"Өмірге мәз" бетперде киіп алдым

"Өмірге мәз" бетперде киіп алдым
жеке
блог

Мені ұнатпас адамды сүйіп қалдым,
Тізгінсіз қалды жүрек, қалды көңіл.
"Өмірге мәз" бетперде киіп алдым,
Ал ішімде сүріп жүр өлік өмір.

Сағыныштан тұрғыздым зәулім сарай,
Естелікпен сүрейін деп өмірді.
Жарық күнім сыйлаған шуақты арай,
Мәңгіге құлазытты бұл көңілді.

Бақыттымын, бақыттың таттым дәмін,
Шүкір Алла, оралмас сол бір күнге.
Ұғына да бастап ем өмір мәнін,
Бәрі алдамшы екенін ұқтым түнде. /23.06.14/

***

Бес парыз-парыз,
Жүктелген пендеге!
Имансыз кеткен,
Пенделер кенде ме?!

Құлшылықты түзесек,
Тіршілікті түзейтін Аллаһ!
Сауапты іс қылсақ,
Күнәмізді "күзейтін" Аллаһ!

Тебеміз сыртқа!
Бұйырған бақты Алла!
Үміттің тағы да,
Сәулесін жақты Алла!

Қауыштық, шүкір,
Ораза- сұлтанмен, Алла!
Қалайша оны,
Бостан бос құртамын Алла!

Әлсіреп кеткен ед (і) менің,
Иманым. Кешші(ір), Алла...?
Тағдырымның түйнегін,
Өтінем, шешші, Алла...?

Бір мәнін келтіріп,
Көрсетші жолды, Алла...?
Жанарым бүгінде,
Тек жасқа толды, Алла...

Жәрдемшім - тек Алла!
Пәрмен күш Сенде, Алла!
Иманның нұрынан,
Қылмашы кенде, Алла...?

Жайнамаз төсеніп,
Құранды жастанып.
Шіркін-ай, жүрсем ғой,
Иманға "мастанып".

Жанарды шел баспай,
Жаманнан қыр аспай.
Иманға неге осы,
Келмедім мен жастай (?).

Тәуба айтам, алайда,
Осы бір күніме.
Өмірді бір мәнді,
Тырысам сүруге... /28.06.14/

***

"Бұйырғаны кетпейді,
Бұйырмаса жетпейді."
Осыны енді ұғындым.
Аллах бәрін реттейді.

Сан сынаққа салса да,
Көңіл мыңнан қалса да.
Иманға жүрек толса екен,
Жанды қашан алса да.

Сүй біреуді, сүймегін.
Бұл өмірде түйгенім:
Болмайды екен түк құны,
Сезім үшін күйгенің.

Ұзақ болды "жорық" тым,
Кешеуілдеп жолықтым.
"Уақыт бәрін айқындар".
Осы айтқаның жөн. Ұқтым.

***

Лаулап сезім жанған тым,
Сағынышым салған мұң.
Сізді күтіп қалғанмын,
Аралында Арманның.

Бес күнінде жалғанның,
Сіз жайлы ән салғанмын.
Биігі деп талғамның,
Сізді таңдап алғанмын.

Үмітке үміт жалғадым,
Сезім көкте самғадым.
Менің Асыл тармағым,
Жоғалтып мені алмағын.

Мен шыңдамын, жар маңым,
Сізсіз бүршік жармадым.
Аралында Арманның,
Сізді күтем..., Арманым... /25.06.14/

***

Бір барғым келсе егер сонау, сол көктемге,
Аман "ба екен" деп, тұрамын хәл сұрап.
Сағынып, оралғым келгенде өткенге,
Естелік сәттерді аламын бір құрап.

Мен үшін тым биік, шыға алмас шынарсыз.
Әлі де биікке, сұлуға құмарсыз.
Білемін, Сіз мені ұмытқан шығарсыз.
Дәл мендей қайыңды қайдан Сіз ұғарсыз.

Тұрмайды уақыт еш, сырғиды сынаптай,
Шексіздік ұғымы тән емес бізге еш.
Пенде де тұра алмас ешкімге құмартпай,
Өмір сүр дәл қазір, болады күзде кеш...

Сіз керек емессіз, іздеп те, күтпеймін,
Деп әркез өзімді жұбатам...жылатам.
Бақыттың суретін салып еш бітпеймін,
Арманның қамалын жасаймын,
...содан соң құлатам.

Бұл жаһан қанша кең болғанмен, сонша тар,
Кеудемде жүрегім таппайды бір тыным...
Қаншама ғашықтар...біріне-бірі зар...
Кім қалай бағалар бақыттың шын құнын?

Үнсіздік-тыныштық сыйлайтын тылсым сыр,
Сізден тек қалғаны осы сый мендегі.
Мен жүріп өтпеген бейтаныс бұл қай қыр?
Өмірдің ұсынған мұңы әлде кем бе еді?

Тек түнге айтамын сырымды, ай-досым,
Жүрегім жарылар сақталған сарқыттан.
Мұңыма, мұныма Себепшім, қайдасың?
Көзімнің жасын жүр, әнеки, сарқып таң... /19.06.14/

***

Бейнеңді күнде әрлейсің,
Тұрып ап айна алдына.
Жаныңды күнде жерлейсің,
Жат сөзден жақ талды да.

Сыртыңды жөндеп әлексің,
Ал, ішің бықсып жатады.
Рухани жөндеп тұрмасаң,
Тас болып жүрек қатады.

Жақсы сөз сөйлей білмесең,
Үндемей жүргін, мылқау бол.
Жақсының сөзін ілмесең,
"Білмеймін" деуің-сылтау ол.

Өзгені сыйлай алмасаң,
Өзің де сыйды күтпегін.
Қайғыда доспен қалмасаң,
Қуанышта маңнан өтпегін.

Сүйемін деуің бос әлек,
Дәлелсіз болса сөздерің.
Ісің жат, сөзің болса ерек,
Куәгер болмас көздерің.

Сезімсіз ойнап, күлмейсің,
Сезімсіз жалғыз жүрмейсің,
Сезімсіз тірлік білмейсің,
Сезімсіз өмір сүрмейсің... /20.06.14/