Кредитті неге жеккөруіміз керек?

Кредитті неге жеккөруіміз керек?
жеке
блог

Кеше ойда жоқта қолыма кітап ұстап едім. Соны сіздермен бөліскім келіп отыр. Әлемде тең-тең болып таралған «Нағыз миллионер» атты бестселлердің авторы Фаррах Грей жазған «Сіздің бай болуыңызға кедергі келтіретін 7 қате» кітабын парақтап шықтым. Сол жеті қателіктің маған бір ұнаған тарауы болды. Фаррахтың айтуынша, қарыз бен кредит жайлы біржақты жаман пікірде болмау керек екен.

 

Иә, қарыз бен кредит біздің ұғымда өте бір жаман қылық және басқа да ұғым-түсініктермен рұқсат етілмейді. Бірақ Фаррахтың ойы тіптен басқа. Ол да бұл капиталистік жүйені қолдай бермейтіні анық. Десе де адам өзінің қарыздары мен кредиттеріне басқалай көзқараспен қарау керектігін айтады. Ол қарызды екіге бөліп қарастырады. Біріншісі жаман қарыз да, екіншісі жақсы қарыз. Енді түсінгенім бойынша, екеуіне салмақтап тоқталып өтейін.

Біріншісі – «жаман қарыз». Бұл қарыз Фаррахтың дос қызында болады. Ол үйін ипотекаға алған, оның үстіне тағы да ақшалай кредиті бар. Өзіне ұнамайтын жұмыста істейді. Сол жұмысынан шығайын десе қарыздарын төлеу керек. Өмірінің соңына дейін ипотека төлеп, нашар жұмысында айналсоқтайды да жүреді. Өзінің ұнататын заңгерлік оқуы АҚШ-та қымбат. Жұмысында кейде заңгерлік, құқық саласы бойынша іс түскенде бұл алдына жан салмайды екен.

Осы мүмкіндіктерін көріп, біле тұрып қаржылай қақпанға түсіп қалған. Оның басқандай ойы да жоқ. Бір рет берілетін өмірін ол өзге біреулердің (банк) қалтасын толтыруға арнайды деген сөз.

Екіншісі «жақсы қарыз». Тағы да сол Фаррахтың таныс жігіті бірде жұмысынан кеш қайтып келіп, үйінде қарапайым қызылды-жасылды ойыншықтарды аяқ киімге жапсырып, қызықтап отырған қыздарын көреді. Оған сонда бір демде осы жобаны іске асырып көрсе қайтеді деген ой келеді. Қарапайым аяқ киімге жылтырақтарды жапсырып көрсе шын мәнінде әдемі екен. Сосын ол дереу үйінің жертөлесінде цех ашады. Әрине, бұл үшін оған қаржы қажет. Ол болса қаржыны түгелдей кредитке алады. Сөйтіп, нақты жоба-жоспарлармен ол нарыққа кереметтей аяқ киім әкеліп қосады. Бұдан кейін ол миллиондаған ақшасына бұл патентті сатады да жібереді. Сөйтіп, уақытында кредитінен құтылып, сосын өзіне де пайда көреді. Міне, бұл «жақсы қарыз».

Енді сараптайық. Екі образ да кредит алды. Бірі пассив табыс – үй, көлікке жұмсаса, екіншісі актив табыс – яғни пайда әкелетін өндіріске ақша жұмсайды. Екеуі де кредит алған. Бірі тұңғиыққа батты, екіншісі мол табысқа кенелді. Бұл өте бір қарапайым жол сияқты. Бірақ жеңіске жету үшін екінші образ да біраз тәуекелге баруы керек болды: үйін кепілге қойды, егер тауары өтпей қалса ол үйінен айырылатын еді. Бірақ оның  қаржылай тереңге батқан бірінші образға қарағанда ақылы бар. Себебі, дейді Фаррах, екеуі де түбі тесілген қайықта отыр. Бірақ біріншісі жапа-тармағай қолындағы ыдыспен суды сыртқа төгуге көшсе, екіншісі су қанша жиналып қалса да қайықтың түбі тесілген жерге тығын тықты. Нәтижесінде бірі суға кетсе, екіншісі құтқарылды. Осыны өмірде қолдануға да болады емес пе?! Оп-оңай түсінуге болатын логиканы өмірде қолдана алмайтынымыз өкінішті.

Қызық па? Қызық болса жалғастырайын. Фаррах Грей осындай түрлі қарапайым реализмді өмірде қолдана алмайтынымызды біздің, адамдардың ойлау психологиясынан көреді. Мәселен, бірінші дос қызының жағдайында ол шешімді қалай қабылдайтынын айтып өтеді. Жұмыстан бүгін-ақ шыға сал деуге бармайды. Бірақ үйін сатып жіберіп, өзі сүйетін заңгерлік оқуды оқып-ақ кейін одан да үлкен үй алуға болмас па еді? Үй тұрмақ, әлдекімдер өмірінен де айырылып қалып жатқан жоқ па? Біз неге осы жалған ғұмырда дүние қууымыз керек?

Иә, соңғы сөздерді эмоциямен айтып отырған мына мен. Шын мәнінде, бұл әдістер әркімнің бір қолынан келе бермейді, 4-5 баласы бар адамдар қалайша үйін сатып жіберіп бай бола алмақ? Бола алмайды, әрине. Фаррахтың да айтатыны сол – әр жағдайда әр адамның барар «мәресі» әр жақта. Сондықтан бұл идеяны тек осы екі адамның басындағы жағдай деп қабылдауымыз керек.

Енді авторға келйік, Фаррах Грейдің тұңғыш «Нағыз миллионер» атты кітабы «мүмкін емес» деген сөздің жоғын дәлелдеп тастаған. Ол Чикагоның кедейлер тұратын ауданында өсті. Ал 6 жасынан бастап оның тұңғыш «визиткасы» болыпты. 8 жасында бизнес-клуб ашып, 11 жасында радио мен телевидениеден таратылатын бағдарламаның жүргізушісі болады. Ал 14 жасында бала Фаррах миллион доллар табыс табады. Айтпақшы, оның ешбір мұра қалдырған туысы жоқ, отбасы да кедей өмір сүрген, тіпті таныс-тамырмен де ешкім оған көмектеспеген. Қазірде ол кәсіпкер боламын деушілерге дәріс береді.

Міне, біздің тілмен айтқанда мұндай адамды «қасқыр» дейді. Оның осындай ойларын білген соң ақша ұстау, жаратуды үйренбейтін өзімізді емес, неге кредитті жеккөруіміз керек?

Суреттер: kapital.kz, ageyenko.com