ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАННАН КЕЙІН НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАННАН КЕЙІН НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
жеке
блог

Байқауымша, massaget.kz оқырмандарының басым бөлігі отбасын құрып үлгермеген жастар. Соның ішінде бойдақ қыздар ертеңгі күні күйеуге шығып, отбасылы болады. Бір-бір үйдің жауапты адамына айналады. Сол отбасылық өмірді енді бастап келе жатқан немесе бастағалы отырған сіңлілеріммен өзімнің тұрмыс құрғаннан кейінгі аз-маз тәжірибеммен бөліссем деп отырмын. Ақыл айтудан аулақпын,әрине, оны өз ата-аналары айта жатар, тек достық кеңестер деп біліңіздер.

Білгенім, күйеуге шыққаннан кейін «тұрмыстағы қыз» атанып, сіз ойлағандай бір-ақ нәрсе өзгермейді, өте көп нәрсе өзгереді. Бөтен үй, жат адамдар, сонымен бірге кімді қалай атарыңды біліп болмайтын туған-туыс, көрші-қолаң бар. Онымен қоймай ол үйдің өз дәстүрі, ережесі, тәртібі бар – соның бәріне алғашқы кезде бірден үйренісу қиын болатыны айдан анық. Сондай кезде нөмір бірінші керек қасиет – бұл төзімділік және оның синонимі - шыдамдылық. Ашушаңдық, жалқаулық деген «қасиеттермен» бірге бойыңыздағы бүкіл еркелік мінездердің барлығын сыртқа шығарасыз. Сөйтіп сол уйдің «табиғатына» бейімделесіз. Себебі әлгіндей қылықтарыңызды күйеуіңіз көтерсе де (онда да уақытша), сол уйдің адамдарына біртурлі көрінуі мүмкін ғой. Алғашында бұл да қиын болады, бірақ уақыт өте келе адам бәріне де уйренеді емес пе?!

Біраз уақыт өткен соң «үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөзге шынымен де мән бере бастайсыз, сол сәтте аузыңыздан «анама айтам», «уйге кетем», «шаршадым», «мен де адаммын», «көргім келмейді» деген сөздер шыға бастауы мүмкін. Міне, сол кезде нөмір бірінші қасиетті қолданып кеп жібересіз. Өз еркелігіңізді жеңу дегеніміз осы. Мұны бір делік.

Екінші, күйеуіңіздің еркелігі. Көтеру емес, жеңу. Жеңу дегенде күрестегідей желкеден алып жерге атып ұру емес, әрине, алдымен әдемі сөзбен, сонан соң ақылмен және қулықпен жеңу. Дұрыс емес жерін дауыс көтермей, байыппен түсіндіресіз, одан түк шықпаса ақылға жүгінесіз, ал одан да ешнәрсе шықпаса қулыққа жүгінесіз. Себебі бұл тәсіл – сіздің абыройыңызды көтереді және еріңіздін алдында жақсы жағынан көрінесіз. Мүмкіндігінше, ұрысқақ мінезіңізді, жалпы жаман жағыңызды көрсетпегеніңіз жөн. «Әйелің қандай адам?» деп біреулер сұрақ қойғанда күйеуіңіз сіздің жаман мінезіңізді елестете алмай, таба алмай қиналсын. Түсінгенім, шаңқ-шұңқ ұрыстың түкке де керегі жоқ екен, бәрібір нәтиже өзгермейді, өзіңіздің бір, күйеуіңіздің бір жүйкесін жеп бітіресіз. Айтпақшы, қулық дегенді дұрыс түсініңіздер, арам ниет немесе арамзалық емес, жақсы ниеттегі қулық. «Жаным-ау, сен кереметсің, сендей адам жер бетінде жоқ-ау, сірә, бірақ...» деп бастайсыз әңгімеңізді.

Күйеу еркелігін қалай көрсетеді? Ол – қалаған уақытында қыдырып кету, сізді ескертусіз қалдыру, арасында өтірік сөйлеу, жауапкершілікті сезінбеу, кейбір сіз шамаңыз келмейтін ауыр жұмыстарды уақытында жасай қоймау немесе мүлдем жасамау сияқты бойдақтықтан қалып қойған «синдромдар» болуы мүмкін. Оларды да түсінуге болатын шығар, бұйдасын бос жіберген бұзау сияқты еркін өмірге уйреніп қалған ер адам үшін үйлену - басына бұғау, аяғына тұсау салынғанмен тең боп көрінуі мүмкін. Сондай кезде тағы да нөмір бірінші қасиетті қолдана отырып, жоғарыда айтып өткендей қайта тәрбиелейсіз. Есте сақтайтын жайт, бұл «тәрбиелеу процесіне» өзге адамдарды қатыстырмайсыз. Бұл дегеніміз – біреуге айтып немесе айтқызып, біреуге жамандап, жылап, көз жасты бұлап керек емес деген сөз. Себебі одан да ешқандай жақсы нәтиже шықпайды. Тек өзіңіз және күйеуіңіз.

Үшінші, сырт келбетіңіз. Әрдайым әдемі жүріп, таза, жарасымды киіну қажет. Қайта – қайта қымбат киім алып, апта сайын маникюр мен педикюр, күнде массаж бен макияж жасату керек деп жатқан жоқпын (десек те, уақыт пен ақша болса неге жасатпасқа?!), мүмкіндігінше сырт сұлулығыңызды сақтаңыз деймін. Айтар едім, жылдар бойы деп. Кейбір әйелдер «тиер күйеуімізге тиіп алдық, енді маған кім қарайды» деп ойлайды. Болмаса балалы болған соң, бала бағып, үй шаруасынан қолы тимей жатады. Өзіне уақыт бөлмек түгілі, жастыққа жетіп, қор ете қалуға ғана шамасы келеді. Мейлі, қандай жағдай болмасын әдемі болып жадырап жүргенге ештеңе жетпейді. Еріңіздің мойны сырт сұлуларға бұрылып кетпеудің бір тәсілі емес пе бұл да?! Тозығы жеткен жаман халатты тастамай, шашты күйеуіңіздікіндей етіп қиып тастап, тарқ-тарқ күліп, ары-бері ойқастап жүретін болсаңыз, жарыңыз да сізді еркек екен деп қалар?! Мұным қалжың, әрине, айтпағым – әрдайым әйелдік әдемілігіңіз бен нәзіктігіңізді жоғалтпаңыз. Және еріңізді де өзіңіз секілді мұнтаздай таза, жарасымды етіп киіндіріп қойыңыз.

Мына кеңестерден кейін «күйеуі құрысын, азап екен ғой?!» деп тұрмыстық өмірді – тозақ өмірге теңей көрмеңіздер. Ол сәттің де қуанышты, керемет күндері аз емес. Еріңнің сүйіктісі болу, балаларыңның балдай тәтті қылықтарын көру, осы жақын адамдарыңды құшақтап тұрып сүю - соның өзі, сеніңіздер, ең бір баға жетпес бақыт! Ақылды әйел үшін осыдан артық не бар?! Ал енді бала дегенде әңгіме бөлек. Бала – анаң секілді өмірдегі ең ғажайып сұлулық екен.

Әзірге білгенім мен түйгенім осы, сүйкімді сіңлілерім! Қазір ажырасу көп, отбасылы болған соң екі айдан кейін айрылысып кетіп жатқандар қаншама?! Өзім де көп қыздар секілді ерке болдым, бірақ өзгердім, отбасым үшін өзгеруге тиіс болдым. Сол сияқты көпшілік аруларға тұрмыс құрғаннан кейін осы айтқандарымның керегі болатынын білемін. Әрбірінің жақсы отбасы болып кетуіне септігімді тигізсем, ол да бір сауап істерімнің бірі болар деген ойдамын.