Қадір түнге он тілек!

Қадір түнге он тілек!
жеке
блог

Қадір түнге он тілек!

 

Ең бірінші тілегім- нақ ҚАЗАҒЫМ,

Иман жүзді, бек-сардар, ақ қазағым.

Еркіндікті көрсеткен Хақназардың,

Ұрпағына түссінші Хақ назарың!

 

Ал, екінші тілегім – Еркіндігім!

Мәңгі болсын, Құдайым, еркін бүгін!

Бауырларым берекең қашпаса егер,

Шешіп алып тастайды бөркіңді кім?!

 

Үшінші ме, тілерім – Тыныштығым!

Шашыратқан көк туым күн ұшқынын.

Бейбіт күннің патшасы біз болайық,

Жата берсін қынында қылыш бүгін.

 

Төртіншіге Иманым, ақ тілегім,

Малынғанша ақ суға ақ білегім.

Пейішіме жеткенше пейілім кең,

Күнәсінен тазарса тат жүрегім.

 

Бесіншіге тілерім – ол Отбасым!

Отым жансын, күл – шоққа, қаратпасын!

Әлем бесік тербетсін бар сәбиді,

Жетім етіп ешкімді жаратпасын!

 

Алтыншыға тілегім – Адамдығым!

Махаббатқа жасайтын адалдығым.

Тілек тербеп шауып жүр ақ парақтың,

Сия шашып бетінде қалам құлын.

 

Жетіншіге жеткенде Жаратқанға,

Жалбарындым арайлы қарап таңға.

Ұлыңды – құл, қызыңды –күң қылатын,

Ұрпағыңды жазбасын жылатқанға.

 

Сегізінші сырымды жүр ашайын,

Бақытты емен күн күліп, жыласа айым.

Жамағаттың қатары көбейсе екен,

Алла үйіне баратын жұма сайын!

 

Тоғызыншы тілегім- сыйын досым,

Тағдырыңа жеңіл де, қиын болсын.

Бес күн өмір қонағы қадіріңе,

Қадір түнгі тілегім түйін болсын!

 

Ал, оныншы өзіме қалған –ақ бір,

Ол орынды жүректе арман ап тұр.

Ең бастысы кәлимәм жоғалмасын,

Лә иллаһа иллаллаһ ( Мұхаммаду рассулуллаһ)

Аллаху акбар!!!

 

24.07.2014