Білгіңіз кеп бара жатса...

Білгіңіз кеп бара жатса...
жеке
блог

Біздер, қыз-келіншектер қауымы, шектен тыс әуесқоймыз ғой. Басқаларды айтпай-ақ, өзіме ғана тоқталсам. Маған қызық емес, менің әуесімді қоздырмайтын нәрсе кемде кем. Жұмыстағы өзім сөйлеспейтін адамдардың жеке өмірі, қыздар болса олардың жігіттерінің бар-жоқтығы, ер адамдардың келіншектерінің қандай екендігі, алатын еңбекақыларының көлемі, дін, тіл туралы не ойлайтындары... Осының бәрін білгім келеді, бірақ, бұл, әлбетте, мен олардан сыр суыртпақтап бәрін сұрап сумаңдап отырады деген сөз емес. Біреуіне жұмысқа қатыссыз басы артық сауал қойып көрсем не дейсіз. Алда-жалда бір-бірімен басқа біреу жайлы не мәселелері туралы әңгімелесе бастаса құлаққап киіп, әуенді барынша жоғары қойып ештеңе естімеуге тырысамын. Сеніңіз, бұл маған оңайға түспейді, мен нәпсіммен күресемін. Студент кезімде басқаша еді. Тілімізге дамыл жоқ еді. Біреу тұрмысқа шыққалы жатыр деп естісек «жүкті емес пе екен?» деген сауалмен бас қатыратынбыз. Ұстаздарымыздың сабақтағы сөздері мен әрекеттерінен отбасы туралы көбірек мәлімет алып қалуға тырысатынбыз да, өзімізше соған сай «талдаулар жүргізіп», «қорытындылар» шығара беретінбіз... Біреудің өмірі туралы білген ақпараттарды ортаға тастап, соған лайық баға беріп, үкімдер шығарып, шыны керек, содан ләззат алатынбыз. Біраз уақытқа дейін, жолаушы жүргенде ме, көлік күткенде ме, танысқан кісілердің есімін, оған қоса неше баласы бар екенін, олардың есімдері кім екеніне дейін сұрайтынмын. Маған, әйтеуір адамның баласының саны мен оларға таңдап қойған есімдері сол адамның өмір туралы көзқарасы, қандай қағиданы ұстанатынынан әжептәуір мағлұмат беріп тастайтындай көрінетін. Бастысы, мен сол естіген мәліметтерді еш ұмытпайтынмын. Сол адаммен екінші қайтара кездескенде мен ол туралы өзім білетін бірдеңені жайбарақат айтып отырғанда, сол адамның маған аңтарыла, кейде шошына қараған көзқарастарынан өзіме қанағаттану сезімін алатынмын. Есте сақтау қабілетіммен жұртты естен тандырғым келетін болса керек.

Бір күні құрбыммен ішек қырындыларымызға дейін ақтарып сырласып отырғанда бүй дегенім бар, бұны сол жақын арада әлдебір газеттен оқыған болсам керек: «Біз неге өзімізге, алдағы өмірімізге дым қажеті жоқ нәрселерді білуге әуестеніп жадымызды керексіз қоқыспен толтыруымыз керек?» Құрбыма бұл сөз  әсер етті, ой салды, оған әсер етуі менің де осы пікірге тоқтауым, ұстануым керек екен деген сенімділік ұялатты.

Бұл ой менің әйелге тән әуесқой табиғатымды өзгертіп жіберді демеймін, бірақ, оны ішімде бұғаулап ұстауға, сұғанақ болмауға, мәдениеттілікке, қызығушылықты расымен қажет кезінде ғана пайдалануға үйретті. Сырын ақтарғысы, жеңілдегісі келген адам бізге өзі-ақ шешіледі, біздің міндетіміз сол сырды төгіп-шашпай, айналаға жаймай, ұмыта алсақ ұмытып кету... Ал мен жоғарыда айтқан тұрмысқа шыққалы жатқан қыздар туралы күдіктер секілді немесе өзгелер хақында басқа қандай да бір суық ойларға жолдасымның мына сөзі нүкте қойды: «Басқа адам туралы жақсы ойлаудың өзі - құлшылық».