Өлеңдер
жеке
блог

Өлеңдер

Мен

Мен жиырма бестемін,
Басталмаған кілеммін, аяқталған кестемін.

Ғасырды ширек сүріппін, не көріп, нені біліппін?
Кімге пайда әкеліп, кімдерге зиян қылыппын?

Тау емеспін- төбемін, қыраттан да төменмін,
Жерден сәл-пәл биікпін, соған тәубе дегенмін.

Бір адамның жарымын, жалғызымын, барымын,
Жолайрықта қосылған маңдайға біткен бағымын,

Қыз да емеспін... анамын, бала үшін дарамын,
Атаққа емес перзенттің қылығына қанамын.

Тамыры терең кетпеген, сонда да қурап, кеппеген,
Иіліп өскен ағаштай күн көріп келем еппенен.

Данышпан демес мені ешкім, ақымақ та емеспін,
Ақылдыға еліктеп, келеді бірақ теңескім.

Болсам деп жұртқа сыйлы адам, барымды армен жинағам,
Жеңілсем дағы сан мәрте, жігерді жойып, тыймағам.
Жиырма бесте марқайып, көкірек кере айтайын,
Мен бақытты анамын екеуге өмір сыйлаған.

 

Көк шыбынның әлегі /әзіл өлең/

Көптен бері қыбырлап, боп жатқан соң той қамы,
Көйлек тігіп отыр ем, өнерді жиып бойдағы,
Бар ойым мен зейінді мың аударып , сан бұзып
Бір «оңбаған» көк шыбын маза бермей қойғаны.

Басында мен де қоймадым түр танытып елеген,
Мына бәле көк шыбын мазасыз-ау не деген,
Қазір тағы көйлекке қона кетсе мен аңдып
Қолымдағы оймақпенен баса қоям деген ем.

Оймағыммен ойнады, ашуға қатты кенелдім,
Шыбын қуған шымшыққа өз ойымша теңелдім
Оймағымды тастай сап, қағаз алдып қолыма,
Кідірместен артынан мен жүгіре жөнелдім.

Ашу кернеп бойымды, Ызаменен қылғындым
Жынды адамша бөлмеге мың шықтым да, мың кірдім.
Абайсызда қолыма іліне кеткен балтамен,
Шыбын емес Құдай-ай терезені сындырдым.

Ашу дұшпан ақыл дос, бұл белгілі бұрыннан,
Жылап алдым ұялып пыш-пыш етіп мұрыннан,
«Анам келсе не деймін... терезенін сынғанын»-
деп бұл жолы мендегі шырылдады шыбын жан.