Тұз қадалған қамыр

Тұз қадалған қамыр
жеке
блог


Ол кездері жасым 10-11 шамасында. Өзі бір қиын-қыстау уақыт болатын. Әкем жұмыссыз қалып, Мерке тауының баурайында жүгері егіп, соны сатып күнелттік. Әкем екеуміз күні бойы жүгеріні суарып, кешкісін мен қолдан келгенінше тамақ жасап беріп жүрдім. Қанша дәмсіз жасасам да әкем «тамсанып» (амалсыз) ішіп алатын еді. Палаткадан жасап алған күркеміз қатты дауылдың салдарынан қирап қалып, амалсыз көршілердің киіз үйін паналап отырдық.Ол үйдің отанасы сырқаттанып орталық ауруханаға жатып қалған екен. Әйелсіз қалған үйдің жайы белгілі, іші астан-кестені шығып жатыр екен. Өзімше қыз болып реттеп жинастырып жүрдім.
Үйде сомадай-сомадай үш жігіт пен әкесі бір ақ мезетте кішкентай қозыны парша-паршасын шығарып сойып, түгелдей дерлік үлкен қазанға салып бұрқылдата қайната бастады. Көптен бері дәмді тамақ жемеген менің бұрқылдап жатқан жас еттің иісі танауымды жарып бара жатты. Бір жарым екі сағат бойы күтіп отырғанға тағатым жетпейтін тәрізді, құры отырғанша тезек теріп келейін деп шығып кеттім.
Жарты сағат өтпестен жаңағы қазанның ішіндегі былпылдаған ет көз алдыма елестеп, ішек қарынымды шұрылдатты дерсің бір. Жарты қап тезекті қанағат етіп киіз үйге қайта оралдым. Жақындай бере әкелерінің айқайын естіп ерте келгеніме қысылып қалдым. Шешінген судан тайынбас деген, киіз үйге кірдім де бір бұрышына барып отырдым. Сөйтсем ең үлкен ұлы Аманбек нан жайып жатыр екен. Дәл сондай жайылған нанды ең бірінші көруім (ең соңғысы болар деп үміттенем). Қамыры тоқаштың қамырынан да жұмсақ. Былайша айтқанда Алла кесір қылмасын «былжырап» қалған қамыр. Оны өзінше оқтауға салып жайып жатыр. Арасына не ұн сеппеген. Қамырдың тең жартысы оқтаймен бірге. Оқтайына жабысқан қамырды өзінше жұлып жұлып қайта қамырға қосып қояды. Беті аузы қамыр, жердің бәрі ұн. Басына анасының орамалын қисайтып тағып алған)). Ананың түріне қарап күлкім келеді. Күйлейін десем әкесі бұрқылдап ұрсып отырғасын, қымсындым. Осы жасқа келіп қамыр жайып көрмеппін, алайда анамыздың жайып жүрген қамырын көріп өскен, маған ана жігіттің қамыры қызық болып кетті. Әкесі бұрқылдап-бұрқылдап тысқа шығып кетіп еді, Аманбек маған қарап
-Әй, қамырға не қосатын еді тағы?-деді
Мен:
-Ұн, су, тұз... дей беріп едім, қамыр қолымен өзінің басынан тоқ еткізді.
-Тұз... тұз ұмыттым, анау үстелде тұз тұр, әкел деді.
Қайта қамыр илемекші деп ойладым да тұзды әкелдім. Хехе армандапсың жаңа қамырды... тұзды бір түйірден қамырдың әр жеріне қыстыра бастады. Енді басқа шыдай алатын емеспін. Дәу быттиған қолымен майда майда тұзды өзінше бір түйірден ғана қысып алып, әр жеріне қадағанда... Тысқа қарай жүгіріп шығып әбден күлдім. Қайта киіз үйге кірім «мен илеп көрейін» деп ұсынып ем, жігіт намыстанып, бірден бас тартты. Ет піскен соң қамырды бауырсақтың қамыры құсатып кесек кесек етіп сорпаға тастадық. Қамырдың шикілігіне қарамастан еркектер «соғып» жатыр. Мен тек сорпа мен ет жей алдым. Кесірленгенім емес, қамырдан шыққан ашытқының дәмі үшін. Сөйтсем ашытқы қосқан екен. Бәсе дим да, ана қамырдың томпайғанынан корқып едім.