ЖҰРТТЫҢ ҚЫЗДАРЫ

ЖҰРТТЫҢ ҚЫЗДАРЫ
жеке
блог
ЖҰРТТЫҢ ҚЫЗДАРЫ...

Жалпы, «жұрттың баласы» деп басталатын сөздерді тек мен ғана естимін деп ойлайтымын. Жұрттың қыздары талай ұялтты, қызартты, алға жетеледі де, жігерлендірді де. «Осы жұрттың қыздары деген...» деп бастайын деп жатса болды ойша сол «керемет, мінсіз, бәрін білетін, пысық» жұрттың қызын елестетіп, іштей оған ұрысып «Неге сен сондай кереметсің осы, бірде-бір кемшілігің болмағаны ма? » — деп уәжімді де айтып алатынмын. Әсіресе анамыз бір үйге қонақтап барып, ол үйде сенімен жасты қыздары болса, «нотация» естуге өзіңді дайындай бер, сол баяғыша, дәстүрлі түрде айтылатын сөздерге жәйбарақат, эмоциясыз жауап беруге әзір бол.
Әй, бірақ бар ғой, сол «жұрттың қыздарына» рақмет айтпасқа болмайды, солардан қалмайық, бізбен де мақтанса екен деп тырыстық қой. Тырмыстық. «Жұрттың қызы тек бестікке оқиды» — десті. Оқыдық.«Сабағымен қатар бәріне үлгереді екен» — деді. Үлгердік. Үлгеруге тырыстық. "Жұрттың қызы ешқашан үлкеннің сөзін бөлмейді, кішілерге ізет білдіреді"- деп тағы айтты. Бөлмедік. Ізет білдірдік. 
Тіпті, сол «жұрттың қыздарының» кім екенін біле алмай да жүрдік, «Сонда „жұрттың қызы“ дегеніңіз кім?Кімге қарап бой түзейтіімізді біле жүрейікші» — дегенімізде бірде көрші Айжанды, бірде жиен Күнсұлуды, бірде «белгісіз» Айгүлді айтып, алдаңқырайтын. Сенетінбіз. Көнетінбіз. Сол уақыттардағы «мотиваторымыз»болыпты ғой, айналайындар! Рақмет, қыздар! «Жұрттың» қыздары )

Ең қызығы сол, бұл қыздарыңызға бірде байқаусызда құпиымды ашып, әңгіме арасында осы әңгіменің шет-жағасын айтпаймын ба ?!:
— ЕЕ, кішкентай кезімізде сен дейтін біздің маманың «кумирі» едің ғой. «Жұрттың қызы» деген біздің үйде кешкі шәйдің дәстүрлі бөлімі. Сен дейтін "ҚИТ" едің ғойй, нөмірі бірінші "ҚИТ" !
— Ішек сілесі қатып күледі. Әлгі «жұрттың қызы». Мен беее??? Мәәәссаған. Қызық-ай. Сенесің бе, ме саған дәл осыны айта алмай, айтуға бата алмайтынмын. Менің де мамам сендердікіне барса болды «Осы жұрттың қызы сондай… Жұрттың қызы ананы біледі, мынаны істейді » — деееп бастап келгенде сені көруді армандап, «Мен неге „жұрттың қызындай“ болмаймын деееп ренжуші ем ғой»…
— Хе-хе-хех… Бір- бірімізге қарап, бірімізді- біріміз желеп, жебеп, жігерлендіріп бойжеттік десеңші… Қызық-аааййй…

Иә, осылайша бұл «механизмнің» қалай жұмыс жасайтынын да білдік. Құпия ашылды. Мен де біреу үшін үлгі, стимул болыппын ғой… 

Бұл қаншалықты дұрыс немесе бұрыс болсын, сол қыздарға шын рақметімді айтамын. Жұрттың қыздарына!!! Рақмет, сендер ғажапсыңдар!