Көктөбе, сен неге тәкаппарсың?

Көктөбе, сен неге тәкаппарсың?
жеке
блог

Есіңде ме, мен саған келгенде 14 жаста едім! Саған нәп-нәзік үмітпен, балалық пәк махаббатпен қарайтынмын. Алайда сен сондай суық едің! Саған ұмтылған сайын сен мені кеудемнен итеретіндейсің. 

- Мә, саған Алматыда оқыған деп бүкіл қиындықты менің басыма төңкере салғандай көрінетінсің...Қанша рет құлаттың. Қайта тұрғыздың, жылаттың!Содан болар кешеден бері «Алматым туған күніңмен!» деген үш ауыз сөзді айтуға бата алмадым. Білмеймін, сенен қатты сескенем. Алматым деп тәуелдік жалғауды қосуға жүрексіндім. . .

Саған келгендегі алғашқы санама құйылған көше – Ленина ,Митина. Дәл Көктөбенің етегі. Мен оқыған мектептің қай жерінен қарасаң да сол, Көктөбенің көк төбесі көрініп тұратын. Мектепте де, жатақханада да жүрсең де қылтиып шыға келетін. Жай қараса бір сәрі. Тәкаппарлықпен қарайтын. Мені менсінбейтінсің. Бірақ сенің сол тәкаппарлығың мені өмір сүруге үйретті. Саған жағу үшін ,сенің құшағыңдағы сәби деген атқа лайық болу үшін тырыстым. Әрдайым түнде ұйықтар алдында «Маған есеп бер!» дегендей жылт-жылт етіп жарқырап тұратынсың. Кейде қаланың шет жағында жүргенде сені іздейтінмін. Саған жеткенше , сенің бейнеңді көргенше асығатынмын. Ерекше бір күшке иесің «Көктөбе» Менің түсінігімдегі Алматы сенсің! Сен менің дара әрі ең қатал ұстазымсың!Солай, Алматы! Өзіңді жатсынған жерде қашанға дейін шыдап жүре аласың?! Бар арманым мектеп бітіріп, басқа қалаға кету болды. Құжат тапсырар, соңғы сәтке дейін анама білдіртпей Астананың кодын жазып жіберу ойымда болды. Ой кеткенмен қол жібермеді. Құжат тапсырып шыққан соң көзіме тағы Көктөбе көрінді! Ішімнен «не бәлесің?» деп кейідім. . . 

Алланың қалауымен, осы қалада киелі орда ҚазҰу-да білімімді жалғастыру бұйырыпты. Бұл жерден Көктөбе тек биіктен көрінеді! Мен сені биікке көтеріліп көрген сайын , сен менің даңдайсып кеткен пенделігімді сабама түсіріп, өз болмысыма қайтадан түсіріп қоясың. Аяз би де хан болғанда өзінің «жаман» кезіндегі жұпыны киімін сарайына іліп қойып, өткен күнімен тәубеге келсе, менің тәубеме келетін себепкер – Көктөбе! Өйткені, менің өткен күніме, қателігіме, ақымақтығыма, өмір мектебіндегі сабақтарыма куәгер жалғыз нәрсе сол ғана. . .
Туған күніңмен, Алматы! Туған күніңмен – Көктөбем!

Жамал Жақсытай