Елес...
жеке
блог

Елес...

Әкем ауылда екі қабат етіп зәулім үй салды. Біздің ауылда екі қабат етіп салынған үй бар-жоғы екеу еді. Біреуі – біздің үй, екіншісі – әкімдікі. 

Біздің үй басқа ешбір үйге ұқсамайтын. Әкемнің шеберлігінің арқасында үйдің іші шығармашылыққа толы болды. Әкемнің шеберлігі – өз алдына бөлек тақырып. Оны ел арасында "алтын қолды" деп те атайтын. Тіпті кей бөлмелерде есіктің орнына шашақты ленталар төгіліп, көздің жауын алып тұратын. 

Бірақ үйдің ішін бейне бір көзге көрінбесе де, сезілетін нәрсе кезіп жүргендей, көңіліміз тыныш болмайтын. Бөлменің әр бұрышында біреу отырғандай, жалт қарасаң, жоқ болып кететін. 

Әрдайым бізді біреу аңдып жүргендей, әрдайым сыртыңнан біреу қарап тұрғандай болатын. Кейде "көзіме көрінсе екен, тым құрыса түрін көрейін" деп тілейтінмін. Әкем мен анама айтсам, олар "мән берме" деп мардымды жауап бермейтін. 

3 сыныпта оқитын кезім болса керек, бір күні сабақтан келіп, жердегі плиткада қайнап жатқан сорпаны құйып ішпек болдым. Кәстрөлді сәл қисайта бергенімде, кәстрөлдегі ыстық сорпа екі аяғыма түгелімен төгілді. Екі аяғым тызылдап, жаным көзіме көрінді. Сол кезде біреу құлағыма: "Далаға шық, далаға шық, аяғыңды суға сал" деп сыбырлағандай болды. Қыс мезгілі болатын. Далаға атып шығып, екі аяғыммен аппақ қарға із қалдыра жүгіре бердім. 

Абырой болғанда, терісі ғана күйіп, басқа жері дін-аман қалыпты. Бір айдан соң, жазылып, аттай шауып, ойнап кеттім.

Мен одан кейін "ол нәрсеге" көп мән бермейтін болдым. Өйткені ол бізді бұрынғыдай жиі мазаламайтын. Көп өтпей, қалаға оқуға кеттім. Үйдегі елес ұмтылды.

Бірақ әр сәт балалығым еске түскенде: "Сол кезде құлағыма сыбырлаған кім?" деген сұраққа жауап таба алмаймын. 

Көрнекі сурет: nuclear-wallpapers.ru.com