Біздің Әтөш

Есіңізде болар. Біздің ауылда Әтөш деген бала барын. Енді ол Айдар. Денелі, жиырма бестегі жігіт. Үйленген. Бес жастағы ұлы бар. Кумирі Дон Корлеоне. Жай ғана Дон емес Дон Вито Корлеоне (атақты ганстер).
Фотосуретке түсіп, рамкаларға салып пәтердің қабырғасына іліп қойыпты.
Бірінші фотосурет. Досы, оның есімі Досым. Екеуі қымбат джип тектес машина ішінде отыр, фотограф артқы орындықта. Соған екеуі қарап «біз қандаймыз» (фото-ганстерлер машинада) деп түскен.
Екінші фотосурет. Костюм шалбар киген. Костюм алдын ағытып шартыйып шығып келе жатқан қарынын көрсетіпті. Шартыйған қарын -қатын алдында авторитетін көрсетеді. Темекі тартып тұрғанда қолды салбыратып ұстаушы еді, қазір дәл солай тұр. Тек темекі орнында пистолет (фото-ганстер жұмыс құралымен).
Үшінші фотосурет. Сауна ішінде досы екеуі белдеріне орамалдарын байлап дөңгелек үстел басында отыр. Тропикалық күн астында қыздырып отырғандай (фото-ганстерлер демалуда).

Таңертен ерте тұрып жиналып жатыр. Ұл баласы бірге тұрып алып есіктен шығарып салып жатып:
-Папа, менің пистолетімді алыңыз. Жұмыста бәрін «пах-пах» етіп қорқытасың.

Баласының қолындағы пистолетті алып:
-Пах, пах, -деп тапаншамен атқандай ишара жасап қалтасына салып алды.

Айдар үстіне униформасын қиіп есіктен шыға берді, арқасында ап-анық жазу оқылып тұр: ««Балапан» ойыншықтар сауда үйі. Күзет».

P.S.: Фотосуреттерді түсірген Қанипаш, әйелі ғой :)



Бөлісу: