Бөрікті аспанға атып

Бөрікті аспанға атып
жеке
блог

Өмірімнің үшінші онжылдығының бастауында, біраз тақырыптар жайлы көзқарасымды түйдім. Сол тақырыптардың бірі - туыла біте берілетін ұлтыңды мақтан етудің дұрыс не бұрыстығы.

Адам нені мақтан ете алатынын қарастырайық. Өз еңбегімен, не ақылымен қол жеткізген жетістіктерді ғана. Мысалы үшін, еңбегі сіңген әнші, немесе спортшылар, ақылы асқан дана ойшылдар мен жазушы ақындар, баласын мақтан тұтатын абзал аналар. Ал, жай ғана, белгілі бір ұлттың мүшесі болып туылғаныңа мақтану, менімше дұрыс емес.

Мен қазақпын, әкем мен анам да қазақ, бірақта, халқымның тарихы да, ерекше көркем тілі де, ұлан-ғайыр жері де, мен үшін мақтанарлықтай құндылық емес. Себебі, мен сол құндылықтардың асқақтауы, артуы үшін айтарлықтай жетістікке жеткенім жоқ, елейтіндей іс те жасай қойған жоқпын. Бұл маған сыйлықтай, анамның ақ сүтімен бірге дарыған.

Қазақ болу - істей білетіндей бір икемділік, не мүмкіншілік емес қой. Сіз, мысалыға, көзімнің қоныр болғанын мақтан тұтамын демейсіз, аяғымның немесе құлағымның үлкен болғанын мақтан етемін деп те айтпайсыз. Сонда, неліктен, мен қазақ немесе орыс, не басқа да ұлт өкілі болып туылғанымды мақтан тұтуым керек?

Өз ұлтыңның өкілі болып туылғаныңа қуанышты болу, оны бақыт көру - бұл мүлдем басқа әңгіме, нағыз патриотизм, халқыңа деген махаббат, осында жатыр деп ойлаймын. Орыс, қытай, қазақ ұлтты болып туылдың ба -  солай туылғаның үшін бақытты бол, бірақ мақтанба. Бұл өмірде мақтаншақтық онсыз да аз емес.