«Украина саған айтам, Қазақстан сен тыңда».

«Украина саған айтам, Қазақстан сен тыңда».
жеке
блог

Уақытты кері шегеріп, елді елең еткен жайсыз жайтты еске ала отырып, мезгілсіз майданның басын ашып алсақ. Билік пен халық арасындағы теке-тіреске не түрткі болды? Болашаққа тоқтау салған тоқырау неден бастау алды? Қазақстанға төнер қауіп пен қатер кандай? Күрмеуі қиын сұрақтардың жауабын бірге іздеп, ел келешегі үшін бей-жай қарамайық, ағайын. 

Жылқы жылы Украина халқы үшін жайлы болмады. 2014 жылдың басында көршілес елде саяси-әлеуметтік жағдай тым шиеленісіп кетті. Дағдарыс әсер еткені соншалық,  билік қолдағы қуыршақтай қолдан-қолға ауысып отырды. Халық жаппай наразылықтарын ашық білдірді. Алғашында бейбіт шеру түрінде басталған шерулер бірте-бірте күшейіп, соңы ашық қақтығыстарға ұласып кетті. Бейбіт халыққа қарсы оқ жаудырылды. Ахуал күрт нашарлап, көтерісшілер тіпті үкімет үйлерін де басып алудан еш тайынбады. Басшы кетті, басшымен бірге бақ кетті. Оқиғаға орай көптеген бірқатар лауазымды шенеуніктер де жайлы орындарын тастап, Ресейден пана іздеуге мәжбүр болды. Жұрт жік-жікке бөлінді.  Басты билік оппозициялық партиялардың қолына өтті. Жарты жылға жеткен өзара қақтығыс Украинаны мемлекеттік біртұтастықттан айырды, қарызға белшесінен батырды, қарапайым халықтың қабырғасын қайыстырды. Бұл толқуларға Украинаның  Еуроодақпен еркін сауда аймағына кіру туралы келісім-шарттан бас тартып, Ресейдің ұсынысын артық бағалап, екінші жақпен келіссөз жүргізуі себеп болды. Елді жайлап жатқан кедейлік, конституцияның әлсіздігі, сыбайлас жемқорлықтың кең етек алуы, оппозициялық биліктің күш жинауы барлығы дерлік ақыр-аяғы дағдарысқа әкеп соқты.  Айта берсең, себеп көп. Алайда, басты себеп тыста қалып қойған секілді.  Жанды жер, ол тіл мәселесі. Украиндықтардың шығыс пен оңтүстік-шығыс бөліктері орыс тілінде сөйлейді, орыс мәдениетін қабылдаған, орыстың идеологиясымен сонау Кеңес Одағынан бері ескі шеңберден шыға алмай, орыстанып кеткенін білесіздер. Ал, керісінше Батыс бөлігіндегі украиндықтар ана тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін ежелден сақтағандар. Жартысы  Еуропаға ерсе, жартысы  Ресей деп ұлттық ұйымшылдықты ұмыт қалдырды.  Нәтижесін  көзбен көріп, құлақпен естіп жүрсіздер. Жә, «бірі өліп, бірі қалсада біздің мұртымызды балта шаппас » деп немқұрайлылық танытуға болмайды. Сиырға туған күн бұзауғада туады. «Тар жол, тайғақ кешудің» көкесі енді болмақ. Неге десеңіз, еліміздің Солтүстігі Украинаның Батысымен бүгінгі таңда сиям егіздері секілді. Тіл мен Тәуелсіздік бір ұғым. Ал, қазекең болса ана тілінде сөйлеуге әлі күнге дейін машықтанар емес. Мәңгілік тілді баянды етуге арналған талай жиын, форумдар, конференциялар өтті. Баяғы жартас сол жартас, айтылған сөз айтылған жерінде қалды да қойды. Тек елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылы ел халқының мемлекеттік тілді толық білу жөніндегі стратегиясы ғана саясатшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Дегенмен, 2025 жылды күтпей ана сүтімен бойға дарыған ана тілде сөйлеуге неге жасқанамыз? Әй, қазағым, қашан оянасың? «Котыктаймын» деп туған тілімізге екпін түссе, ұлттық идиологиялық пәрмендік қайда қалады?  Жартымыз орысша сөйлеп, орыс рухын әспеттесек қазақ халқы көршілес украиндықтардың кейпіне енетіні анық қой. Сондықтан да алдын-ала қамданып, жыртық жерді жамап, тегіс жерде сүрінбегеніміз абзал. Өткеннен сабақ алып, оны өз керегімізге жарата білсек,  бұл мақаланың миссиясы орындалған болар ма еді?!