, мейрамхана мәзірлерінің сыртын былғарымен қаптауға тапсырыс береді екен. Бір кітапты қаптатудың бағасын сұрағанымызда, былғары мен әртүрлі ою-өрнектермен әсемдеуге байланысты бағалары әртүрлі болатынын айтты. Италия, Ресей, Түркия, Финляндия елдерінен тапсырыспен алдыртқан былғарыны пайдаланады.

Ильяр сондай-ақ бос уақытында достарына былғарыдан әртүрлі білезіктер, сағаттар, тағы басқа қолөнер бұйымдарын жасап, сыйға тартады. «Ақша құртып, сыйлық алғанша, мерекелерде, туған күндерде өз қолымнан шыққан бұйымдарды сыйлағанды жөн көремін», – дейді ол.

Осындай жаңаша жұмыстармен айналысып жүрген жалынды жасқа біз де сәттілік тілейміз. Біздің де мұражайлар мен мұрағаттарда тұрған ғасырмен құрдас құжаттарымызды, кітаптарымызды Ильярға сеніп тапсырып, қайта жаңалататын да кез келер.



Бөлісу: