Аптаның үздік блогы: "Үшінші күз..."
блог
Биыл, мұрты бар мысықты адастырып, музасын жалаңаштап, ақындарын "Алдавайға" айдап тығар Алматының аспаны астындағы ағаш жапырақтарының үшінші рет сарғаюына куәмін. Биыл үшінші жыл жылжыды, жердегі жамау-жамау сары жапырақтардың астын аршып көріп, жасыл шалғынның сарғаймағанына қарап ауылды сағынатыныма. Жанарыма жат көріністің жаныма бататынына. Себебі, мен туған жерде "жасыл желек" деген сөз болмаған. Ол жақта көктемдегі шөптің өсуінен, күнге күюі жылдам. Созылып жатқан сары далада бірлі-жарым ағаштар ғана күз келгенше жапырақтарын жасыл сақтайды. Бейне бір күзге тартар тартуындай... Ал, мұнда көбі жасыл қалпында. Сол жасыл қалпында қыршынынан қиылғандай болып қар жамылар. Тура бір ақынның тағдырындай...
Биыл үшінші жыл, қырынан жатып алып, қара шайды қанғанынша құйдыра беретін қара шалдың қасына жатып,байқамай түкіргішін төгіп алғандағы "өй, әкең" деп басталар боқтаулар тізбегін естімегеніме. Оның мейірім мен тер аңқыған жүндес кеудесінен иіскеп, қатты боп шығар сақалына бетімді үйкелемегеніме де үш жыл толыпты-ау...
Қозы баққанда серік болып қасыңда ұшып жүрер қардығашты көрмегеніме тағы да сол уақыт.
Үйдегі шалдың да айтары сол. Ауылға да үш жыл болыпты қарлығаштың келмей кеткеніне. Ол шал атадан да, анадан да жалғыз еді. Өзі тұрған ескі үйді бұздырмай, сондағы бала шағынан қалған қарлығаштың үш ұясын қызғыштай қоритын. Солұяларды, сол ұяларға ұшып келер қасиетті құстарды бала шағынан қалған естеліктей көреді-ау. Жылда сұраймын. Жылда сол мұңлы жауап. Биыл да барамын. Қаратаудың қара шалы сол қазір қораға айналған бала шағындағы үйінде шөп турап жатады. Үйге де кірместен, атама жүгірем. Бара сұраймын:
- Қарлығаштар келді ма?
Атам үнсіз ұяға қарайды. Мен атама мұңая қараймын.
Сонда ойлаймын-ау. Күздер де өтер, біздерде өтерміз. Кеудені керіп қала берері сағыныш, содан соң мұң ғана екен-ау...
Суреттер friends.kz, kinodisk.com, www.artfile.ru сайттарынан алынды.