Торт

Торт
жеке
блог

Торт

         Тамақ жасауды қыздар кішкентай кезінен үйренеді ғой. Біз де «үйшік-үйшік» ойнағанда тамақтың неше түрін батпақты шылап-ақ жасап алатынбыз. Алыстағы ауыл балалары үшін ең таңсық тамақ түрі балмұздақ пен торт болатын. Балмұздақты қыста жасап жейміз. Қалай дейсіңдер ме? Кәдімгі таза қарды аламыз да, қант қосылған сүтке араластырамыз. Өзімізше керемет балмұздақ болып шыға келеді. Дәмі де ерекше! Ал торт жасап жеудің бір ыңғайы келмей қойған.

         Әкемнің інісін "көке" дейтінбіз. Керемет ақкөңіл, балажан адам еді. Сол кісінің менен бір жас кіші қызы екеуміз барлық ойындардың негізгі кейіпкерлері болатынбыз. Екеуміз күні бойы ойнаудан жалықпайтынбыз.

         Бір күні әдеттегідей көкемнің үйіне ойнауға барсам, жеңгем көрші тәтелермен шәй ішіп отыр екен. Мен келе сала сіңіліммен ойнауға кірістім. Бір кезде жеңгем кетіп бара жатқан көршілермен бірге қолына екі шелекті іліп алды да, бірге кетіп қалды. Маған бір керемет ой сап ете қалды. «Мамасы келгенше торт жасап жеп алайық!». Осы ойымды сіңіліме айтып едім, ол да бірден келісе кетті. Менің одан бір жас үлкендігім бар, әрі бірінші сыныпты аяқтағам. «Бас аспаз» болу маған бұйырды. Ал ол -көмекші. Сонымен іске кірістік. Әуелі қамыр керек. Ағаш жәшіктегі ұннан неғұрлым мол торт жасау мақсатында табаққа толтыра салдық. Шелекте тұрған суық сумен жақсылап тұрып, анамнан көргенім бар, қамыр иледім. Иленген қамырды табаға салдық. Әшекейсіз қандай торт болмақ? Оны да жасадық. Қантты мол етіп сеуіп, шанышқымен тесіктер жасадық. Бізге әдемі көрінді. Енді дәмі де сондай керемет болар деп тұрмыз. Тек пісіру керек. Газды жағып, әлгі дайын болған «тортымызды» отқа қойдық. Енді тек пісуін күту ғана қалды. Екеуміз мәзбіз. Қазір дәмді торт жейтін болдық деп. Кенет...сырттан дауыс естілді. Жүгіріп терезеден қарасақ, екі шелек су көтеріп жеңгем келе жатыр. Мәссаған! Ол кісі келгенше үлгереміз деп ойлағам. Қап! Енді не істеу керек? Дереу отты өшіріп, ыстық табаны тортымен қоса газ плитасы тұрған шкафтың астына тыға салдым. Қызу жұмыста байқамаппыз,  еденге  ұн, қант, су әбден төгіліпті. Жеңгем кіріп келді. Біз екеуміз состиып тұрмыз. Ары қарай әрине, бәрін жинап, ұрыс естуге тура келді.

         Осылайша торттың дәмін көре алмай қалдық. Піссе де дәмі қалай болатынын ойласам, қазір күлкім келеді. Әй, балалық-ай!