Мен әлі жарқ етемін. Ант етемін!

Тағы бір жаз өтті. 

Уақыт та келіп жетті. Оралатын. Алматыға. "АЛМАТЫМА".

Алматыға алғаш рет  "арман қуып"  барғанымда өзімді жігерлендіріп, алар асуымның алда екеніне, мені көп жетістіктер, жеңістер күтіп тұрғанына сеніп, үлкендердің ақ батасын алып  аттанғанмын. Шүкір. Ойдағының біразы іске асты да. 

Осы жолы да өзіме  озат студент боламын, түрлі мүмкіндіктерді жіберіп алмаймын, бәріне үлгеремін, бос уақыт өткізбеймін, үнемі өз-өзімді дамытамын, өзіме пайдалы, ұнамды іспен айналысамын, студенттік шақты естен кетпестей етіп өткіземін дегендей мақсат қойып аттанғалы жатырмын. 

Осы сәттерде маған атамның, ағаларымның айтқан сөздері ерекше әсер беретін сияқты. "Сергек бол!" "Мықты бол!" дейтін бір ауыз сөздерінің өзі маған күш береді, "Вечеринкаларға бармай-ақ қойған дұрыс, абай бол" дегендері әлденеден сақтайтындай, "Шіли көзге көрініп, үнемі алда болған да дұрыс емес, көз тиеді" дейтін сөздері қорғайтындай көрінеді. Мені. Солай да шығар.

Кейде мен тым асығатындаймын. Көңілім толмайды. Өзіме. 18 жасымда нендей жетістікке жеттім осы? Ата-анамның, апа-атаның үмітін ақтап жүрмін бе? - дегендей ойлар жиі келеді.

Алайда, сол ойлар мені алға жетелейді. Жігер сыйлайды. Қайрайды да.  

Мен әлі-ақ өз дегеніме жетемін! Сенемін!

Осыларды айтып, өмірлік ұранға айналған мына сөздерді, Роза әпкемнің сөздерін ішімнен қайталай айтамын! 

Мен әлі тірілемін!
Бұрымды сілкіп тастап,
Өкініш парақтарын кеудемнен жыртып тастап,
Сол сәтте дұшпандарым, сесімнен үркіп қашпақ.
Мен әлі көрсетемін
Үміттің өлмейтінін
Бар жұлдыз сөнбейтінін,
Бір Аллам берген қуат, бұғауға көнбейтінін
МЕН ӘЛІ ЖАРҚ ЕТЕМІН.
АНТ ЕТЕМІН!!!



Бөлісу: