Карманщиктердің шешімі мен бүгіні

Карманщиктердің шешімі мен бүгіні
жеке
блог

Осыдан 3-3,5 ай бұрын карманщиктер туралы блог жазып, біраз талқыға түскен болатын.  Көп адам мені қолдамағандай болып, әрекетімді бұрысқа балаған. Ал мен тәуекел еттім. Сіздерге түсінікті болу үшін әуелі сол блогымнан үзінді келтірейін.

Карманщикпен қалай таныстым? Қарап тұрдым. Ол алатынын алды. Келесі аялдамадан түсіп қалды. Автобуста әлгі адам шу шығарып, жылап-еңіреп қалған шығар, білмейм. Өйткені мен де әлгі жігіттің соңынан түскен ем. Ол сол аялдамадан келесі автобусқа мінді. Мен де міндім. 5-6 аялдамадан кейін ол өз ісін тағы бітірді. Мен әлі соңында келем. Кенет журналистіктен актерлікке ауыстым. Әлгі жігіттің тура алдына келгенде қатты ауырып, бүк түсіп құладым. Ол әрине назар аударды. Маған көмектесуге ұмтылды. Менің де күткенім сол. Жағдайымды сұрап, безек қақты. Кәдімгі қазақ жігіт. Маған қарындасындай назар аударды. Жүзіндегі жылылықты көріп таң қалдым. Маған көмектесіп жатқан әлгі ұры емес, бөтен адамдай. Мені ауруханаға апаруға әрекеттенді. Одан жағдайымның жақсы екенін айтып, мүмкін болса, үйіме жеткізіп салуын өтіндім. Сондағы мақсатым онымен әңгімелесу. Аздап қорқып тұрғаным рас. Білдіртпеуге тырыстым. Өз ауданыма келгенде біз тіпті бұрыннан таныс адамдардай сөйлесіп кеткен едік. Енді ерке мінезіме салдым, қарнымның ашқанын айтып, бірге тамақтануды ұсындым. (Қыз басыммен жігітке) Embarassed Ол біраз қиналыңқырап барып (жәй қыздың көңілін қимады білем) келісім берді. Үйге жақын маңдағы дәмханаға кіріп, тамаққа тапсырыс бердік. Ұзағырақ отырып әңгімелесу үшін, көбірек тамаққа тапсырыс бердім. Ал ана жігіт шок, бәрін жей аласың ба дегендей қарайды. Тамақтанып отырып, көөөп әңгімелестік. Қысты жақсы көретінімді, театрды сүйетінімді, шығармашылықпен айналысатынымды айттым. Ол да айтты әңгімесін. Еріксіз төгілді. Бар сырын айтты. Тек еш жерде аты-жөнін атамауымды өтінді.

Ол қалай карманщик болды? –Ауылдан алғаш келгенде, екі қолға бір күрек табылар деп келгенбіз. Алайда шағын сауда мен арба сүйреу күнделікті ішім-жемнен артылмайды,–деп бастады ол әңгімесін. – Кейінірек көрші ауылдың жігіттерімен кезігіп қалдым. Арба сүйреп жүргенімді білген олар, бірден өздеріне шақырды. «Бойың да, түрің де келісіп тұр» деп өз кәсіптерін түсіндірді. Байқасам, оп-оңай. Десе де аздап, жүрексіндім. Есесіне табысы мол. Бірнеше апта жігіттерге еріп жүріп, үйрене бастадым. Біздердің өз ережелеріміз бар. Ең бастысы қолдың ептілігі. Мен тез-ақ үйреніп кеттім. Бірнеше рет өз территориямыздан асып кеттім, басқа территориялардың кісәпірлерінен таяқ та жегем. (күлді) Ал қазір өз ісімнің майталманымын десем де болады. Бұл іспен айналысқаныма он жылдай болды. Мектеп бітіргелі қалада осы кәсіппен айналысамын. Ауылға тәп-тәуір ақша салам, үй-ішімді осылай асырап жүрмін десем де болады, – деп сырын бөлісті. Сосын мен осы тақырыпты жазғым келетінін айтып, қиыла кеттім. Ол тағы қиналды. Сосын «мен почти бәрін айтып тастадым. Қаласаң, тағы бір жігітпен таныстырайын. Оның да әңгімесін тыңда» деді. Қуана келістім. Ертеңіне ол әріптесін алып келуге уәде берді. Онша сенбесем де, сенім артуға тырыстым. Ол уәдесінде тұрды. Менің таң қалғаным да осы. 4-күні үшеуіміз наурыз көже ішіп отырып тағы да кеңінен әңгімелестік.

Уәде мен сенім. Заң қызметкерлерінен неге жасырдым? Бұл туралы мақалам жарыққа шығып, блогым біраз талқыланып болған соң, маған қалалық полицейлер байланысқа шыға бастады. Оларды сырттай   көрсетуімді өтініп, мен айтқанымды айтпайтындарын тілге тиек етті. Алайда мен келіспедім. Себебі, оларға уәде бердім. Ал олар маған сенді. Мен ең бірінші оларды карманщик деп емес адам деп қабылдадым. Және оларға дос болу арқылы көмектескім келді. Біз оларға сенбей және олардың сенімін ақтамасақ, дұрыс жолға түсеріне кім кепіл? Ерегіскенде одан бетер жағдай ушығып, олар тіпті жаман жолға түсуі мүмкін ғой. Осы жағын ескердім. Тепсе, темір үзетін жігіттер. Тек бағыттарынан шатасқан. Бірақ оларды да жөнге шақыруға болады. Ет пен сүйектен жаралған жандар. Оларды ұстап бергеннен маған пайда жоқ. Керісінше олардың сенімінен шықсам, ұтуым мүмкін. Бәрін ойландым, сараладым. Сосын тәуекел етіп, оларды жасырып бақтым. Түбінде олардың «мен» деген мықты азамат болып қалыптасарларына сендім. Ең бастысы, мен карманщиктерге сендім және оларды сендіре алдым.

Түрмеге тоғытқаннан не пайда? Кейбіріңіз қылмыскерді жасырғаным үшін жазғыруыңыз мүмкін. Алайда, дәл солай ойлап отырған болсаңыз, сізге бір сұрақ, оларды (мен кезіктірген карманщиктерді) түрмеге тоғытқаннан не пайда? Түрме адамды тәрбиелемейтінін, керісінше тоздырып жберетінін сіз де, мен де жақсы түсінеміз. Онсызда саны аз қазақтың оқталдай азаматтарын түрмеге жаптырғанда не ұтамыз және неден ұтыламыз? Ойланып көріңізші. Оған дейін мен ойымды айта тұрайын. Ұтатынымыз: карманщиктердің санын екіге азайтамыз. Болды! Ұтылатынымыз: тепсе теміз үзетін қазақтың екі бірдей азаматынан айырыламыз. Екі азаматты түрмеге жапқан соң, үйленбеген екі жігіттің болашағына өз қолымызбен балта шабамыз. Екі шаңырақты ойрандаймыз. Екі жігіт үйленсе кемінде орташа есеппен 2-3 балалы болады делік, одан кемінде 10-12-ден немере, 7-8-ден шөбере сүюі мүмкін. Сонда қарасақ, екі карманщикті түрмеге отырғызамыз деп 46 адамның өмірге келуіне кедергі келтіруіміз мүмкін. Ал қазақ үшін қайсы тиімді сіз үшін? Екі тентекті жөнге келтіре алмағанымыз үшін 46 ұрпаққа балта шабамыз ба? Жарайды, бәрін қойып, көзді жұмып, түрмеге отырғыздық делік. Шыққан соң бұл жігіттердің одан екі есе зор тірлікпен айналысып кетпесіне кім кепіл? Осының бәрін ойлана келе мен оларды өз еркіммен жасырдым.

Карманщиктер не ойлады? Иә, расымен олар маған онша сенген жоқ. Маусым айының бел ортасына дейін өздерін қашан ұстап әкетеді деп күтті. Өйткені мен ұстап береді деп ойлады. Үнемі елеңдеумен болды. Алайда оларға ешкім барған жоқ. Ұстаған жоқ. Жауапқа тартылып, қамауға алынған жоқ. Демек мен уәдемде тұрдым. Олар соған риза болды. Және таң қалды. Құрығанда біреу қысып жіберсе, қаршадай қыз бәрін айтып береді-ау деп күткендерін жасырмады. Және өмірлерінде маңызды бір шешім қабылдады. Не шешім екенін білесіз бе? Әлде ішіңіз сезіп қойды ма? Сонымен олардың шешімі...

Күтпеген звонок. Карманщиектердің тосын сыйы. Кешегі сенбіде осы блогты жазуыма себепкер болған жағдай болды. Жасырмаймын, мен олармен қайта байланыспай қойған ем. Не істеп, не қойып жүргендерінен де бейхабар болатынмын. Сол «кәсіптерімен» айналысып жүргендлеріне күмәнім жоқ-тын. Демалыс күндері күтпеген звонок келді.

–Алө?

–Ақбота?

–Ау?

–Қалың қалай, қарындасым? Мен ғой, әлгі... (атын атамаймын)

–Иә, танып тұрмын. Өзіңіз қалайсыз?

–Жақсы-жақсы.

–...

–Ақбота, менің де сендей қарындасым бар. Қыздың бәрі аяулы. Білем. Саған деген құрметім ерекше. Ризамын. Шынымды айтсам, саған сенбеп ем. Қашан ұстап береді деп күттім. Уәдеде тұруды, адалдықты, сенімді, еңбекқорлықты сенен үйрендім. Рахмет саған. Бірақ сенбегеніме ұялып тұрмын. Мен бір шешімге келдім. Саған айтар жаңалығым бар.

–Енді жаңадан бері ұялытып, мақтай бермей, бірден жаңалығыңыздан бастамадыңыз ба?Embarassed

–Қарындасым, мен өзгеруге, адам болып, отбасымды адал жолмен асырауға шешім қабылдадым.

–Охо, жарайсмыз, аға! Мен сіздің сөйтеріңізге сенгем!Kiss

–...-ге (қай жер екенін тағы құпия қалдырайын) күзетші боп жұмысқа кірдім. Айлығы аздау, бірақ бәрі бірден болмайды ғой. Екі күн істеп, екі күн демалам. Былай жақсы екен.

–Аға, біз жақта дворник керек деп жатқан еді кеше ғана. Қаласаңыз, сөйлесіп берейін. Екінші жұмыс қып істейсіз бе? Екі айлықпен кішкене тәуір болатын шығар.

–Әрине, істеймін. Онда өзіңнен хабар күтем.

–Жарайд, аға!

–Айтпақшы, мен шілденің 15-іне қарай мұннан алғашқы айлығымды алам. Сосын бірге тамақтанайық!

–Болд, аға, сіздің адал асыңыздан ауыз тимеу ұят болар!Foot in mouth

P.S. Міне, осылайша, әуелі Алланың, сосын мықты сенім мен берік уәденің арқасында осындай қуанышқа кенеліп жатқан жайымыз бар. Қателеспейтін пенде жоқ қой, тек қатты жазғырмайықшы!