Бәрінің ойлайтыны – бастық болу
жеке
блог

Бәрінің ойлайтыны – бастық болу

Қазіргі заманда адамдар қасқыр болса ғана жақсы жағдайда өмір сүре алмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, заман өтірікші, ұры, жағымпаз, екібет болуға итеріп тұр. 

Таусылмайтын кезекте тұрып, алдыңды орап бара жатқан біреуге айғайлап, дауыс көтеріп, өз кезегіңді дауламасаң, аш қаласың. Бірақ бізді ата-анамыз кішіге құрмет, үлкенге ізет көрсет деп тәрбиелеген еді. 

Көшеде қағып-соғып өтіп бара жатқан адамға қарсы сөз айтпасаң, атаңның құны кеткендей, айналадағылар оған емес, саған аянышпен қарап қалмақ. Бірақ бізге "сыпайы болсаң, сыйлы боласың" деп үйреткен еді.

Жақсы бір қызметте отырып, өзіңе жағдай жасамасаң, өзіңді қойып, туған-туыстарыңды жарылқамасаң, қолда барды пайдаланбасаң, сенен жексұрын адам жоқ. Бірақ бала кезімізден "ешкімнің ала жібін аттама, ешкімнің ақысын жеме" деп құлағымызға құйған еді.

Сабаққа кешігіп қалып, мұғалімге ұйқастырып өтірік айтпасаң, жай ғана ұйықтап қалғаның үшін немесе басқа да шын себептерің үшін ешкім саған жұмсақ қарамайды. Бірақ атам қазақ "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" деп әу бастан бесіктен беліміз шықпай жатып өтірік айтуға қатаң тыйым салған еді. 

Үлкенді-кішілі көп адамның арасында құнды сөз айтсаң, бір жөн, аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің керін келтіріп, жөнсіз сөйлегеніңе бұл күні ешкім таңырқамайды. Бірақ біз "Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без" дегенді берік ұстанған ұрпақ едік.

Қазір инабатты, ибалы, тәрбиелі адамның заманы емес тәрізді. Бірақ, біз, қазақ, ұяты бар ел едік. Заман арнасы басқалай ағып жатса да, текті елдің баласы ретінде адалдық, тазалық, намыс деген жауһар дүниелерді абыроймен арқалап жүруге тиіспіз.  

Бір адам өзгеше істі қолға алса, жабылып, оның бүкіл ниетін құртпайынша, оны тұқыртпайынша тынбаймыз. Біреуді сынап-мінеуден алдымызға жан салмаймыз. Бірақ неге өзіміз бір істі қолға алып, еңбектің дәмін татып көрмейміз? Тым құрыса істеп жүрген жұмысымызды неге адал атқармаймыз? Мен жұмыс уақытында әлеуметтік желілерде отыратын адамның көптігіне қарап, қатты таңырқаймын. Олар әлеуметтік желілерде отырғанда, жұмысы қайда қалады?

Көп жастың мақсаты – бастық болу. Бір жерде бастық болып, төрт құбылам сай болып отырсам дейді. Бастық болар бір күні, әрі қарай бұл қараңғы қазаққа не берем деп ойлайтын тірі жан бар ма екен? Талпын, ұмтыл, ұш, самға! Мақсатыңа жетерсің, ойың орындалар. Қазір мүмкіндік көп...

Заман қарақан басымызды ойлауға итеріп тұрса да, құлқынның қамынан әрі асып, болашақтың қамына ой жүгірткен дұрыс-ау. Уақыт зымырап жатыр, күні ертең 20-дағылар 30-ға, 30-дағылар 40-қа таяйтын кез келе қалмақ. Сақалың сапсиғанда, "еее, дәурен, түк бітірмеппіз" деп кемсеңдеген кәрі шал-кемпірге айналғанда, бойыңнан әл, ойыңнан күш кетіп, көптің санын көбейтерсіз, сіз де, біз де. Жастық жалынмен қателікке ұрынсаң да, әлеуметтік желіде былшыл сөз айтып алтын уақытты өткізгенше, жан-жағыңды бағдарлап, алды-артыңды бағамдап, жалқаулықпен қош айтысып, әйтеуір бірдеңе істесең, еңбегің еш кетпес. Өмірің бос өтпес. 

Әр адам дүниеге келген кезде, белгілі бір қызметті арқалап туады деген сөз бар. Әр адамның бойында бір-бір дарын жатады. Ол дарынды пайдалану, пайдаланбау әркімнің өз құзырында. Біз, қазақ, дарындылығымызбен қаншалықты атымыз шықса, жалқаулықпен соншалықты белгіліміз. Жалқау болған соң, көп нәрсе білмейміз, оқуға, ізденуге ерінеміз. Сол үшін ерінбеген өзге адам алдында жасқаншақтап, бір саты төмен тұрамыз. 

Кез келген адамның өшпес қаруы - білім. Данышпан ата-бабаларымыз бар қорғанышты білімнен іздеген. Қазір тәуелсіз елміз, сүйенішіміз - тәуелсіздік қана. Осындай жарқын елде тұрып, еңбек ету екінің бірінің маңдайына жазылмаған... 

 Сурет: ru.wikipedia.org