Кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді

Кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді
жеке
блог

Байыбына бармай, сабыр сақтамай, ақыр заманды тақап, аузым көпіріп біреуді жамандап алу қасиеті менде де бар екенін бүгін тағы мойындадым. Ақиқаттың басқа болып шығарына сеніп тұрсам да, ішімде әлдебір нәрсе қозып, орнымнан бір сілкіп алады. Ол адамды сыртынан да, өзі келген соң, бетпе-бет өзіне де жамандау да миға, жүрекке, санаға кері әсер етеді екен. Көп адамды сыртынан жамандамаймын. Өтірік емес. Иә, біреулермен қосылып, ол туралы біраз теріс сөздер айтармын. Бірақ мен ол адамды көрген бойда оның сыртынан айтқанына өзіне тағы бір рет айтамын. Білмеймін, бұл дұрыс па, бұрыс па? Айше біледі, егер біреудің қылығы, ісі, сөзі ұнамаса, айтып саламын. Кімсің, дәрежең қандай қарамаймын. Иә, бұлай ету арқылы көп адамды өзінен алыстатып алатын, өзім туралы жаман ой қалдыратын шығармын. Мейлің. Мен сондаймын.

***

Екінші сыныптағы бір оқушы дәлізде кетіп бара жатқан басқа пәннен беретін апайымен амандасып, тағы бірнәрсе айтқысы келеді. Бірақ есіне түсіре алмаған соң, кетіп бара жатып, есіне саф ете қалғанда, қуанып кетіп: "Апай! Өткендегі мерекеңізбен!" - депті. Ол 10 наурыз күнгі қызық еді.
Айтпағым, бала періште ғой. Не айтса да, шын көңілімен, шын ниетімен, шын ықыласымен жанын салып айтады, білдіреді. Арамдықты білмейді. Таза.
н.ғ.: Кейде бізге, үлкендерге де сол балалық, кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді. Қажет-ақ...

***

Монитордың арғы жағында бәрі батыр, бәрі данышпан, бәрі оқымысты, бәрі жанашыр, бәрі ұлтшыл, бәрі керемет, бәрі спортсмен, бәрі еңбекқор, бәрі ақылды... Тек кейде өздерін өздері ғаламтор торынан босата алмайтыны болмаса... Мен де соның қатарында...

***

Кейде қырық жыл алдын жазған әлдебір "дүниелерімді" көзім шалып, оқи қалсам, "Мәссаған, мынау менмін бе? Осынша түңілердей не болды екен маған? Неткен пессимист болғанмын. Сұмдық" деп таңданамын. Бірақ сол ойлардың, сол сөйлемдердің иесі қазір өзгерді дегенге... Иә, өзгермеппін. Тіпті одан да ауыр ойлайтын болыппын. Алғаш бір "Алматы ақшамына" "тәмсілдер" деп кішкене жазбам шыққанда қуанып, әпкеме оқытсам, екі-үш рет оқып әрең түсіндім деген еді. Ауыр жазасың деп бірнеше адам айтты. Тіпті әкем қоңырау шалып: "Сен күз болма, қайың болма. Сен көктем, жаңа бүршік атқан ағаш бол. Күз ол - менмін. Жасарымды жасап, балаларды өсіріп, енді, міне, солардың жемісін көретін шағым келді. Сен төрт мезгіл жасыл болып тұратын шырша бол" деп ренжігендей ақылын айтқан еді... "Папа, мен күзде туылғанмын. Сондықтан шығар"... деген жауап айттым сонда.

Бірақ қазір мардымды ешнәрсе жаза алмай жүрмін. Ойымды сөзбен жеткізуші едім. Ол да қалып барады. Тұншығып жүрмін. Ой-қапас сол ойларды жазғаннан да ауыр екен.  Білмеймін. Қазір менде "ақпарат жинау", "өсу, даму", не "ержету" кезеңі шығар. Жылаңқы жазбалардан жалығып та кетемін. Бірақ оларсыз тұра алмайтыным тағы бар. Е, мен сондай екенмін. Көзі күліп, жүрек жылап, сөздерінен жас тамып тұратын біреу...

Н.ғ.: ...шындығында, ой тұңғиық түбінде барлық адамда күз өмір сүреді...