120 және МЕН

120 және МЕН
жеке
блог

Мен жүремін. Жиі жүремін. Абай көшесінің бойымен жүремін. Автобуспен жүремін. 120-автобуспен жүремін. Ұзаааақ жүремін. Автобусқа отырамын, бірақ отырмаймын. Түһһ, не боп кетті?! Автобусқа мінемін, орын болмаған соң отырмаймын да)

Мен тұрамын. Алматыда тұрамын. ҚазҰУ-да жатақханада тұрамын. 5-қабатта тұрамын. Ерте тұрамын) Автобуста да тұрамын (неге тұратыным жоғарыда айтылды ғой).

Мен неге автобуспен жүремін? Себебі, біріншіден, мен - студентпін.Неге біріншіден екені белгілі емес пе? Екіншіден, автобуспен жүрген оңай. ОҢАЙың болса Оңай, болмаса ҚИЫН! Мойындаймын, студенттік оңайымды жоғалтып алғанмын. Жол ақысын екі есе қымбат төлемеу үшін құрбымның картасын прокатқа алғанмын.

Бүгін сол баяғыы 120-автобуста тұрғанмын. Бейтаныс жігіт: "Қарындас, есіміңіз кім? Қайда оқисыз?" деп айналшықтап қоймай қойды. Таңғы көңіл-күйім қалпына түсе алмай келе жатқан соң үндемедім. Келесі аялдама Абая-Байтұрсынова. Түстім, келесі автобусқа үлгеруге асығып барам. Манағы жігіт соңымнан қалар емес. "Сымбат, Сымбат, тоқтаңызшы!"- деп қол бұлғап қуалап келеді. 7-автобусқа міндім. Ол да соңымнан мінді. "Сымбат-қарындас, қалыңыз қалай?" -дейді. 

- Қарында-а-ас? Сымбат сұлу?

- ...

- Сөйлескіңіз келмей ме, әлде сөйлей алмайсыз ба? (Күлді)

- Мен Сымбат емеспін.

- А-а? Кешіріңіз! Олай болса кімсіз?

- Данамын.

- Тіпті жақсы. Сізге Сымбаттан қарағанда Дана деген есім жарасады, рас айтам.

"Келесі аялдама ҚазҰУ!"

- Сау болыңыз! 

Автобустан түстім де, алды-артыма қарамай жүгіре жөнелдім.

Оңаймен жүру оңай болғанмен, Сымбат болу ОҢАЙ болмады мен үшін. Сондықтан, студенттер мен сияқты Оңай карталарыңызды жоғалтып алмай, сақ болып жүріңіз!)