«Байлы болудың» бонустары

«Байлы болудың» бонустары
жеке
блог

Көп сөйлейтінім сияқты «көп шимайлайтыным» да бар. Содан шығар, әлеуметтік желіде оқырманы көп аккаунт иесімін бүгінде. Өкініштісі, ойымды толықтай жеткізе алмай қиналып жатам көбінесе: Твиттерде мүмкіндік шектеулі, Инстаграмың да ол жағынан оқ бойы озық тұрғаны шамалы... сол себепті, мүмкіндігі шектеусіз еркін кеңістікке шықтым!!! 

 

Ал, Ассалаумағалейкүм!!!

 

Өзге танымал адамдарды қайдам, менің парақшамда ылғи да – бітпейтін қырғын, тартыс, пікірталас... сөз бастайтын да, ол сөзді «дұрыс» түсінбей қалып шу шығаратын да, бір кезде елді сабырға шақырып, тоқтау айтатын да сол – әйелдер! /бірлі-жарым еркектердің де араласып тұратыны бар, әрине...көп емес, бірақ! /

Соның ішінде тіке-тірес бәйбіше мен бойдақ қыздардың арасында өршиді үнемі, байқағаным! Мына жақ: «Ой...сендер түсінбейсіңдер...» - дейді. Екінші тараптан: «Сендер байға шығып алыңдаршы, сосын көрейік қалай сайрайды екенсіңдер...» - деп, міндетті түрде жауап қатады, үнсіз қалу деген болушы ма еді?.. содан кетеді дейсіііііің... абырой болғанда, модератор болып отырған мен комменттерді өшіріп «нүктесін» қоям. Ұққаным: екі жақ үнемі тартысады да жатады және кейбірінің комменттерінен өкініш пен қызғаныштың лебі есіп тұратынын аңғарам.

Бойдақ қыздар «байға тисем» деп армандайды, байлы әйелдер аз ғана уақытқа болса да, бойдақтың басындағы бостандықты аңсайды. Заңдылық ол: қолда барды қанағат тұтпаймыз. Бала кезде де сөйтуші ек қой: өз бақшаңда алма төгіліп жатады, сонда да көршінің алмасы тәттірек сияқты боп,  мойын бұрасың да тұрасың... сонымен, сұраққа берілдім: қай жақ бақыттырақ??? Анау әзіл әңгіме бар ғой: арыстан барлық аңдарды жинап алып: «Байға шыққандарың – оң жаққа, шықпағандарың сол жаққа тұрыңдар!» - депті. Сонда қоян екі ортада жүгіріп жүр екен: «Қайтып келгендер қай жаққа тұрады?» - деп. Сол сияқты, «ҚАЙ ЖАҚ бақыттырақ?» деп сұраққа берілдім: оң жақта отырғандар ма, отағасының жанындағылар ма, бойдақтар ма, байлылар ма?.. Өйткені, бір келіншектің жазғаны бар: «Мен бұрын солай деп ойлаушы едім: күйеуге шыққанда барлық проблемам шешіле кетердей боп көрінетін. Сөйтсем, қиындықтар екі еселене түседі екен... осы күніңізді бағалай біліңіз!.. » - деп.

Содан жан-жағыма қарап, айналадағы байлы-байсыз құрбыларымның жай-күйін бағамдап, өзімнің де азды-көпті көргенім мен ойға түйгенімді ортаға салып мынадай ҚОРЫТЫНДЫға келдім:

 

Байлы әйел

Бойдақ қыз

1

Бостандығы «шектеулі»: қалаған жеріне қалаған уақытында бара алмайды, кез-келген мәселеде ерінен рұқсат сұрауы тиіс, оған қоса, балаларға да тікелей жауапты адам.

 

Рахат! Тәуліктің қай мезгілінде болмасын үйден еркін шығып кете алады. Ешкімнен рұқсат сұрамайды, ешкімнің алдында есеп бермейді. Бірақ... көңілі елең-алаң! Байлы құрбысы сияқты сенімді жүре алмайды. «Сен маған керексің!» - деп отырған адам жоқ, өйткені! Ал, керексіз болудан асқан қасірет жоқ әйел заты үшін...

 

2

Қоғамда белгілі бір «орны» бар: ол – пәленшенің әйелі!  Сол «статусына» сәйкес жауапкершілік те жоғары: дұрыс жүру, дұрыс сөйлеу... азаматының абыройын тәулігіне 24 сағат «ойлап» жүруге міндетті.

 

 

Рахат! Кез-келген ортада өзін емін-еркін ұстайды. Байлы құрбысы сияқты әр сөзін екшеп, салмақты ой айтуға міндетті емес. Орынсыз қалжың айтса да, айналадағылар «кешіре салады» оңай.Бірақ... бетіне күліп қараған сол адамдар сырт айнала бере «болмағанды болды етіп» өсек сөз тарата жөнеледі. Жүрген жеріңде – өсек! Өйткені, сені қалқалап қорғап қалар азаматың жоқ, жұрт соны біледі, жұрт соны пайдаланады!

 

3

Өздігінен шешім қабылдай алмайды. «Мен былай істеймін!..» - деп бойдақ құрбысы сияқты мұрнын шүйіріп, есікті тарс жауып кетіп қала алмайды. Ерімен ақылдасуы керек, азаматы келісімін бермесе, жер тепкілеп тұрып алуға хақысы жоқ /жөні түзу отбасында ЕРКЕК билік жүргізеді, өйткені!/

 

Рахат! Білгенін істейді! Қазір-ақ телефон соғып билетті «броньдатып» Башкирияға ұшып кете салады. Қазір-ақ жұмысын тастап, «жаңа өмір бастаймын!» - деп телефон нөмірін өзгерте салады. Шешім қабылдау деген түк емес! Бірақ... байлы құрбысына қарағанда бойдақ қыздар тез шаршап қалады. Өйткені, құрбысы тек: «Бүгін қонаққа қызыл көйлегімді кисем бе, жасылды ма?.. қиярдан салат жасасам ба, кальмардан ба?..» - деп майда-шүйде сұраққа бас қатырса, бойдақтар ол сұрақтармен қоса: «Өмірім әрі қарай қалай жалғасады?..» -  деп, күрделі сауалдарға жауап іздейді. Моральдық тұрғыда, бұл – әйелді қатты қалжыратып жібереді. Шешім қабылдау, соңғы нүктесін қою кез-келген мәселеде – еркектің ісі, өйткені! 

 

4

Байлы әйел ол – балалы әйел! Ал, балалы келіншектердің басты проблемасы – арықтау, қарынды кетіру! Бала босанғаннан кейін әйелдің дене бітімінде күрделі өзгерістердің болатындығы белгілі. /Әрине, жаратылысы сондай әйелдер бар, босанғаннан кейін өздерін тез жинап алады/ Спортпен айналысуға мүмкіндік бола бермейді: балаға күтім қажет, үйдің шаруасы бар дегендей... сонымен, өзіне ұнаған киімді кие алмайды, кимек түгіл, дүкендерден кейде жарасымды киім табу да – үлкен проблема...

 

Рахат! Сыптиған көйлекті ки де, жүре бер алаңсыз! Бұлшықеттердің бәрі өз орнында, байлы құрбысы сияқты кең көйлек іздемейді дүкеннен! Тура манекенде кигізіліп тұрған көйлекті көрсетеді сұқ саусағымен бутикке барса.Бірақ... бутиктен бұрын, дәрігерге баруы жиілейді бойдақ қыздардың. Әйел адамның ағзасы «жаңаруды» қажет етеді, өйткені!  Бала босанған сайын әйел адамның жасаратындығы жөнінде талай естіген боларсыздар?.. Миф емес!!! Шындық!!! Мәселен, түсірілім кезінде байқағаным, арамызда қанша бойдақ қыздар болды, тек біздегі оператор жігіттер Қарақат студияға кіріп келгенде «ауыздары ашылып» отырып қалатын. Бойдақтың өңі - бозғылт, ал 4 бала туып тастаған Қарақаттың жүзі бал-бұл жанып кіріп келгенде, тура жаңбырдан кейін күліп шыққан күн сияқты жарқ еткізді студияны. Байқамау мүмкін емес-тін ондайды... өмірге бала әкелген әйелдің ағзасы «жаңарады»: зат алмасу процесі, қанайналым процесі жақсарады... Ал, «бала тумай фигурамды сақтап қалам» - деп ойлау ҚАТЕ ПІКІР! Жыл өткен сайын адамның бұлшықеттері бәрібір босаңсиды, өйткені!

 

5

Үнемі үйдің тіршілігімен зыр жүгіріп жүреді. Соның ішінде үш мезгіл тамақ әзірлеу керек. Онда да отағасының сүйікті асы, ата-ененің жақсы көретін тамағы, балалардың сүйіп жейтін тағамы – барлығы күнделікті «менюда» болу керек. Кейбірінің азаматы дүкендегі дайын қамырды менсінбейді, қолдан нан илеу керек. Ыдыс жуу тағы бар... қысқасы, ас үйде сағаттап жүруге тура келеді /қонақ келсе жүгірісті екі есеге шапшаңдату қажет/ ...

 

 

 

 

Рахат! Ас үйге қалаған уақытыңда кіресің! Өзің қалаған тамағыңды істейсің. Қаламасаң – йогурт ішіп ұйықтай саласың. «Тамақ істемегенсің бе?» - деп желке тұсыңнан қарап тұрмайды ешкім. Телефонмен тапсырыс беріп алдырта саласың донер-пицца дегендерді. Бірақ...апталап жүре бересің ыстық тамақ ішпей, уақытылы тамақтанбайсың. Нәтижесінде: гастрит!!! Дәрігерлердің есебіне жүгінсек, асқазан аурулары көбінесе бойдақтарда кездеседі екен. Гаухар  Қаспақованың әніндегідей: «Өзіңсіз ас батпайды...» - ның кейпі. Сүйікті адамы үшін ас әзірлеп, одан соң сүйіктісінің мақтау сөзін есту – әйел адамға күшті стимул! Бойдақтарда ол стимул жоқ!!!

 

6

Шаршайды: үй жинау, кір жуу, шаң сүрту; ас үйдегі шаруа тіпті бітпейді: ыдыстарды жеке-жеке ас содасымен сүртіп жылтыратады, қазан-кастрюль, пешті тырмалап-тазалап, бұрыш-бұрышты, қуыс-қуысты «кометпен» ысқылап сүртіп... қаланың 35-40 шаршы метр үйінде де осындай майда тірлік бітпейді күнбе-күн...

 

 

 

 

Рахат! Өзінің ғана киімін жуады. Үй шашылмайды: еңкейіп еден жуғаны болмаса, бір аптада бір рет қоқыс шығаратыны болмаса; бір пиала, бір тарелканы жуғаны болмаса – басқа шаруа жоқ бойдақты тылпитып түсірер. Дегенмен, адам баласы ғой, бойдақтар да шаршайды. Бірақ... байлы құрбысы сияқты «перезагрузка» жасай алмайды өздігінен. Байының құшағында еркелейді, баласын еркелетеді, сөйтіп жоғалтқан энергиясын тез жинап алады құрбылары. Бойдақтың аккумуляторы табиғи жолмен күш жинай алмайды. Мейірімімен бөлісер адамы жоқ жанында, өйткені!  

 

7

Артық қыбыр-жыбырдан үркеді. Үйде жалғыз қалудан қорқады. Үнемі қасында адам болғанға үйреніп қалған, өйткені...

 

 

Рахат! Бойдақтарда ондай қорқыныш жоқ. Жастығын, я жұмсақ ойыншығын тас қып құшақтап ұйықтап қала салады. Далада күн күркіреп, анау үйдің шатырын ұшырып әкететін жел ұлып тұрса да, үйде жалғыз қалу деген түк емес бойдаққа... Бірақ...есесіне, өмірде жалғыз қалудан қатты қорқады. Түптің түбінде «ханзадаңды кездестіресің!» деп ешкім гарантия беріп тұрған жоқ, өйткені!

 

8

Әлсіз!!! Әрі кетсе жылай салады... Бәрі емес, әрине, мықты әйелдер де жетерлік. Алайда, АҚШ ғалымдарының зерттеуі бойынша, некелі әйелдер бойдақ қыздармен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз болады екен. Сыртқы күштерге төтеп бере алатындары некен-саяқ.

 

Рахат! Үнемі өзі шешім қабылдап, өз күшіне ғана сеніп дағдыланып қалған бойдақтардың «иммунитеті» мықты. Кез-келген жағдайда бедірейіп, көзінен бір тамшы жас шығармай жолдағы «кедергіні» еркектің қатысуынсыз-ақ бір шетке ысырып тастай алады. Жыламайды! Жылай алмайды! Жұбататын азаматы жоқ жанында, өйткені...

 

 

... тізе берсе, көп бонустары «байлы болудың»!!! Тек, бұл туралы, өкінішке орай, бүгінде айтатын да адам аз сияқты. Қалқаман Сарин жүргізетін «Кеш емес» бағдарламасында осы мәселеге қатысты сөз таластырғанымыз бар бірде. Сонда депутат Оразкүл Асанғазы: «Әр ата-ана айтып отыруы керек қызына: «Ертең тұрмысқа шығасың! Бала сүюің керек!..» - деп. Үйден бастау керек тәрбиені...» - деген еді. Қазір ойласам, сөзінің жаны бар екен. Сол кезде аса қатты мән бермеп ем...

Бойдақтың басындағы бостандық жақсы-ау, бірақ... сол «бірағы» көптеу! Жоғарыда келтірілген теңеу-аргументтерді ойдан шығармағанымды, өз басымнан өткен жайттардан құрап жазғанымды біліп отырсыздар. Өзім үшін емес, маған күнде: «Сіз сияқты журналист болғым келеді! Сіз сияқты танымал болғым келеді! Сіз сияқты эфирге шыққым келеді!..» - деп хат жазатын жасөспірім қыздар үшін қорқам! Рас! Қатты қорқам! Өйткені, жан-жағыма көз салсам, өңкей «карьера қуғыш» қыздар өсіп келе жатқан сияқты. Соның ішінде, эфирге шығуға ұмтылып, әйтеуір, көк жәшіктен бір көрініп қалсам деген арманын арқалап жүргендер де аз емес. Иә... заман өзгерді! Құндылықтар өзгерді! Бірақ... ер мен әйелдің миссиясы өзгеріссіз қалады! Қалуы тиіс те! Еркек – отбасының асыраушысы, әйел – ұрпақ жалғастырушы. Құранда жазылған: «Күн Айды қуып жете алмайды. Әрқайсысының ғарыш кеңістігінде өз орны бар...» Сол сияқты, анау Кончита сияқтылардан Құдай сақтасын!!! Ер – ер боп, әйел – өз міндетін атқарғаны дұрыс қой. Шахановтың өлеңінде бар:

Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген,

Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!

Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,

Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы...

«Күні кеше елдің алдында шашын тақырлатып алып тастаған қыз өзінше ақыл айтып отыр...» - дерсіздер мұрындарыңызды тыржитып... ақыл айтпаймын мен! Жай ғана өз басымнан өткен жайттарды тізбектей келе «қорытынды» шығарған түрім...

«Құдай үшін, Маржаннан үлгі ала көрмеңдер!. Маржан депрессияға көп түседі...» - деп айыптаған мені журналисттер. Ақымақтар!!! Мен шындықты жаздым! Көңілім құлазыған сәттерде «карьераның серік болмайтынын» басып айтсам, ашып айтсам – дұрыс емес пе оным?.. Үлгі алсын қайта менен көп қыз! Карьера қуу туралы емес, отбасын құрып бала туу туралы ойласын! Ұмтылмасын танымал болуға!.. Танымалдылықтың көп адамды «тақырға отырғызып кеткенін», әрине, білмейсіңдер сендер! Өйткені, біздің өнер адамдары эфирге күлімдеп шығып, Твиттерге «тәтті» тіркестерін жазып, инстаграмға «бақытты» сәтте түскен суреттерін қояды. Стадион жинап концерт қойып, мереке аяқталған соң үйіне сүмірейіп жалғыз өзі қайтқан қанша адамды көрдім. Өзім де талай рет съемкадан солай қайтқанмын. У-шу, сапырылыс... жан-жағыңда жарқ-жұрқ еткен шамдар... камералар... микрофон... көрермендер кезекпе-кезек сенімен суретке түсіп жатқан... бұның бәрі – бос дүние! Көк жәшіктен саған телміре қараған миллион адамның ішінен қиналғаныңда басыңнан сипайтын бір мұсылман табылмағанда – сонда сезесің нағыз сорақылықтың дәмін!

Мен ғана емес депрессияға түскіш! Танымал адамдардың арасында көп ондай күйзелісте жүргендер. Тек, жақсы көріну үшін жазбайды көбісі. Мен жаздым! Өйткені, карьера қуған қыздардың керемет бақытты боп кеткенін көргенім жоқ. Карьера қуудың соңы көбіне жалғыздыққа әкеп соғады, ал жалғыздыққа төзе алмағандарды күтетіні – Монроның тағдыры...

P.S. Айтпақшы... біз ғой ол жаңа терминдерді көп қолданғыш, бәйбішелердің лексиконында «депрессия» деген ұғым мүлде жоқ.

Ей, бәйбіше, сен бақыттысың! Бақыттысың!!!

Жазбада суретші Нұрлан Қилыбаевтың "Бесік жыры" жұмысы пайдаланылды.
авторы: Маржан Сұлтанбай