Сандық

Сандық
жеке
блог

Үй тазалаған сайын жатын бөлмедегі осы бір ескі-құсқы болып, бірақ еш жері сынып, не жарамсыз болмаса да, тозып кеткен сандық Мөлдірдің көзіне құдды бір лақтырып тастау керек заттай көрінетін. Дегенмен, үйге қонақ келгенде анасы сандықтан тыққан-пыққанын алып жатқанда, Мөлдір жанында тұрып, сандықтағы әр жаңа затқа тамсанып тұратын. Керегін алған анасына Мөлдір «өзім жаба саламын» деп, сандықтағы әрбір затты киіп, тағып көріп, әбден иіскеп-иіскеп алатын. Ондағы заттардың иісі тым ерекше еді. Ішіндегілерді ойласа, «сандықты лақтырып тастау керек» деген ойынан айнып қалатын.

         Оның ішінде не жоқ десеңші, шіркін. Көнетоз шапан, оюлы кимешек, көз жауын алар алтын, күміс сақина, білезік, сырғалар, кішкентай баланың иткөйлектері, неше түрлі, зерлі орамалдар, жейделер, көйлектік деп, бірақ ешқашан солардан көйлек тігілмейтін маталар, үлкендер айтпақшы «қырық жылғы» заттар да табылады. Ал, сандықтың ең түбінде бір дорба бар болатын. Ол дорбада анасының тойда киген фатасы мен жап-жаңа, қонақтың аты жазылмаған ата-анасының тойынан артылған шақыру билеттері. Мөлдір қызық көріп, бір шақыру билетін алып, қонақ жазылатын жерге өз есімін жазып, «Құрметті, қызымыз Мөлдір» деген мәтінде өз ата-анасының тойына өзін шақырып, қойын дәптеріне сақтап қойғаны бар еді. Және анасының фатасын тағып алып, бір рет шыр көбелек айналып билеу де әдетке айналған. Қызығы қанған соң сандықты жауып қоятын. Бір ретте сандықтың ескіріп кеткенін алға тартып, лақтырып тастасақ деген ұсынысын айтқанда анасының қалай ренжіп, сандықты әжесі, яғни анасының анасы қызы үшін арнайы жасатып, артынан алып келгендігін, қанша ескірсе де, ең қымбат зат екенін айтқан кезде, Мөлдір сандықтың анасы үшін ең аяулы естелік екенін ұқты. Ұқты да, одан кейін ешқашан оны тастау туралы сөз қозғаған емес.

         Мектепті бітіріп, оқуға түсіп, қалаға кеткен Мөлдір бірінші курсты аяқтағанда анасы қайтты. Үлкендердің айтуымен анасының әрбір затын, киімдерін дұрыстап ұстайды, аяқасты етпейді дегендерге таратып берді. Мөлдірге бұйырғаны анасының әжесінен келе жатқан күміс білезігі мен күміс сақинасы. Көзінің қарашығындай көріп, оларды ешқашан шешкен емес. Ауылға келген сайын сандықты ашып, заттарды иіскеп тұрады. Жыл өткен сайын ішіндегі заттар азайып, тіпті иістері де кетіп қалды. Бұрынғыдай сезілмейді, қызықтырмайды. Соңғы бір жыл бойына ол тіпті сандық туралы ұмытты да. Осы күзде тұрмысқа шығуға сұранып келген Мөлдір сандықты соңғы рет ашып, заттарды киіп көріп, бала кездегідей, иіскеп отырған қызын әкесі көріп, бәрін бірден түсінді. Заттарын реттеп салып, сандықтың бір жерін ауыртып алмайын дегендей аса ұқыптылықпен аузын жауып, сүйсіне бір қарап, қалаға да кетті Мөлдір. Осы кеткені - кеткен. Енді келсе де, баяғы ерке қыз, сандықтың иісіне құмар, әр затты жүз рет киіп көретін Мөлдір емес, жат жұрттық, қонақ болып келеді. Осылайша Мөлдірдің туған үйіндегі мерзімі аяқталды. Енді жаңа өмір, жаңа қадам, жаңа адамдар, жаңа сандық, жаңа заттар... бәрі де басқаша, бәрі де өзгеше болады. Ауылын, үйін, әкесін, бауырларын, әр бөлменің әр қуысын, ауылының әр жотасын, төсегін және сол бір көнетоз, кезінде лақтырып тастағысы келетін, бірақ қазір анасынан қалған көздей, аяулы да, қымбат, бағалы, құнды сандықты қимаса да, қыз мұраты - кету.

         Алла қалауымен, жүрек жартысын, көңіл кілтін тауып, ұзатуы, тойы, құдалығы өткеннен кейін Мөлдірдің артынан төсек орнын алып барды. Әкесі заттармен бірге сандықты түсіріп жатқанда, Мөлдірдің көзіне жас ұялады. Сәл-пәл жөндеп, кейбір жерлерін сырлап, өңдеп, құдды жаңа сандықтай болып көрініп тұрған, сол бір анасының қимасы, анасының бөлшегі көнетоз сандық екенін бірден таныды. «Әкетайым, Сізге көп рахмет!» - деп, әкесін құшақтай алған Мөлдір өзімен бірге бұл жаңа үйге, үйренісе алмай жүрген жаңа ортаға анасының бір бөлшегі де келгендей ерекше сезімде болды.