МЕН - АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫМЫН, АТЫМ - АДАМ!

МЕН - АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫМЫН, АТЫМ - АДАМ!
жеке
блог

Мен - Алланың құлымын, атым - адам.
Адамдықтың түсініксіз заты маған.
Құнды қағаз билеген бұл заманда
Не қалды ақша-алтынға сатылмаған?

Біреулер жүр айфон үшін бүйрек сатып,
Сүрінгенге күледі күйреп жатып...
Ойланбаймыз имансыздық түйреуішін
Ет жүрекке мәңгіге түйреп жатып.

Көрсоқырлар "шүберекті" әйел дейді.
Ал әйелдер "ақ-пәктігін" дәлелдейді.
Қыз қырғынның неліктен бас ауруын
Ақша менен көйлектер, сән емдейді?!

Тәннен бұрын жанымыз қалжырайды.
Жұтып жатыр мәні жоқ ән-жыр айды.
Осы неге кір қағаздың кесірінен
Некедегі жұп арасы ажырайды?!

Көрмей өтіп туысты көшедегі
Киіледі үстіңе өр шинелі.
Адамдардың абыройы осы неге
Иман емес, қалтасымен өлшенеді?!

Ол* болмаса, соңыңнан жан ермейді.
Мұңды жанды досың емес, ән тербейді...
Құрығыр бір теңгесі жетпей тұрса
Дүкендегі "апайың" нан бермейді...

Шірітуде ақша атомы қанымызды,
Сатамыз-ау шайтанға жанымызды...
Көбейтуге асығамыз сауапты емес
Есепшотта жиналған "санымызды"...

"Имансыздық" дертіне шалдыққасын
Талайлар жүр сүйреп мисыз қалдық басын.
Жаны менен тілі жоқ "асыл" қағаз
Санасы бар біз бен сізден артық па шын?!