Ей, Жүрек, кімді іздеп, сағынасың?

Ештеңе де көңілді ауламайды,
Қана түнек басқандай бар маңайды.
Ешнәрсені сезінбей өмір сүру -
Осыдан асқан, сірә, бар ма қайғы?

Ей, көңіл, саябырсы, ағытылма.
Қиялым қиян шетте тағы тұр ма?
Ояумын ба, әлде әлі ұйқыдамын,
Беймәлім бағытым да, бақытым да.

Санаммен сан адамды құшып жүрмін,
Ал ойда көкжиекте ұшып жүрмін.
Көздерім болса да ашық, дым көрмейді,
Мені де, Беймәлімім, түсін бір күн.

Білмеймін: табыларын, табылмасын.
Ей, Жүрек, кімді іздеп, сағынасың?
Сабылып іздеудемін әлдекімді,
Сезімнің мөлдірлігін танығасын.
/09.09.2014/

Көз алдымнан жоғалған - көңілімнен жоғалар.
Көңілімнен жоғалған - өмірімнен жоғалар.
Сіздей маған ешкім де бола алмайды мөлдір мұң (!),
Мендей Сізді ұнатар қайсы ару бола алар?!

Уақыт, бүгін абайсыз еншіңе арттым бір мұңды,
Өксік, сенің қойныңа тығып қойдым күлкімді.
Үміт, тағы ілестім ілестірмес соңыңа,
Бақыт, маған жолығып қаларсың-ау бір күні...

Көңіл, сенің көрпеңді қиялыма жаптырдым.
Мұңым, бүгін жүгіңе ауыр бір жүк арттырдым,
Арман, шыңың асқақтап, тым биіктеп кетіпті-ау,
Сенім, сенің үрейің, кешір, тағы артты тым.

Жүрек, білем, жаралап алдым сені, кешірші (?),
Шаттық, сендік мендегі үлесімді өсірші (?).
Сезім, мені тым әбден сынадың-ау, аяусыз,
Санам, енді айтпаймын ешкімге де еш сырды...
Бәрі жалған,
бәрі де уақытша тым...
/09.09.2014/


Бүгін сенің туған күнің.
Құттықтағым келмейді сені бірақ,
Неге деген туындар сенде сұрақ.
Кешір, өткен шақтардай жасай алман,
Хат жолдай да алмаймын сөзім құрап.

Бүгін сенің туған күнің.
Он екіні күтпедім кірпік қақпай,
Шарқ ұрмадым өзіңе сыйлық таппай.
Кездесуді болмайтын ойламадым,
Мейлі болды маған, таң қалса да атпай.

Бүгін сенің туған күнің.
Деніңе де саулықты тілемеймін,
Қуан, жыла, жабырқа, күлме,... мейлің.
Саған да бір бұйырған бақыт болса,
Бар тілерім: "бақытты бол, Күн"- деймін.

Бүгін сенің туған күнің.
Кәрілік те саған еш жетпейтіндей,
Ажарыңнан базарың кетпейтіндей.
Бүгін, міне, тағы бір жылға есейдің,
Жүргеніңде, жастық шақ өтпейтіндей.

Бүгін сенің туған күнің.
Құттықтауда ата-анаң, бауырлар,
Көрсетпесін өмір де дауылдарын (!),
Сен біреудің көз жасы болғаныңмен...
Саған өмір төкпесін жауындарын (!).

Бүгін сенің туған күнің.
Жаныңда өзге... Оянғанда ақ таңда,
Туған күнді менсіз қарсы ап жатқанда.
Қанша өкпелі болсам-дағы, ұмытпа,
Тілекшіңді...
Түн көрпеңді жапқанда...

Бүгін сенің туған күнің...
Әлі талай-талай жасқа толарсың...
Ал менікін ұмытып та қаларсың.
Ештеңе етпес, бір күндері естіп сен,
Мен өлген күн - мені есіңе аларсың...
Бүгін сенің туған күнің...
/тамыз, 2014/

Самала кеп сипағанда шашымды,
Жабырқатпай, тірейді үміт қасымды.
Сен жақтан бір хабар болып қалар деп,
Сағынышқа жастай тұрам басымды.

Нөсерінен төккен кезде көк аспан,
Өн бойымнан жамандық та шет қашқан.
Себебі, бұл мендегі жан біледі,
Күн шығарын нөсерден соң нұр шашқан.

Құйындатса дауылы егер өмірдің,
Ей, үмітім, неге...неге сөгілдің?
Білмеуші ме ең, дауыл кейде өзімен,
Алып келед(і) қалауын бұл көңілдің.

Нажағайы ойнағанда аспанның,
Ей, Сенімім, сен тек шетке қашпағын.
Үкілеген үміт сөнбей тұрғанда,
Сезім, сен де мұң алаңын баспағын.

Тек уақытқа жүгінейік бәріміз,
Жүрек, сонда кірер Сіздің әріңіз.
Үміттеніп ертеңгі атар күндерден,
Сенім атты егейікші дәрі біз...
Бақытты әркез болайықшы бәріміз...
/09.2014/

Сүгіреттер google.ru-дан



Бөлісу: