Балаларға базарлық

Бала махаббат /Әзіл өлең/

 

-Кім сені ренжітті, балақай?

-Қалақай.

 

-Қалақайды қайдан іздеп таптың тағы?

-Анооуу, кепенің артындағы.

 

-Кепенің артында нең бар еді?

-Қыста ойып шығарған көң бар еді?

 

-Ол көңге сен не үшін барған едің?

-Қажет болып кішкене алған едім.

 

-Қажет деймісің? неге? кімге?

-Лагердегідей от жағамыз түнде.

 

-Қайда? Кіммен?

-Айғаныммен.

 

-Айғаныыым? Ол кім болмақ?

-Көршінің үйіне келген қыз қонақ.

Лагерге ертең кетем дегесін,

Көрсетпек ем ауылдың лагерден кем емесін...

 

-Аййй, сен де, ондайда ағаш-бұта жағады, көң емес,

-Сіздің де маған сұрақты жаудырғаныңыз жөн емес.

 

-Ех бала махаббат, қадірің бар білгенге,

Кеше ғана боқмұрын  бүгін жігіт бір демде.

Көңнің сасық ысынан айналып басы талмасын,

Романтикамен сен басын айналдырып жүргенде))

 

 

Тасбақа

Бір тасын төсеп астына,

Бір тасын алған жамылып

Жатыр әне  тасбақа,

Қара терге малынып.

Жылап жатыр амалсыз,

Қарап едім тексеріп.

Сотқарлары ауылдың

Кетіпті оны төңкеріп.

 

Әкешім, анам

 

Құшағы жұмақ, табаны жұмақ кілтіндей,

Зәмзәмның суы сылдарап аққан күлкіңдей.

Анашым менің, Аллаһым берген бағымсың,

Сүре алман сенсіз өмірді мына бір күндей.

 

Әкешім, жаным, тауымдай биік, асқарым,

Бітпейтін жырым, таусылмас игі дастаным.

Маңдайдан иіскеп, басымнан сипап қойсаңыз,

Жұлдызым жанар өмірде мына қас қағым.

 

Әкешім, анам, маңдайға біткен бақтарым,

Ақылдарыңды түйсікке түйіп сақтадым.

Еңбектеріңнің жемісін көрсең екен деп,

Келеді әркез үміттеріңді ақтағым



Бөлісу: