МОЙЫНДАУ

МОЙЫНДАУ

Асаулау шығар тағдырым,

Өзім де момын емеспін.

Айтар ем бүкпей барлығын,

Түсінбейді,әттең,мені ешкім.

 

Ақылы жетпей Айдың да,

Жүр ұқпай әлі жұлдыздар.

Шұғыла сынды қайғым да,

Шаттығым шалыс түнгі ызғар.

 

Жазмыш жолына көніп құр,

Беттеп барамын елсізге.

Жүрегің сенің соғып тұр,

Өмірің ғажап менсіз де.

 

Үлгерді сезім суынып,

Желпінген көңіл басылмай.

(Өмірден жүрмін түңіліп,

Ажал бір адал досымдай)

 

Сырқатым-өлең,түсі аппақ,

Сен білсең,қане,айт емін.

Қасіретімді құшақтап,

Кете берем бе қайтемін ?!?

 

Асаулау шығар тағдырым,

Өзім де момын емес ем.

Иесі көкте бар жырдың-

Жерде мен жазды демесең...

Әлия ІҢКӘРБЕК



Бөлісу: