124- тегі ой

           Аялдама... Жеткен бетімде, автобустың да келе қалғаны. Алған бетім ҚазҰУ- дың жатақханасы... Ең артқы орынның терезе жағына жайғастым. (Көлікте терезе тұсына отырғанды ұнатамын. Себебі, өмірдің терезесінен қарап отырғандаймын.) Сабылысты сыртынан бақылап отырып...ойға шомып кетіппін...          

          " ...Өмір! Өзің жайлы толғанбаған пенде жоқ шығар...? Сен бір сынақсың ғой бізге берілген. Қарап отырсам, мен келе жатқан қоғамдық көлік сияқты екенсің... Көлікте біреулермен сыйласып жатсаң, енді бірі өздігінен ұрынып, аяғыңнан шалып кетеді. Біреуінің екіншісіне жаны ашып қасынан орын беріп жатса, келесісі келеке етіп күліп тұрады.  Бір адам енді мініп, жолға шықса, енді бірі өз аялдамасына жетіп қояды. Ол аялдамаға жету жолы да сан қилы: онда түп-түзу даңғыл жол да бар, соқтықпалы- соқпалы сүрлеу жол да бар. Біреулер қажетті жеріне еш кедергіге ұшырамай жетсе, енді бірі кептеліске тап болып жатады. Өмірдің бағдаршамы біреулерге үнемі жасыл түсін жағып тұрса, енді біріне ескерту жасап, кейде қызыл түспен қатты сынға да алып, шыдамын шыңдай түседі.

          Иә, өмір, сені осылай елестеткенім де ойға сыйымсыз шығар..."

         - КазГУ дайындаламыз! КазГУ готовимся! Кондуктордың дауысы. (Ауыздағы тіліміз біреу- ақ болса да, қарым- қатынас тіліміз екеу, өйткені "ерекшеміз" ғой). Жол ақысын төлеп, түсуге ыңғайландым... Санамда бір- ақ ой, бір- ақ тілек:

         "Я , Жаратқан, өмір атты көлігімізді бұралаң-бұлтарысы аз, өзіңіздің хақ жолыңызға түсіре көр! Аялдамамызға абыроймен жеткіз!"

 



Бөлісу: