Қоян неге сәбізді жақсы көреді?

Қоян неге сәбізді жақсы көреді?
жеке
блог

   Ерте, ерте, ертеде Орман атты патшалықты билеуші Арыстан патша әр айдың бір күні барлық аң-құстарды жинап алып, шағымдары мен өтініштерін қабылдайтын болыпты. Бір жолы тышқанға ін қазып өмір сүруге кеңес берсе, енді бірде үкіге тек түнде ұшып, жемтігін аулау тиімді екендігін айтыпты. Осы уақытқа дейін аң-құстардың барлық шағымдарын, өтініштерін қарап, ренжіскендерді, араздасқандарды татуластырып, панасызға пана, доссызға дос, азықсызға азық тауып беріп, өз патшалығындағы бейбітшілік, бірлікті сақтап отырыпты.
Әдетінше, кезекті жиналыстың бірінде қорқақ Қоян өз шағымын арқалай келіпті.
- Ал, шағымыңды айта отыр? Қандай кеңес қажет? Әлде біреуден жәбір көріп жүрмісің?
- Патшамыз, Сіздің қандай іс болсын оң шешімін тауып, дұрыс бағыт көрсетіп, түйінін шешіп беретініңізді білеміз.
- Иә, құлағым сенде. Айта бер.
- Патшамыз, менің қорқақ екенім - әмбеге аян. Өткен жолы бізді, қояндарды азық қылуға құмар қасқыр, түлкі секілді жыртқыштардан қыста аппақ, басқа мезгілде сұр түсті жүнімізбен қорғану керектігін айттыңыз. Алайда, құлағымыздың кішкентайлығынан жаудың жанымызға қалай келгенін сезбей де, естімей де қаламыз. Сөйтіп, қаншама туыстарымыз жем болды,»- деп мұң шағыпты қорқақ Қоян.
     Арыстан ойлана келе, кеңесшілерімен, дәрігер, емшілермен ақылдасып, сәбізді көп жесе құлақтары өсетінін, солай жақсы ести алатынын қояндарға жеткізеді. Осылайша, қоян сәбіз десе, ішкен асын жерге қоятын дәреже жетіпті. Сәбізді бірнеше жыл үздіксіз жеудің нәтижесінде қояндардың құлақтары өсіп, жақсы еститін, «шақырусыз» келген жаудан сақтана алатын болыпты.