Жаңа туысқан

Туған жерге туың тік!

Халықтың көші-қоны туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 1-ші бабында: "Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы Заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары" деп анықтама берілген екен.

Осы бір, "оралман" атауы, "оралман" сөзінің ел ішінде орынды реніш тудырып жүргені жайында көп айтылып та, жазылып та жүр. "Оралман" сөзінің құлаққа түрпідей тиіп, жағымсыз естілетіндігін былай қойғанда жігерді жасытып, мұқатып, қорлау, сүйекке таңба дәрежесіне дейін жеткені намысты әрбір жанды бей-жай қалдырмаса керек. Шын мәнісінде бұл термин ел мен елді біріктіру, сіңістірудің орнына жікті ажыратып, аз қазақты алакөз етіп тынды. Оралман атауын академик, ғалымдарымыз арасында "қалыптасқан норма" деңгейіне жатқызатындары да бар [Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы. - Астана: Елорда, 2001]. Десек те, балама ретінде әр түрлі сөз нұсқалары (мәселен, отандас (отандастар), қандас (қандастар)) ұсынылғанымен, көпшілік арасынан қолдау таппады. Меніңше, бұл сөз - жәй, бұқара халықты былай қойғанда Елбасының өзіне де аса ұнай қоймайтын сыңайлы. Енді ше, бар қазақты біріктіре алмай отырғанда ел ішінің ала тайдай бүлініп жатқаны кімге ұнай қойсын?. Ал, енді егемендік алғанымызға неше жыл өтсе де тығырықтан шығудың айқын жолы көрсетілмеуі ойландырарлық-ақ мәселе. Мәселенің күрделілігі сол, жаңадан сөз тудыру, термин жасауға ұмтылушылық мәселені бір жақты шешпейтіндігін көрсетіп отыр. Бір халық болып есептелгенмен әр түрлі орта, әр түрлі жүйе, әр түрлі мемлекетте өсіп-өнген қазақтарды біріктірудің сара жолы меніңше, түпкі ділде жатқан тәрізді. Ендеше, сөз қайнары, сөз төркінін де біз ертеректе ұстанған ата-баба жолынан іздеуіміз шүбә тудырмаса керек. Осы жерде мен, Бауыржан батырдың ертеректе жазылған мына бір естелік әңгімесінен үзіндіні назарларыңызға ұсынғалы отырмын:

...Қара жолдан үш сарт арба, бір топ аттылар көрінді. Атты топтан:

- Сүйінші! Сүйінші! - деп айғай салып үш жігіт ауылға құйындата шауып келді. Дәуренбай атам, көзі жыламсырап, қол-аяғы дірілдеп, қызыл түлкі терісін ұсынды, менің әкем жарты уыс майда күміс деньги (біздің елдің тілінде теңге дейді) ұсынды, басқалары да у-шуласып:

- Жаңа туысқандар келді. Жаңа туысқандар келді! - деп жүгіріп жүр.

Ауыл адамдары қарсы алуға жүрді... Жақындағанда бір шоқша сақалды шал атынан ырғып түсіп, жүгіріп келіп, алда келе жатқан Дәуренбай атамның алдына:

- Аруақ! Аруақ! - деп етпетінен түсіп жығылды.

У-шу, ығы-жығы, бұрын бейтаныс кісілер көрісіп, құшақтасып, дауыстап жылап-сықтасып, опыр-опыр араласып кетті...

"- Өлген тіріледі дегенге сенесің бе? Момыш?", "- Сен десеңіз, сенейін..." деген жұмбақ шешімі осыдан басталды, - деп, екі нүкте қоя тұрайын.

Әлдеқашан ұмытылған Қабаш тіріліп елге, өзі қарабет болып қуылған ататегі, атақонысына қайтты: оның баласы алпыстан әлдеқашан асқан Бапыш, немерелері: Ыстықұл (баяғы торқасқа атты), шөберелері: Айнаш, Оспан, Әмір, Әлия, бұларға қосымша (орысша айтқанда, как приложение к ним) Бапыштың кемпірі мен екі келіндері.

Қабаш тіріліп қайтты дедік қой. Неге олай дедік. Енді соған тоқталық...

Қабаш жиырма бесінде кеткен екен, ал оның тұңғыш белбаласы Бапыш алпыстағы кезінде біздің ауылды бірінші рет көріп отыр. Демек, Қабаш ауылдан қуылғалы алпыс үш - алпыс төрт жыл арада екен. Олар келген жылы менің әкем алпыстың бесінде болатын. Дәуренбай атам шамамда жетпістің бесеуінен асқан шығар, демек, Дәуренбай Қабашты он бір - он екі жасында көрген деп ойлаймын.

Қабаш, Ташкентке жақын Шыршық өзенінің жағасына барып бір-ақ тоқтайды. Ондағы бір орта диқан шаруаның үйіне жалданып, жалшы болады. Күріш, жоңышқа, бау-бақша, мақта суғарып, дақыл салуға үйренеді. Кірпіш құю, үй тұрғызу, қамыс-қоғадан циновкалар тоқу, аяқ киім жамау сияқты өнерлерден де шет жағасынан хабар алып, машықтана бастайды. Қолынан іс келетін икемді жігіттердің қатарына ілінеді. Иесін, "Ләпбай!" деп қол-қусыра тыңдап, "Құп, болады!" деп шегіне ізетпен қайрылып, айтқандарын бұлжытпай орындап жүреді... Қысқасы, сол үйдің бір адамы болып сіңіп кетеді... Екі жылдан кейін кіші кенайымды... Қолтығына қыстырып, ізіне су құйып, жоқ болып кетеді...

Бапыш, сыр бойындағы, ауған шекарасындағы Термез қаласының маңындағы өзбек ауылында туады. Ауылында дейтініміз, ол аумақтағы таза өзбектердің көбі көшпелі ел келеді. Бапыш жетіге жеткенде Самарқанның салқын тауларының бөктеріне қоныс аударады...

- Я, балам. Біз, Құлый деген ел боламыз... Атамекеніміз Алатаудың Ақсай, Көксай деген бөктерлердің етегіндегі Мыңбұлақ атанатын Жайсаң, Көгілдір жер болады. Жазы салқын, қысы қатты болады... Құлыйлардың ішінде біз Үсен деген тарауына жатамыз. Үсен болса, Өтеулі, Батырбек, Әжі ұрпақтарына бөлінеді. Біз болсақ Өтеуліденбіз. Менің ағам, Бабас дейтін кісі болған. Менен бір мүшелі үлкен еді... Мен, ағайынмен ренжісіп, жиырма бес жасымда осы жаққа ауып кеткенмін... Ал, сендер менің бетімді жауып, асымды бергеннен кейін сол елді тауып, үйірлеріңе қосылу жағын ойлаңдар, - деп қарт Қабаш кәлимеге тілі зордан келіп, жан тәсіл етіпті...

"- Ол кезде менің кішкене бала кезім. Неге ренжіскендерін мен қайдан білейін", - дейді, Дәуренбай. "- Менің ол кезде тумаған кезім. Ағайын арасында бола береді ғой. Бапеке, ол жағын қазбалай беріп қайтесіз... Құдайға шүкір, үйіріңізге бала-шаға, немерелеріңізбен топтана қосылып отырсыз...", - депті, менің әкем.

"- Әйтеуір, маған бір жұмбақ", - деп, Бапыш терең күрсініпті. Жаңа туысқандар ұқыпты, еңбекқорлар екен, біздің ауылға тез сіңіп кетті. Ыстықұл ауылсовет, аудандық совет қатысып, ауылдағы белгілі активтердің қатарында болып жүрді. Оның Оспан деген баласы менімен түйдей жасты еді. Бірге өстік. Әбдеш те болса өз қатарынан қалып көрген емес...

"Жаңа туысқан" деген жанама ат бір-екі жылда ұмытылды [Батамен бағың ашылсын. - Шымкент: Ордабасы, 2011].

Міне, төл тарихымыз, көне дәстүрлеріміз осылай дейді. Ал, бұған Сіз не дейсіз? Егер, көңіліңізге қонып, сеніміңізді орнықтырса ел болып, халық болып қолдап, осы бір атауға тоқталғанымыз, ғылыми айналымға ендіріп, заңдық тұрғыда бекіттіргеніміз жөн болар.

Іске сәт, ағайын!

 

Құрметпен, Бигелді Темір



Бөлісу: