Черепашки-Ниндзя. Өткенді сынауға бола ма?

Черепашки-Ниндзя. Өткенді сынауға бола ма?
жеке
блог

Кейде шығармашылыққа, жаңалыққа, креативке бара алу үшін бала көңіл болып қалу керек сияқты көрінеді. Әйтпесе мынадай сұмдық (дейінші) фильмді шығару дегенің есі орнында қалған, ақылы жетілген адамның ойына келмейтін сияқты.

Ақша үшін не жасамайды дейсің деген дүдәмал пікірімізді тықпай-ақ қоялық. Оның орнына бізге балалық шақты қайта әкеліп берген Джонатан Либесманға алғыс айтқым келеді. «Техасская резня бензопилой: Начало (2006)», «Гнев Титанов (2012)» сияқты фильмдерді түсірген оның бұл жобаға кіріскеніне өз басым қатты қуандым. Ал продюсерлікті өзіне Майкл Бэй алған! Киносыншылардың бұл Майклды «Трансформерлер» үшін жеккөріп кеткенін де түсінбеймін, бірақ сол сыншылардың көбі бұл жобаның тек киноөндірісінде өзіндік жаңалық жасап отырғанын ойлай бермейді-ау деймін.

 

Әйтпесе осы аталған екі фильмнің түсірілім кезінде, монтажын жасау кезінде бастарына қандай күн түсерін айтпай-ақ біліп отырсыздар.

Иә, мұндай фильм түсіру өте қиын. Жалпы біздің санамызда әрбір фильм өзіндік жаңалық болғаны, айтары бар, берері мол болуы керек сияқты болып тұрады ғой. Фильм барысында журналист қыз Эйприлдің де солай жаңалық қуып, дүниенің астаң-кестеңін шығарғысы келіп тұратыны бар. Сонда оған көлік жүргізуші досы «Адамдарға артық ой салмақтаудың қажеті жоқ, қарапайым кофенің бетіндегі көбіктің әдемі болғаны бізге ұнайды ғой, сол қарапайым кофе әрлеудің өзі адамға қаншалықты қуаныш әкелетінін білсең, сонымен айналысып жүре берер едің» дейді. Бірақ Эйприл бұл ақылға тек фильм соңында ғана құлақ асады. Иә, фильм жасаушылардың да айтқысы келгені осы, меніңше. Ұнататындар келіп көрсін, ешкім ешкімді көруге міндеттеп немесе алдап апарып жатқан жоқ. Мәселен, маған бұл фильм қайтсе де ұнайды. Себебі балалық шағымның бір тәтті парақтарын қайтадан парақтап шықтым.

Есіме алдым. Өзімді таптым. Ал сол «Черепашки-Ниндзя» фильміне қандай тағы да бір жаңалық болатындай сюжет қосу керек еді? Тағы қандай идея тууы керек еді? ҚАНДАЙ ВЕЛОСИПЕД ОЙЛАП ТАБУЫ КЕРЕК ЕДІ? Иә, бұл жерде ешбір салмақ салатын ой-идеяның қажеті жоқ. Және мұны жоғары моральды я формасымен де, мазмұнымен де «ұрып алатын» фильмдер бар ғой. Бірақ бұл фильмнің негізгі құны – эффектіде!

Фильм көрерменді бірінші кадрларынан-ақ таңғалдыра бастайды. Әлемдік тұсаукесері 3 тамызда болып кеткен фильмді біз, әрине, екі аптадан кейін бірақ көре бастадық. Paramount Pictures пен Nickelodeon-ның бұл жобасы, әрине, «Мстители» сияқты суперқаһармандыққа жақын болып кеткен. Сөйтсе де, тасбақа-ниндзялардың мінез-құлықтары дәл сол 1980 жылдардағы комикстердей. Тіпті айтқан әзілдері де жауыр көрінді.

Фиьлм көбіне өзге, үлкендерге арналған кинозалға өтуге уақыты келгендердің сағынышын пайдаланып кеткен. Иә, мойындаймын. Бірақ қайтсе де, фильмнің бір ғана эффектілері бар жобаны ақтап алады деп ойлаймын. Әсіресе қар көшкінімен бірге таудан сырғанай құлаған сәт пен фильм соңындағы үлкен ғимараттан бір-бірін құтқару сәттері керемет ойластырылған.

Иә, бұл блогым фильмді ақтау болып кетті. Бірақ хромакейдің не екенін білмейтін жұрттар «Американың компьютерлік графикасы арқылы түсірілген қиял фильмі ғой» дей салатындарын түсінбеймін.

Өз басым Шредерді жақсы көрем. Оны сомдаған Тохору Масамуне. Жапондық Фут кланының басшысы рөліне дәл осы жапондықты таңдағандарына дән ризамын. Оның мысы басқан, сұсты көзқарасы кімді болмасын таңғалдырмай қоймайды. Құбыжыққа ұқсап кеткен тасбақаларға қарағанда бұл рейнкарнацияда Шредер нағыз қаһарман сияқты болып кеткені де рас. Атылатын пышақтары бар футуристикалық гаджеттер "Трансформерлердің" идеясына ұқсас. Айтпақшы, көрермен қара шашты Эйприлді бірінші рет көріп отыр. Шын мәнінде Меган Фокстың орнына Карен Гилланды қойса да болар еді. Бірақ бұл өзгеріс ешкімнің бір шамына тие қоймайтын шығар.

Айтылатын сөзім мынау болсын: фильмді әйтеуір біреу шығару керек болды. Оны осындай дарында адамдар шығарғанына тіпті қуанамын. Оны кім шығарса да қалыпты сюжеті мен ой қосарлықтай дүние жасай алмас еді. Ал бұл фильмде керемет графика бірінші орынға шығып тұр.  

Сонымен, фильм бір көруге тұрарлық деп ойлаймын. Адам бұл фильмді өз қиял-арманымен көрсе, демалып қайтуға барса құба-құп. Ал ілік іздейтін, сын айтуға дайындалып барған адам өзінің де, өзгенің де көңіл-күйін құртады. Фильмге 10 балдық деңгейден 8 деген баға беремін.