Әзірет Әлінің қылышы

Әзірет Әлінің қылышы
жеке
блог

1983 жылдың көктемі. Бетпақдалада төлдеуде отырған аға шопан Данияров Мэлстің отарына сақпаншы болып бардым.

         Сол жылғы қиыншылық ерекше болды. Жаңбыр жоқ. Жер көктемеді. Бетпақдаланың төзімді өсімдігі баялыштың өзі сәуірдің ортасында қурай бастады. Малдың тоқтауы қиын. Жерде өт жоқ, шаңы шығып жатыр. Бұрынғы жылдары сақпанға барғанымызда түсте қозылы саулықтарды ауыл маңына тастап, асықпай тамақтанып, асықпай өргізетін едік. Ол жағдай жоқ. Аққұдық деген жердеміз. Таңертең қойды құдықтан суарып шығып, кешке дейін далада болып, бірақ ораламын. Өріске шай, шәйнек апарып тастағанмын. Күнделікті суды, шай жемін өзім ала шығамын. Сағат 2-3 кезінде ең биік жерге шығып, қурай бастаған баялышты тепкілеп жіберіп, от жағып, бір литрдей шай қайнатып ішуге зорға үлгеремін, қой тым-тырағай ұзап кетеді.

         Шайдан кейін нан-панның қоқымын тастайтын құмырсқаның илеуін іздесем, түк жоқ. Илеудің бәрі босап қалған, қыбыр еткен құмырсқа білінбейді. «Бұлар жерге шөп шықпайтынын біліп, күні бұрын ауып кеткен» деген ойға қалдым.

         29 сәуір күні кешке қарай батыс жақтан бір шамалы ғана қара бұлт шығып, күн күркіреп, шаңдатып, дауылдатып барып, сәл бүркіп өте шықты. Күркірі мен дауыл желі күшті болғанмен, жаңбыры мардымсыз, әр жерде бір тамшы ғана.

         Ертеңіне өріске барсам, құмырсқаның илеулері тым-тырағай тіршілік. Майлап қойғандай, жып-жылтыр қара құмырсқалар кіріп-шығып, інді аршуға қызу кірісіп кетіпті. Даланың ажары кіріп қалғандай. Әлгілерге қарап Апамның (үлкен шешем) бір есіме түсті. Ол кісі айтар еді.

– Сәуірде күн күркірегенде Әзірет Әлі қылышын сермейді. Содан кейін жер астында тірі нәрсе қалмайды» – деп. 

    Әрине Әзірет Әліден бұрын да, кейін де күн күркіреп, тіршілік болып жатты ғой. Бірақ күннің күркіреуі мен құмырсқаның жер астынан жаппай шығуының арасында бір табиғи байланыс бар-ау. Негізі табиғаттың, жан-жануарлардың қыр-сырын далада көп жүретін малшылар қалада кітаптан оқып ғалым болғандардан әлдеқайда артық біледі-ау. Тек оның бәрі бірдей көрген жағдайларды зерделеп, ерекше бір құбылыстарға мән беріп, хатқа түсіре бермейді. (атамның жазбасынан)