Такси
жеке
блог

Такси

Такси

Алматы. Қыстың кеші.
Сібір желіндей желім еседі,
Болмасын біреудің секілді өсегі.
Автобустарға үлгермей қалдым,
Үйімді бетке алған бетім осы еді.

Жіберсін жолымды оңғарып бұл күн,
Деп іштей тілекпен қомданып тұрмын.
Қалтамда бары екі жүз теңге,
Такси алар деп жол бағып тұрмын.

Байысам көңілді толымды етермін,
Алысты жақын ғып жолымды өтер кім?
Зауылдай өтетін мәшинелерге,
Белгі ретінде қолымды көтердім.

Алғашқы таксист «Тойота» мінген,
Жан емес екен бейопа күлген.
Екі жүз теңге көрсетіп едім,
Бұлай боларын қай ата білген?

Тіленген студент жан бағыс амалы,
Шіренген таксист таңданыс қарады.
Ашулы жүзбен: «Бауырым», - деді,
«Ол жаққа қарай автобус барады».

Алыстап кеткендей көңілді мекен,
Жүзі жылымай не көрінді екен?
Аяған біреу мінгізіп алар деп,
Үмітпен будым белімді бекем.

Екінші тоқтаған «Мерседес» еді,
Мерседеспенен кім теңеседі?
Аңдайды адам түсіне білсе,
Жағдайды айтсам ерсі емес еді.

- Мың теңге берер ем жарасам тегі, -
деп едім: - Жағдайға қарасаң еді?
Таксист ағасы ләм-мим деместен,
«Есікті жаймен жаба сал», - деді.

Үшінші тоқтады «Пассат» та келіп,
Жүргізуші қыз жақсы-ақ па дедік?!
Жағдайды айтып ем, ұялды ма екен,
Дей салды: «Барам, Тастаққа кетіп».

Пақырға қолын қай керім ұсынды?
Қайтемін созып әңгіме қысырды.
Бұйығып тұр едім, «Лексус» мінгені,
Жаныма тоқтап әйнегін түсірді.

Етікпен кешкенде бетеге қарды,
Суық ойлар да жетеме барды.
«Екі жүз теңге», - дей беріп едім,
Әйнегін қайта көтере салды.

Бір таксист қымбаттау дәметті құлық,
Жасап жүргендей әдетті күдік.
Мінгізбей мені сабазым әлгі,
Жолдағы бір қызды әкетті іліп.

Сіңіріп кеткендей Жайықты құмға,
Қалдырып мені байыпты мұңға.
Ойпырым-ай неге жасады бұлай,
Қыз боп тумасам, айыптымын ба?!

Батырар бір күн иірім кемені,
Иманның дәнін жиі кім тереді?
Адамға емес, ақшаға ғана,
Бұл күнде жұрттар мейірім төгеді.

«Жығылғандарға жұдырық» сай тегі,
Шомдырған ойға осы бір жайт еді.
Қалтасы тесік студент екен деп,
Таксистер мені аяса қайтеді?!

10.12.2011.

Жазған: Олжас Болатбекұлы