Менің Қапал-Арасаным

Менің  Қапал-Арасаным
жеке
блог

                                                   
                                     МЕНІҢ Қапал-Арасаным!
          
                             "Арасан" тек сен мендіксің! Мен ғана сенің ұланыңмын. Мен ғана!!!

                Ежелден жер жәннаты - Жетісу қыдыр кезген, табиғи байлығын санап тауыса алмайтын ғажайып өлке. Оған нәр беріп жатқан өзен, көлдер, құзар шыңды таулардан бас алып, төмен қарай төңкерілген мың сан бұлақтар жамыраса 
келіп, майтопырақ, жусанды даланы буға, қу жапқан тақырды нуға бөлеп, несібелі, берекелі өңірге айналдырды. Күншуақ көктемі, жадыра жазы, қоңыр салқын күзі, ақ қарлы қысы, жанға шипа таза ауасы, жасыл жайлауы - тіршіліктің қайнар көзі емес пе?!
            Жер жәннаты Жетісудың асыл қазынасы - Арасан. Ақ бұлттардан алқа таққан Ақ басты Алатау, солтүстігі жағынан ауылды тау өзені құшағына орай ағады. Оның «Бүйен» деген аты өзіне жарасып тұр.

            Мен - ауыл баласымын, таулықпын! Арасан ауылы - менің кіндік қаным тамған жер. Балалық шағым осы өлкенің құмы мен тасында өткен, сондықтан ауылды сүюге деген махаббатым доп қуып жүрген кезімнен басталады. Ауыл баласы болып өскеннен соң ауыл аймақты бес саусақтай білесің. Мен табиғатты тамашалап, серуендегенді ұнататын адамдардың бірімін. Арасан ауылына демалуға келген қонақтарды қызықтыратыны өлке табиғаты. Бүйен өзенінің жағалауындағы мүсінші адам қолымен қашап жасалғандай қия беттегі « Тасбақа» тас, қанат қомдап биіктерге ұшайын деп тұрған « Бүркіт тас» бейнесі көрген жанды бірден өзіне тартып, көз жауһарын алады. Ауыл шетіндегі дөңгелек төбе басында астына қалың етіп төселген көрпедей көк шалғында малдасын құрып отырған « Шежіреші шал» бейнесі тәрізді тастың өзіндік тарихы, аңызы бар. 
Домбырамда күй тұнған,
Жанымнан толқып жыр туған.
Бір әуен айтып берейін,
Ояншы сәулем ұйқыңнан,- деген өлеңді ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов біздің ауылдағы « Қапал - Арасан» шипажайына келгенде жазған «Ұйқыдағы ару» өлеңі екен. Қаратауға көз жіберіп қарасаң тау қатпарымен көсіле жатқан ұйқыдағы қыздың бейнесі көрінеді. Бүйен өзенінің оң жағалауында орналасқан «Шоқпар тас» жайлы ақын Қанатай Құдайбергенов 
Қаратау қалқа болған Алатаумен,
Бүйеннің салқын соққан самалымен.
Шоқпар тас қия бетте құламай тұр,
Қойғандай Баян қыздың қалауымен, -деп қара өлеңмен бейнелегені ғажап көрініске тамсағаны.
Ұлы даланың сұлу мекені - Арасан! Қазақ сахарасының маржан көздерінің бірі - Арасан өңіріндегі жеті керемет жұмбақ жерлері. Халықтың демалуға, серуендеп шығатын жерлері: әйгілі «Гаухар тас» киносы түсірілген « Үңгір тас», « Байталас». 
Табиғат- портрет , бірақ шебер емес,
Табиғат- шығарма,бірақ суретші емес.
табиғаттай шығарманы жазған жазушы құдіреті күшті - Жаратушы Алла. Арасан ауылының табиғатын таңдана, тамсана көзбен көрген соң, сөзбен жеткізу қиын, ол үшін Мұхтар Әуезов пен Мұқағали Мақатаев қайта туып, біреуі -прозамен, біреуі -поэзиямен суреттеуі керек шығар.