Мәселе қазақ тіліне келгенде отыра алмаймын....
жеке
блог

Мәселе қазақ тіліне келгенде отыра алмаймын....

Бір топ филологтардың арасында жұмыс жасаймын.

Өзім техникпін, алайда тіл жағына келгенде сол филологтармен келісе алмай қалатын кездерім болады.

Аударма жасағанда келісе алмай дауласатынымыз бар. Біреуі бір сөзді аударады да екіншісіне көрсетеді, оған үшіншісі қосылады. Сүйтіп жабылып жүріп аударады, әп-әдемі аударады. Бірақ, өз-өздеріне сенбейді, осымыз дұрыс па, басшылыққа ұнамай қала ма, бұрынғылар қалай аударыпты деп компьютерге жүгіреді. Осы жерде құртады бәрін.  «Ойбай, былай екен, жоқ былай» деп жүріп әп-әдемі аударманың быт-шытын шығарады-ей. Ақыр соңында өздері де түсінбейтін бір сөйлем шығады. Мысалы, мынандай сөйлем Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан. Сол кезде шыдамай(!) мен кірісемін. Одан да Тәуелсіз Қазақстан деген дұрыс қой, құдай сақтасын, Қазақстада тәуелсіз және тәуелсіз емес жағдайлар бар ма сонда деймін. Жоқ, Ақмарал, деп дауласса өмірі сөз бермейтін тәтем бастайды. Тәтемнің сырын білетін мен ебін тауып құтыламын. Ақыр соңында менің айтқаным мақұлданыпты. Мен филолог болмағасын басында мән бермеді, сосын филологтар жабылып таба алмағанды мен тауып қойғаныма «ызаланды», ал қазір менімен санасатын болды))). 

Осы аударма деген қазақ тілін әбден құртып бітті. Екінің бірі орысшадан қазақшаға аударғыш. Мән-мағынаға, сөздің сөйлемнің қазақылығына қарап жатқандар аз, сөзбе-сөз аудару дұрыс деп ойлайды. Орыстың тілі жақсы, көркем. Бірақ оны сөзбе-сөз аударсаң қазақша түсініксіз, көріксіз бірдеңе шығады. 

Аударма жасағанда –скийдің бәрі –лық, -лік бола бермейтінін есте сақтайықшы. Осы жайлы Мұртаза Бұлұтай «Дін және дәстүр» атты кітабында жақсылап айтып өткен.

Сосын –ның, -нің жалғаулары кейде жазылмай жасырын тұратынын білесіздер.  Менің сүйікті филологтарым осыларды оңды-солды жалғай береді.

Мен ойлаймын, аударма жасағанда орысша сөйлемді жақсылап түсініп алу керек сосын түсінгеніңді қазақша қатырып жазу керек, болды.  Еее, бірақ та ол үшін де қазақтың көркем тілі керек қой. Кітап оқымайтындарға бәрібір қиын болады. Қысқасы, сапалы аударма жасау үшін кітапты көп оқу керек!