Сағынған екенмін ғой...
жеке
блог

Сағынған екенмін ғой...

Өткенде #ФБайтыс2014-тің 2ші кезеңіне қатысып едім ғой, сол кезде бір үлкен жастағы Тілеуқабыл есімді ағамыз пікір қалдырыпты, пікіріне қарасам, біздің Шаян жақты жақсы білетін кісі сияқты. Не де болса біздің елдің адамы деп ойлап, жекесіне хат жаздым. Қазақтан жер, ру сұрасаң ағайын боп шығасың емес пе, жер сұрап едім жерлесім, ел сұрап едім нағашым болып шықты.
— Бадиров Советтің (әкем Сәбитті біздің жақта солай атайтын көпшілік, мен ата дейтінмін (Біздің өлкеде папа-мама емес, ата-ападейді)) қызы болдың ғой- деді. Сенсеңіз, атамның бар кезім көз алдыма кинолента құсап тізіле қалды.Сол түн ұйқысыз өтті, жасымды тоқтата алмадым. Бір құдағиымыз бар еді, сол кісі мені көрсе болды «ай, крсавица, Сабит құданың өзі болған осы қызы» деп айта беруші еді. Жылап жатып, сол апайдың айтқаны рас екеніне көзім жетті. 
Түрді айтпайак кояйын, қонқиған мұрын, үлкен көз, бой, сүйегі ірі дене, тіпті жүрісіме дейін айнымайды екен гой.
Мінез ше, ашуланса әулетте ешкім сөйлей алмай калушы еді ғой, бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын, бірақ ашуы тез қайтатын. Менде ашуланамын бұлқан-талқан болып, тез қайтамын.
Ауру ше? Давлениесі болатын, аягы мен жүрегі ауыратын. Менде де дәл солай.
Сосын ақкөңіл болатын. Кімді жақсы корсе қолындағы барын бөліп беріп, көңіліне қарап жүретін. Ал ұнатпаса, он жерден не істесе де ұнатпайтын. Уқсамасаң тумағыр менде дәл сондаймын.
Мен 2000 жылы Алматыга барып, 3 ай жүріп келгенімде сағынғаны сонша, екеуміз косылып жылаганбыз. Мен әлі жылауыкпын.
Гүр-гүр еткен, ұлдыңкіндей дауысым да ұқсаған сияқты…

Атам мен 3-ші сыныпта оқып жүргенде қайтыс болды. Мен ол уақытқа дейін ойыннан қолы тимейтін адам едім. Ол барда апам ойынға жібермей койса, атамнан рұқсат алып алатынмын да, апамды мазақтап тұрып, түн ауғанша армансыз ойынға кететінмін. Әпкем сабақ оқы деп ұрысса атама айтып беретінмін. Түпнағашыларымның ауылына қойларды, жылқыларды көруге барғанда мені алып алатын еді, орталықтың дүкенінен қалағанымды әперетін, атам барда үйдегі ауыр тірліктің бәрін ауылдың ер азаматтары өздері келіп істеп кететін.
Апамның руы Тазша, апамның төркіні келсе, інілерін мазақтайтынмын тақпақ айтып «Тазшаның 11 жаманы» деген тақырыптағы, атам құрастырып берген ғой. Апама менің нағашым «таздарлар» дейтінмін, түпнағашыларым ғой. Әлі де сол әдет қалып кеткен, сол түпнағашыларымды жақын тартатыным. Ал нағашыларым үйіне барсам: «Сашканың қызы, осы риза болсын, қоңырдың қызына беріңдер» деп бәйек болып отырады ылғи. Мектепке алғаш барған кезде «Жеті атамды» жаттатқаны, сосын "Өтірік өлең" шығарып бергені есімде. 60 жылдық тойында, атам екеуміздің жүзім деп, киіз үйде қазы жеп отырған кездеріміз бар видеода қалған естелік. Айтпақшы, мен ешкімге «көке» деп айтпаушы едім. Біздің өңірде әкеңнің үлкен ағайындарын солай атайтын, менің атам бәрінің үлкені болғандықтан мен ешкімге олай айтпадым. Кейін апам: «Жалғыз ағаң ғой, көке деп ата» дегенде де көнбей қойғанмын, ол көкем емес, ағам деп.Мен үшін көке деген атау, жалпақтау, жағыну сияқты көрінетін. Сондықтан да шығар, әлі күнге көке жағалай алмайтыным. Жансейіт Түймебаев министр боп тұрған жылы мен 11 оқитынмын, сонда нағашыларым «Жиен бітірген күні хабарлас, қалаған жеріңе түсіреміз, нағашың не бітіреді сені түсірмегенде» дейтін, сонда да, көке жағалай алмайтынымды көрсетіп берген болатынмын. Абай атындағы универге өзім түскенім де сол, өзім оқимын деп. «Мен қиыншылық көрдім екен» деп өзгеге алақан жаю, немесе таныс тамыр жағалап, ертең адамның алдында қарыз болғым келмейді. Жаратқан ием бар ғой жарылқайтын! Қайсібірін айта берейін,өткен түнгі сезім, сағыныш, көз жасы сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…
Ал, 3 сыныпты бітірген соң ше? Атам жоқ! Баяғы еркелік қайда қалғанын өзімде таппай қалған болатынмын… Небәрі 8 жасымда… Таңмен таласып тұрып, сиыр сауамын, сосын жапа теремін, содан келіп теппе жібітемін, үйге келіп шай-пайымды ішіп, жусан шабуға кетемін өзімнен үлкен кетпенді арқалап,(аяғымды шауып алатын, кейде жыланды басып кететін кездерім де болған, бала емеспін бе, аңырап келетінмін уйге жылап)сонда да жусанымды тастамай алып келетінмін. Түс болады, түсте атам егіп кеткен бау бар, соның көшеттерін шабамыз апам екеуміз, ауылдың балалары ұрлыққа түседі, солардан қоримыз. Түс ауа, күбі пісемін, апам оны қайнатады, сосын теппе істеймін, одан ары сиыр келеді, оны сауамын. Сосын кешкісін сілем құрып тұрса да, ойынға кетемін. Қыс болса тіпті қиын. Ағам бар, жалғыз бала деп әбден еркелеткен, бір тірлік істесе міндетті түрде жанында «Айко» жүру керек.Арық шапса да, шоп орсада, жер аударса да Айко істейді. Бұрын атам барда өзінен өзі істелетін тірліктің барлығы бірден менің мойныма ауа салды. Сөйтіп жүріп, сабақты да жақсы оқып, қара жұмысты да істеп бой жеттік кой. 
Бірде әкең жоқ деген сыныптасымды, мұғалімнің, елдің көзінше столмен жіберіп ұрғаным есімде. Мектепте де ерке едім. Не керек, ұл құсап өстім ғой, қызуқандылығым, батылдығым да содан болар.
Содан бері де, 12 жыл уақыт өтіп кетіпті… 12 жыл ішінде 3 рет қана түсіме кірді атам. Ең соңғы кіргенде "қолыма бір уыс құрт беріп(мен құрт жақсы коретінімді білгендіктен бе), мені асфальт жолға қалдырып, өзі топырақ жолға беттеді. Тоқта деп жылағанымда, сен таксиден қалма, бүл сенің жолың" деді. Сол өмірдің даңғыл жолында таксиден қалып кетпеудің қамымен, атамның сөзіңінің үдесінен шығудың қамымен тіршілік етіп жүрмін! Сәбитқызы деген атау тек биікте, тек адал ақ жолда көрінсе екен деп қана тіршілік етіп жүрмін. Ақ пен қара алмасқан бұл жалғанда, Сәбиттің туын жықпауға тиіс сарбаз екенімді, арқамдағы жүкті сеземін!
Не керек, соңғы 12 жыл, менің өмірімнің қиындықпен өрілген беттері болды, мен ысылып, пысық болуыма септігін тигізді. 8-ақ жасар кезімде есейтті… Ешкімнен таяқ жемейтін қара күшке де, еркек мінезге де ие етті… табандылыққа да тәрбиеледі…
Бірақ, күйбең тірлікпен байқамаған екенмін, атамды қатты сағынған екенмін. Үйге барғанда, апам мінезіме: "Ұқсамасаң тумағыр, әкең сияқты бұзықсың. Маған ұқсасаң болмаспа еді" деп ұрысқанда да, естеліктер айтқанда да байқамаған екенмін. Тілеуқабыл ағаның «Бадиров Советтің қызы болдың ғой» деген бір ауыз сөзі бар сезімімді қопарып кетті ғой… 
Эх… Сағынышым ай менің тау қопарған…