Қарты бар ел - қазыналы ел

Қарты бар ел - қазыналы ел
жеке
блог

Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, өркениетіміздің дамыған тұсында қоғамымыздың жалаңаш келбеті күн санап көбейіп келе жатқандығы кім - кімді болса да қынжылтады. Жетімдер үйі, тастанды балалар, біржыныстылардың махаббаты...
Ең сорақысы, қарттар үйіндегі абыз қарияларымыздың көз жасы. Үлкенін құрметтей алмаған елдің болашағынан не үміт күтуге болады? Әрбір адамға өз әке-шешесінен жақын адам жоқ. Өкінішке орай, өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен емізіп, төрт ұйқысын төрт бөліп, сәбиін тербетіп, таң атқызған анасын,  мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін ұмытып, қартайған шағында өмір тәлкегіне лақтырып кеткен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Қазыналы қарттарымыздың көкірегінен итеріп, жарық дүние сыйлаған ата - анасының мейірімін, жылуын бір пәсте ұмытқан жүрегі жоқ пенделер мен санасыз ұрпақтың көбеюі бүгінгі күні заманымыздың қауіпті дерті болып тұр.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ( с.ғ.с.) "Аллахтың разылығы - ата - ананың разылығында, Аллахтың ашуы - ата - ананың ашуында жатыр. Алланың рақымдылығына бөленуге себепкер деп білгендер- бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар - өз келешегінің бақытын байлағандар ",- деген екен. Түсінген адамға бұл сөзде терең мағына бар. Жүрегінде иманы жоқ, білімі таяз, безбүйрек жандардың мұндай қылығы ұлтымыздың ауыз біршілігі мен тұтастығына әсерін тигізбей қоймайтыны анық. " Қазақ "деген ұғымға жат мұндай сұмдықты естудің өзі жаныңды тітіркендіріп, жүректі ауыртады.
Өз бауырына өз ата - аналарын сыйғыза алмай жүрген адамдықтан жұрдай жандар бар кезде қазақтың дархандылығының құны көк тиын. Үлкенді қадірлеу үшін үлкен даналықтың қажеті жоқ. Қарты бар ел - қазыналы ел екенін естен шығармағанымыз жөн болар.

Сурет: arhar.kz