"Алтын қалам"! Аты дардай... ал, сахна сыртында көз жасы...

"Алтын қалам"! Аты дардай... ал, сахна сыртында көз жасы...
жеке
блог

         Аты дардай, уәде нардай, ісі қардай... әдемі жауып келіп, еріп кеткендей...

        «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген қазақ сөзі енді «шақырған жерге бармас бұрын, ойлан» дегенмен алмасқаны жөн секілді.

           Қазіргі кезеңде, иә, дәл қазіргі қазақ тілінің «аяқ-қолы дірілдеп» тұрған дәуірінде қазақ тілін, қазақ әдебиетін қолдау, жандандыру, дәрежесін көтеру, асқақтату, «аспандату» барысында, жолында жүрегі қазақ деп соққан, көкірек көзі ояу әрбір қазақ өз шама-шарқына, мүмкіндіктеріне қарай аянбай еңбек етуде. Сөзсіз, бұл құптарлық, үлгі аларлық істерден болса керек. Алайда, қазіргі кезде қарасы көбейген шығармашылық байқаулардың қаншалықты әділ өтіп, нәтижесі қандай болып жатқандығы біреуге аян, біреуге жоқ. Тіпті ауыз толтырып айтқан әу бастағы мақсаттарына қаншалықты жетіп жатқандықтарын сол байқауларды ұйымдастырушылардан сұрап көрсе де артық болмас.

        Айтпағым бұл емес. Байқаулар, бәйге, мүшәйралар көбейсін! Қазақ әдебиетін, тілін тамырына су құйып, күтіп, баптап тұру қажет! Иә, мен қос қолымды көтеріп келісемін бұған! Дегенмен, ұйымдастырушылар әуелі барлығын бүге-шігесіне дейін ойластырып, ұқыпты түрде, әділ әрі ешкім ренжімейтіндей, ақыр соңында діттеген мақсаттарына жететіндей дәрежеде өткізсе деген тілек менде. Менің әлі де көп нәрсеге ақыл-ойым, санам жетпейтін шығар, бірақ адамдық, әділдік, көңіл, шындық, талант дегендерді бала кезден-ақ біліп өскендерден едім. Менің бар қалайтыным – адамның көңілін қалдырып, жүрегін ауыртып, сенімінен айырылып қалмау, үмітін сөндірмеу...

      «Жас ақындар мен жазушыларды қанаттандырған республикалық «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауы өз мәресiне жеттi. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 қыркүйек күні сағат: 19:00 де  Ықылас Дүкенұлы атындағы Республикалық музыка аспаптар мұражайында өтті. GSM Қазақстан/Kcell, Samsung  ұялы байланыс операторының және «Казкомерцбанк» ұлттық банкінің демеушiлiгiмен ұйымдастырылған байқауда қатысушылар:

«Жылдың ең үздік поэзиясы»

«Жылдың ең үздік прозасы»

«Жылдың ең үздік драматургиясы»

«Жылдың ең үздік балалар шығармасы»

«Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» номинациялары бойынша  өзара сынға түстi» деп басталатын ақпаратты ендігі ғаламтордан бас алмайтын көпшілік оқып та, тоқып алған болар. «Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауы  2010 жылдың мамыр айынан бастап өткізіліп келеді. Дарынды қаламгерлерді қолдайтын «Алтын қалам» байқауы – Қуат Домбай, Досым Сатпаев, Расул Жұмалы, Ербол Жұмағұлов, Айдос Сарым және Кенже Жұманұлы сияқты қоғамның әр саласында өзiндiк қолтаңбасын қалдырып жүрген азаматтардың идеясы. Кез келген адам танымалдылығына, кәсіби дайындығына, шығармашылық одақтардағы мүшелігіне, мекенжайына және т.б жағдайларға қарамастан, жүлдеге қатысуға құқылы. Әдеби байқаудың негiзгi мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды дамыта отырып, жас таланттарды халыққа кеңiнен таныстыру.» деп жалғасын тапқан ақпарат бойынша мендегі туындағаны «ұйымдастырушылар мақсаттарына жетті ме, осыған деін жетіпті ме?! деген сұрақ қана.  «Жүлдеге жолданған шығармалардың барлығы  «Әдебиет порталында» жарияланды. Оқырмандар әрбір қатысушының шығармалары жарияланған парақшасын ашып, конкурс материалдарымен танысып, дауыс берді.» Дәл осы жеріне келгенде «қаншалықты әділ байқау?» деген сауал келді басыма.

«Сонымен жеңімпаздардың тұғырынан мына шығармалар оқ бойы озып шыққандар, «Жылдың ең үздік поэзиясы» - «Жол» өлеңі, Оразбек Сапархан, «Жылдың ең үздік прозасы» -  «Мұңлық» әңгімесі, Сәкен Сыбанбай, «Жылдың ең үздік драматургиясы»Ақылбек Шаяхметтің «Завещание Ибраясы» , «Жылдың ең үздік балалар шығармасы» -  Ботакөз Жалмағанбетова «Киіз үй» туындысы, «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» ақын Есенғали Раушанов үздiктердiң үздiгi атанды.» Жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймын! Шығармашылық табыстар тілеймін! Әпкем балалар әдебиеті бойынша қатысқандықтан,  бұл номинацияда Семейден келген ұстаз Ботакөз апайдың өте әдемі жазылған "Киіз үйінің" поэзия, яғни өлең екенін көріп,  балалар әдебиеті тек өлең түрінде ғана ма деп ойлап қалдым. Сонда әпкемнің балаларға арнап жазған үш шығармасы: ертегілері мен әңгімесі балалар әдебиетіне жатпай ма? Онда біз мұнда не істеп жүрміз?...

«Қаламгерлердің еңбегі осындай жоғары марапатқа лайық деп танылды. Әдебиет тарихының тағы бір парағына жазылған есімдерді біз де құттықтаймыз.» (http://adebiportal.kz/news/altyn-alam-t-uels-z-debi-bay-auy-m-rege-zhett/)-  деп қазіргі кезде қарыштап қадам аттап, құлаштап тірлік қылып жатқан әдебиет порталы ақпарат берді. Әлбетте, ең бірінші болып мұндай ақпаратты осы портал жеткізуі керек. Себебі, аталған байқаудың шығармаларын бағалау дәл осы Әдебиет порталы арқылы жүзеге асты.

«Құрметті, қатысушылар

Сіздерді "Алтын Қалам - 2014" әдеби жүлдесінің "Жылдың үздік балалар шығармасы" номинациясында номинант аталуларыңызбен құттықтаймыз және де салтанатты марапаттау кешіне шақырамыз. Құрметпен, "Алтын Қалам" ұйымдастыру комитеті» деп поштасына төмендегі арнайы шақыртуын жіберген мекен-жайға баратынын растап, өзімен бірге тағы бір адам барса бола ма деп те сұраған әпкем қуанышты хабармен менімен бөлісті.

6Екеуміз де мәзбіз! Әрине, қалай қуанбайсың мұндайға! Аталмыш хаттың бар болғаны үш адамға жіберілгенін көрген әпкем, тым құрығанда үшінші орын алсам да, шүкір деп Алматыға ауылдан келетінін айтты. Мен де қуанып, қолтығына су сеуіп, қанатына жел үрлеп, «Кел! Бірге барамыз!» - дедім. Сөйтіп, екі қызын атасына тастап, жездемді әурелеп, балабақшаға баратын екі ұлды тәрбиешіден сұрап алып, олар жолды көтере алмай құсып, әпкем оларды ұрсып, жеті айлық баласын құшақтап әйтеуір жетті-ау ауылдан. "Келетіңізді растаңыз десе, демек орын санаулы және кіл игі жақсылар жиналатын болғаны ғой" деп ойлап, қалаға келген бойда әпкем үш баласын жетектеп базар аралап кетті. Көйлегін ала сала, ешбір туыстың үйіне аялдамастан, кездестік те, бірден мұражайға тарттық.

         Сыртынан бақылап, БАҚ, телеарна адамдарын, журналисттерді, шырттай киінгендерді көріп, біраз толқыдық. Тіпті кірмей-ақ қоялық деп те ойладық. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ақыры келген соң, ішке ендік. Марапаттау өтетін залға кірсек, тек есімін естіп, не телеарналардан ғана көретін Шәкен Күмісбай ата, Ермек Тұрсынов аға, Аружан Саин апай, Жарылқап Қалыбай ағаны, Кенже Жұманұлы ағаны және тағысын тағы қазақтың беткеұстар, үлгілі азаматтарын көрдік. Көрдік те, қуандық.

         18 минуттан кейін басталатынын ескерткен поштадан хат жіберген қыздың айтқанынан кейін шақыртуда айтылған уақыттан жарты сағат кешігіп, басталды. Әуелгі сөзді алған Кенже Жұманұлы айтулы байқаудың біткенін, барлық қатысушыға сәттілік тілейтінін айта келе, жас ерекшелігін шектемеген байқауға қатысқан ең қарт 85 жастағы апаны және ең жас деп 16 жасар қызды сахна төріне шақырды. Әпкем көрсін, қатысушы автор сол ғой деп, мен баласын алып сырт жақта жүргендіктен, нақты есімдерін естімей қалдым. Бір кіріп, бір шығып, ара-арасында көріп жүргенде байқағаным, әлгі ең қарт және ең жас қатысушыға Қазком театрға арналған  екі адамдық билет болды. Иә, екі адамға арналған билет! Не деген сыйлық десеңші! «Тұран» ансамблі өнер көрсеткен кешке әлгі қарт әжеміздің келгеніне мың алғыс. Ал, билет деген – нағыз жомарттық емес пе! Тек 300 теңгелік балконның бірер орнына болмаса деп тіледім. Сөйтіп, әр номинация бойынша жеңімпаздар жоғарыда аталған танымал адамдардың қолынан жеңімпаз екендігін растайтын марапаттау қағазы мен сыйлықтарын алып, орындарына жайғасып жатты. Ал, мен әпкемнің баласымен арлы-терлі жүріп, әпкемнің тым құрығанда қатысқанын растайтын сертификат алар сәтін сүгіретке түсіріп алмақ болып жүрмін. Арасында  «Тұран» ансамблі өнер көрсеткен кеш кенеттен бітті де қалды. Көп адам ешнәрсе ұқпай қалғаны жүздерінен байқалып тұрды. Әр номинация бойынша бір адам жүлдегер атанды. Сөзсіз солай болады. Ал сонда арнайы шақыртуымен келген номинанаттар ше? Олар сонда адам санын көбейту үшін келді ме? Жеңімпаздардың сахнаға шыққанда сөз сөйлеп, алғыс білдіріп жатқандарын көріп, әпкеме сөз дайындай отыр деп айтайын деп сыртқа шақырсам, әпкемнің көзі қызарып кеткен. Себебі, марапаттау аяқталды. Ауылдан ат ерттеп келген әпкем тек адам санын көбейтіп, әдемі ақпарат жеткізілген кештің бір мүшесі ғана болыпты. Ашуланып кеттім де, Қуат Домбай ағадан «бітті ме?» деп сұрадым. "Иә" деген жауапты алған бетте, айтар сөзіміз табыла кетті. «Қызықсыздар Сіздер. Сонда қалған номинаттар не үшін келді? Не үшін шақырдыңыздар? Мақсаты не еді? Жәрайды, жеңімпаз болмасын, сыйлық та, диплом да керек емес. Тек тым құрығанда қатысты деген 50 теңгелік қағаз табылмай қалды ма? Демеушілеріңізден құлақ шулайды. Ал, арнайы номинант деп шақырып алып, бұлай істегендеріңіз не? Сонда біз екі сағат, баламен не үшін отырдық. Иә, жеңімпаздарға қуаныштымыз. Олардың шығармалары лайықты жеңіске. Бірақ біз жеңісті де сұрамадық, шақырту да сұрамадық. Бірақ шақырған соң, қалмай келдік емес пе?»... айтып жатырмыз әпкем екеуміз екіжақтан, айтып жатырмыз. Поштамен хат жолдаған қыз «біз ол жерге номинант деп жаздық» дейді. «Номинант деген үміткер, әлі жеңімпаз белгісіз деген сөз ғой. Біз білмесек, анықтамасын қоса жібермедіңіз бе? Жеңімпаз алдын ала белгілі болыпты, ал, сонда біздің келудегі мақсатымыз не болды?» дедік. Қуат аға да, ұйымдастырушы қыз да бас изеп тұрды да, қалды. Сол мезет жанымызға әдемі смокинг киіп, галстугын тағынып келген ағай қосылды. Ол кісі де жаңа ғана Шымкенттен пойыздан түскенін, кешігіп қалмасам екен деп алаңдап келгенін, Шымкенттен ата-анасы, жұбайы, балалары зор қуанышпен шығарып салғандарын айтып жеткізді. Бұл кісіні де дәл біз сияқты шақырған да, ешнәрсе деместен, кешті аяқтай салған. Ол ағай тек Шымкенттен емес, Тараз, Астана қалаларынан арнайы шақыртумен келген қатысушылардың да залда болғанын, отырғанын айтып, наласын төгіп кеп жіберді. Мұндай аты жер жарар, ісі мардымсыз байқаудың адам көңіліне қарадай дақ қалдырарын білмеген ол кісі, біз де. Көзілдірікті ағамыз Қуат ағаға өз өкпесін айтып, енді ата-анасына, балаларына не деп барамын деген өкінішін де жеткізді...

         Біз жәрайды Алматыдан үш сағаттық жерден келдік. Ал, басқа қалалардан келгендер ше? Не деген  сұмдық! Не деген сараңдық! Не деген... Шыны керек, айтарға сөзім жоқ! Бұлай болмайды ғой! Ол ағай да жеңімпаздың дипломын сұрап тұрған жоқ. Тек бар болғаны қатысқанымды растайтын, рас осы кеште болғанымды дәлелдейтін қағаз беріңіздерші деді. «Пошталарыңызға жібереміз» дейді қарсы жақ. «Енді ол керек емес. Сұрап алғаннан не хайыр» дедік бірауыздан...

         Иә, білемін, қазір 31 телеарна және тағы басқа да телеарналар мен БАҚ бұл байқаудың мәртебесін аспандатып, ауыз толтырып жазып та, айтып та тастады. Алайда, шынтуайтында қалай болып, адам санын көбейтіп қана қайтқан номинаттар қандай күйде қайтқаны ешкімге де қызық емес, ешкімге де маңызды емес. Біз, жәрайды, біраз жасқа келдік. Ал, дәл сол залда отырған мектеп жасындағы екі баланы ойласам, жүрегім ауырады. Алғаш кіргенде мектеп жасындағы екі ұл баланың шырттай киініп, тіпті  шаштарына дейін әдемілеп, мәз болып отырғандарын көзім шалған еді. Сол екеуді ойласам...

         Қазақ тілін, қазақ әдебиетін қолдаймыз, «мақсатымыз - еліміздің жас жазушыларын таныту, қазақстандық жазушылардың қатысуымен әдеби кештер мен мастер-класстарды ұйымдастыру, заманауи қазақстандық әдебиеттің базасын қалыптастыру және басып шығару» деген конкурс дәл осылай жастардың жігерін шаншып, көңілін қалдырып, шабыттарын жердей таптап, жүректерін ауыртса, мақсаттарына жете ме екен? Осындай байқаудан кейін қалайша жазасың, қалайша оқисың, қалайша қатысасың басқа байқауларға, қалайша қазақ тілінің дамуына үлес қосасың, үлгі аларлық аға-әпкелер осылай істеп жатса. Жас деп елеп, көңіл бөліп, иілмесе, жастардан қалай ғана патриот, Отансүйгіш ұрпақ шығарамыз. Сөз басқа да, іс басқа...

             "Жұлдыздар отбасы" мен "Адам аңыздың" өткеееен жылдардағы сандарынан жасалған топтама мен "Алтын қалам" байқауының 2010 жылғы жинағын алып, қайттық. Ал, мынау сол жинақтың мұқабасы.

аппр

           Иә, мазмұны құнды-ақ. Айтулы танымал жазушылар мен ақындардың үздік шығармалары енген. Алайда, дәл осындай мұқабасы бар кітап қалайша жастарды тәрбиелемек, қалайша адамды өзіне тартпақ, қалайша мақсатына жетпек? Адамды да әуелі киіміне қарап қарсы алады емес пе? "Қалай болғанда да қаржыны шашып-төккен" деген тіркесті мұқабадан Сіздер де оқи алған боларсыз? Өзі-ақ айтып тұр ма бәрін? Мысалы, мен мынандай кітапты сатып алмас ем. Тіпті қызығып ашып, көрмес те ем. Кейінгі жылдардағы кітаптарынан хабарым жоқ, көрмедім. Ал, мынау жеткілікті. Марапаттаудың кешіне әдемі қорытынды болды...

             Қаншалықты "МӘРТЕБЕЛІ МЕЙМАН" болып қайтқанымызды ұққан боларсыздар... Жеті айлық баланы алып, сағат түнгі тоғыздан кете, таксимен үйге қайттық. Кеш ұзаққа созылғандықтан, жездеміз күтпеді бізді. Себебі, балабақша жасындағы екі баланы екі сағат көлікте қамап ұстау да оңай емес...

         Білмеймін, асыра айтсам, айып етпессіздер. Бірақ айту басқа, оны сезіну, бастан кешіру тіпті де ауыр. Мен ол байқауға қатыспаған күннің өзінде қатысушылар үшін, олардың жәудіреген көздері, үміттері үшін жүрегім ауырып, тіпті ұйымдастырушыларды ұрып тастауға шақ қалғанымда, қатысушылар қандай күйде болды екен десеңізші!!! Бұлай болмайды ғой, Ағалар, болмайды...

         «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады»... әпкемнің бар айтқаны осы болды... Рас, адам көңілі қалса, оны қайта қайтара алмайсың. Ол адам қайтқанымен, дәл сол сенім, дәл сол құлшыныс, дәл сол сыйластық, дәл сол ерік-жігер, дәл сол жүрек қалмайды...