ЕЗУТАРТАР

ЕЗУТАРТАР
жеке
блог

Бірде ауылдың бір жігіті қаладағы студент досына қыдырып келіп, екеуі саябақтардың бірінде серуендеп жүреді. Бір кезде зеріккен ауылдан келген жігіт:

- Достым, осы сенің қалада жүргеніңе біраз уақыт болып қалды. Орысшаны жақсы үйренген боларсың. Маған да орысша үйретсеңші,- дейді.

- Үйретсем үйретейін, сұрай бер, ненің орысшасын айтайын?- депті студент жігіт маңғаздана.

- Мысалы, анадайда кетіп бара жатқан танысыңды орысшалап қалай шақырасың?

- Ей, иди сюда!

- Ал, ол келді, жолықтың, енді «кете бер» деп қалай айтасың?

Студент жігіт басын қасып, сәл ойланып тұрыпты да:

- Арғы жағына жүгіріп шығып, «иди сюда» дейсің, - деген екен.

***

Орыс, қазақ, қырғыз – үшеуі бір үйде тұрыпты. Оларға көрші өзбек ағайынымыз қауын-қарбыз егеді екен. Бірде әлгі үшеуі ақылдасып, орталарынан орысты өзбек көршісінің бағынан қауын ұрлап келуге жіберіпті. Түнде баққа барған орыс шарбақтан секіре бергенде, шарбақ тысыр ете қалыпты. Тысырдан оянып кеткен өзбек: «Бұл кім ей?!» деп орнынан атып тұрып айқайлапты. Сонда орыс саспастан мені мысық деп ойлап қалсын деп: «Мяуу» деп мияулай салыпты. Өзбек «Ее, мысық екен ғой» деп қайта жата беріпті. Жолының болғанына қуанып кеткен орыс қауынды алып үйіне қайтады. Ертесіне кезек қырғызға келіп, ол да орыс тәрізді мысық болып мияулағанының арқасында олжалы оралыпты. Сонымен, үшінші кезек қазекеңе келіпті. Қазекеңе әлгі екеуі «мысық болсаң болды» деп, құлағына құйып жіберіпті. Сонымен қазақ шарбақтан секірген кезде өзбек «Бұл кім?» дейді, айқайлаған дауыстан шошып кеткен қазақ: «Кешегі мысықпын ғой...» депті сасқанынан.

***

Араққа сылқия тойып алған құмырсқа далаға шығайын десе, есігінің алдында піл жатыр екен.

- Піл, былай тұр!

- Неге?

- Басып кетермін!

***

Қазақ пен орыс немістерден қашып келе жатады:

- Эй, казах, подожди, я устал,- депті орыс.

- Ұсталсаң ұстал, ал менің үйде күтіп отырған бала-шағам бар,- депті сонда қазақ.

***

Лондонға барған екі қазақ екі қабатты автобусқа мінеді. Үстіңгі қабатына көтерілген біреуі үрейі ұшып, ізінше бірінші қабатқа қайта түседі де:

- Ойбай, үстіңгі қабатқа көтеріле көрме, онда шопыр жоқ,- депті.

***

- Сен капитализмді айналып өтіп, феодализмнен бірден социолизмге өткеніңді білесің бе? – деп үгітші қойшыға ұрысып тұр екен.

- Қарағым-ау, сен мені басқа біреумен шатастырып тұрсың-ау деймін, көзімді ашқалы бері осы жайлаудан ұзап шыққан емеспін,- депті қойшы ақталып.

***

- Адырбек құданың үйін білесіз бе?

- Білемін, біздің үйдің жанында.

- Ал, сіздің үйіңіз қай жерде?

- Адырбек құдаңыздың үйінің жанында...

***

Бірде Қожанасыр Алматыға баратын болып, есегін пойыздың артына байлап қояды да, өзі пойызға мініп кетеді. Содан Алматыға жеткен соң, пойыздан асықпай түсіп, есегінің жанына келсе, есегінің басы ғана қалыпты. Сонда ашуланған Қожекең есегінің басын ұстап тұрып:

- Атаңның басына ыржиясың ба, артыңа неге ие болмайсың? – деген екен.

***

Өлім жазасына кесілгелі жатқан адамнан соңғы тілегін сұрапты. Сөйтсе:

- Соңғы мәрте сериал көріп өлейінші. Арасындағы берілетін жарнамасын жақсы көруші ем, - депті.

***

Германияны аралап жүрген бір қазақтың қазақшасы да, орысшасы да іске аспай, нанның өзін ыммен сұрап, әбден қиналған екен. Келесі күні ол қазақшаны немісшеге иіп келтірмекші болады. Көшеде жүрген өзі сары, көзі көк біреуге жақындап:

- Бұл қай зер? – дейді тілін әдейі немісшеге бұрап. Сонда алдындағы кісі:

- Ит філсін, - деп жауап қайтарыпты. Сөйтсе ол да өзі сияқты қазақ екен.

***

Студент анасына хат жазып отыр: «Мама, менің аяғым тоңып жүр, жүн шұлығымды тезірек салып жіберіңіз. Тек жақсылап орауды ұмытпаңыз, жанындағы шұжықтың майы жұғып, бүлініп қалып жүрмесін».