Сені ұмытып едім ғой...

Көңілің бар адамыңнан бас тартуың оңай болмағанымен, мен сезімімді ақылыма жеңдіріп едім ғой. Саған деген сезімімді жүрек түкпіріне қалдырып, сені ұмытып едім ғой. Олай болса, жұмыс кабинетіме кіріп келгеніңде неге, неге жүрегім «дір ете» қалды. Қанша уақыт өтіп кетті, сені көрмегелі, дауысыңды естімегелі... Әлде қалай жолымда кезіге қалсаң, сені танымай өтіп кетемін деуші ем. Ал сен ешнәрсе болмағандай алдыма келіп, қалымды сұрайсың. Неге мені танымай-ақ қоймадың? Сен кетіп қалған соң, жұмыс үстелімде жатырған қағаздарға шұқшия қарап, жылай бердім, жылай бердім. Сонда мен өзімді өзім алдап жүрмін бе? Сені әлі күнге сүйемін бе? Сені әлі күнге ұмыта алмағаным ба? Сені кешірмегенім бе? Жоқ, жо-жоқ... Сені кешірдім, өзің айтқан қасиеттер бойынан табылар аруыңды жолықтырып, онымен бақытты бол деп шығарып салып едім ғой, есіңдеме? Мені ренжіттің, қатты өкпеледім саған. Бірақ бәрін де кештім. Мені сүйе алмағаның үшін кінәлі емес едің ғой. Мен тек өзімді кешіре алмадым. Бәрін біле тұра сені сүйдім, сезіміме шек қоймадым. Өзімді-өзім сезіміме жеңдіріп бердім. Келмесіңді біле тұра күттім. Сенің сезімде тұрақсыз екеніңді білдім ғой. Саған ғашық қыздардың  көп екенін білдім ғой. Осының бәрін біле тұра  сені  құшақ жая қарсы алушы едім. Қателесіппін. Қателесуге қақымда бар. Өйткені бұрын соңды махаббат отына күйіп көргенім жоқ. Міне осы үшін, сені құлай сүйгенім үшін, бойымдағы тәкәппарлықты ұмыта, намысымды ұмыт қалдыра сені сүйгенім үшін өз-өзімді жек көріп кеттім. Бұл үшін мен өзімді ешқашан кешірмеймін. Кешірмеймін. Кейде менің енді біреуге ғашық болуға, біреудің сүйіктісі  болуға қақым да жоқ сияқты болып көрінеді. Бүгінгі жанарымнан тоқтаусыз шыққан көз жасы, өз-өзіме өкпелегенімнің көз жасы екен!         

Біреуді жеңуіңнен, өзіңді жеңуің. Өзгені кешіруден, өзіңді кешіруің қиын екен.



Бөлісу: