Жолданбаған сезімдерім

Жолданбаған сезімдерім
жеке
блог

Бал тамызып сөздерінен

Мазмұнынан наз ұқтырып,

Жолдамаймын сізге қарай

Хаттарымды жазып тұрып.

Жүрек сырын ақтаруға

Жетпей жүр-ау батылдығым,

Әуел бастан табиғатым

Жаратқан соң нәзік қылып.

 

Жетегінде қиялдардың

Санам бір ой түйеді шын,

Жан серігім, өмірлікке

Болармысыз сүйенішім?

Жүрегіме шоқ тастап ап,

Жүресіз кеп жайбарақат,

Селк етпейтін сізді көріп

Өз отыма күйеді ішім.

 

Сіз туралы толғанумен

Жүрек те әлек, сана да әлек.

Тамсанарсыз... таңғажайып

Қиялымды арала кеп.

Сіз жайлы жыр жазуға бір

Оқталам да, жүрексінем,

Тым ерекше тұлғаңызға

Сөзім жетпей қалама деп.

 

Жүрегімен арпалысты

Жіңішке жол ақын бүгін.

Тағы да сол... кешегідей

Хат жазумен батырды күн.

Жолданбаған сезімдерім...

Тағы да сол... жолданбады.

Қайтем енді, жолдауға оны

Жетпей жүрсе батылдығым...