Биыл жеңіс туын кім көтерер?
блог
Бүгін қазанның 15-жұлдызында «Rahat Palace Hotel» қонақ үйінде «Turkvizyon» байқауының іріктеу кезеңі басталды.
Естеріңізде болса бұл жоба биыл екінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Дарындылар бәйгесінің тарихы ұзаққа бармаса да, бүгінгі күні мақтана аларлықтай дәржеге ие. Қатысушылар саны да, демеушілер жағы да көбейіп, сәйкесінше, ауқымы да кеңейген. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы өнерге көп үлес қосқан, еңбектері сіңген «шоу бизнес» майталмандары. Лина Арифулина, Динара Адам, Ринат Гайсин, Алтынай Жорабаева, Айнұр Тұрсынбаева сынды тәжірибелі адамдардан құралған.
Алдын ала ұйымдастырылған пресс-конференциядағы мәлімдемеге сүйенсек биылғы жылғы жарыс ережелерінде өзгерістер бар. Мәселен 2013 жылы жартылай финалда қатысушылардың тағдырын тек көрермендер шешсе, биыл салмақ теңбе-тең. Яғни, дауыстың 50 пайызы қазылар алқасында. Өткен жылғы тәжірибе бойынша бұл әрекеттің оң жағы да бар екенін түсінуге болады. Себебі халық көбіне симпатиясы бар адамға дауыс береді де, әннің сапасы жолда қалады.
«Turkvizyon» байқауында 2013 жылы «Ринго» тобының әндері «конкурстық» деуге келмесе де, сапалы дүние болғандықтан біраз қуантты. Әрі өзге елдің қатысушыларына қарап бізде ән де, стиль де, қойылым да, ең бастысы талғамның да жоқ емес екеніне көз жеткіздік. Осыған қарамастан біздің жігіттер 24 елдің арасынан тек 9-орынға табан тіреді. Бұл кімге ұят жағдай екені белгісіз. Не де болса, ринголықтар дұрыс баға қойылмағандығын, әділетсіздік болғандығын алға тартты. Әйтсе де, жеңімпаздың аты-жеңімпаз. Бірақ «Turkvizyon» сайысын «Евровидениенің» баламысы ретінде ұсынғандықтан салыстырмай қоя салу қиын. Сапасы, жарық түсіруі, сахнаның орналасуы, қойылымдардың өзі көңілімнен шыққан жоқ. Ендігі кезек биылғы жарыста. Ұйымдастырушылар бір жылды артқа тастап, тәжірибе жинақтап, қателерін түзейді деген үміттеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік, ал қазақ еліне жеңіс тілейміз!!!
2014 жылғы байқау татар елінің Қазан қаласында 19 (жартылай финал) және 21 (финал) қараша күндері болады.