Ауыл жақсы ғой
жеке
блог

Ауыл жақсы ғой

Ауылға бырап қайттым. Той болды. «Той» деген сылатау болды расында. Ауылды барып  мұрным шаң мен түтіннен басқа «табиғат» әтірінің жұпарын сезді.  Сол әтірсу сатылса сатып алар едім бағасын елемей. Құрамына: түрлі шөптердің қосындысы, таза табиғи оттегі мен кішкене ауылдың өзіндік иісі  кіретін тамаша микс.  

Таулардың «мен мұнда»-лап тұрған   шынарын,  жасылға боялып, гүлмен безендіріліп алып тымпиып жатқан қыраттар мен сайларды  бағып, Мақпалжан айтпақшы аспанның жермен түйісіп жатқан көкжиектерге көзімді тігіп, темір-терсектер  мен қағаздан алынбаған байқұс көздерімнің  қарашығы тыныстап, құрышы қанғандай болды.

Коланың қағы  қатып қалған ішектерді  қымыз тазалады. Тауықтың етінен, роллтон, макороннан  мезі болған асқазандарды жылқының еті тойғызды.

Бірақ, сонда да  көңілім аш қайтты. Себебі апам мен атам қайтқалы босап, қаңырап тұрған үйдің орнында ештеңе жоқ, сүріліп тасталыпты дегенді естіп, көңілім құлазып жылап алдым.  Ол шатырдың алынғаны апам мен атамның  жете алмай кеткен биік армандарының,  қабырғасының сөгітілгені атамның қанша жылдар бойы қалыптастырған біліктілігі  мен мансапының біткенінің,  іргетасы бұзылғаны атам мен апамның жер бетінде енді жоқ екенін  тағы да еске түсіріп, білдіргендей болды.

 

***

Кішкентай балалардан үйренейік... болмашы дүниелерге қуануды. Ауылға бара жатып, ағашты көрсе жанұшыра «қарашы қандай әдемі ағаш», тауды көріп «мама, апа көрдіңіздер ме –тау. Не деген сұлу, әдемі», ұшып бара жатқан құсты байқап «мынау қандай құс, қандай әдемі, қанатын қарашы, ұзын , иа» деп барды. Расында, назар сала қарасам табиғат атаның тамашалығын аңғардым. Әйтпесе « ыстық көлік, шыжыған күн, бір ағаш жоқ»- деп күңкілдеп келе жатқан едік...

 

Ауылда өскен, ауылды аңсаған қыздың ойлары...