ЕСІМЕ ТҮСІП КЕТКЕНІ...

ЕСІМЕ ТҮСІП КЕТКЕНІ...
жеке
блог


    Сізге ертегідегідей боп елестейтін, бір кездегі тастағы жазулар – бір күні кәдуілгі жазуға айналып кетсе қайтер едіңіз? Бұл өзі мүмкін бе? Шалқамнан түсіп, дуалға тесіле қарап жатқанда санамда пайда бола кеткен ой осы болды.  Бірақ, менің ешқандай пәлсапаға сай келмейтін бұл ойымды, сіздің басыңызды шайқап тұрып МҮМКІН ЕМЕС деп бағалайтыныңызға бек сенімдімін. Әйтсе де тарихымызды тасқа басқан құпия жазу сырларын дәлелдеуге белін бекем буған ғалымдар да бар. Аманқос Мектептегі сондай жан. Биыл 60 қа толған ғалым ағай – түркі мәдениетін түп-тұқиянымен қопаруға ниетті, нағыз рухани геолог. Томсен тауып беріп кеткен руна жазуын қазақтың ұғына алмай жүргеніне қынжылып, аталмыш жазудың кириллден кем түспейтініне дау айтып жүрген жалғыз адам, біздің ағай. (Мектептегі Аманқосты Университеттегі студенттер (әсіресе, журфак, филфак) жақсы таниды деп ойлаймын) Осы тақырыпқа қатысты бүгін бір ақпарат оқып отырып, өзімнің де 2 жыл бұрын "Таразыға" (Хабар) жасаған репортажымды есіме тарс етіп түсіріп, сындырып ала жаздадым). Сынбай тұрғанда осында жазайын деп шештім. Сонымен, есімде қалған ақпараттармен бөлісейін.
        Ағайдың айтуынга руна жазуы европада да бар екен. Десе де бізге тиесілі жазу бірінші пайда болыпты. Мұны басын шыбындап шұлғып ғылымда мойындап қойған екен. Ендеше ғылым әлдеқашан мойындаған жазу, бүгінгі өмірімізге дендеп енуі тиіс емес пе? Түрікшіл тұлғалар естісе, бұл сөзім хитқа айналатын түрі бар. Сенбесеңіз қараңыз,  «насихаты аз болып, мекемелердің маңдайшаларында жарқырап тұрмаған соң, түркіден қалған төл жазуымыздың қадірі қашып-ақ тұр» дейді ғалым. Мекемелердің маңдайшасы! Латындаламыз ба, әлде осы күйімізде тіршілік жалғастыра береміз бе деп жүргенде, маңдайша деп маңдайымызды терлетті тырнақшаның ішіндегі сөздер. Олай бола қалар болса, еліміздің бас оқу ордасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың атауы рунамен де жазылып тұруы тиіс. Ал оны кім түсінеді? Рас-ақ басқалардың алдында мәдениетіміз осындай деп мақтануға болатын шығар, бірақ, мәдени құндылықтарымызды басқа жағынан қарық қыла алмай жатқанда, маңдайшадағы жазу арқылы мандыта аламыз ба екееен деп бір ойлап қойдым. Бірақ, бұл ойыма әлі "қол қоймадым") Әлі есімде, сол сюжетте түркі танушы Нәпіл Базылхан ағай мұндай "турецкий" идеяға қарсы шығып еді. Рунаны тықпалау орынсыз деген сыңайда пікір білдірген. Биыл 60 жылдығын тойлаған, бізге 4 жыл тәлім берген ұстазымыздың пікірін сыйлаймын. Тиісінше, түркі мұралары турасында, алаш көсемдері жайындағы еңбектері ерлікпен пара-пар жетістіктер ғой руханиятымызға қосылған. Бірақ, пәленбай ғасыр бұрын тасқа қашалған жазуды, қолданысқа кіргізіп, компьютерге енгізу реализмнен қиялизмге жақындау сияқты. Осы сұрақты қойған адамдардың да тастағы әріптердің төл жазуға айналуына күмәнмен қарайды. Латыншаға көшеміз бе деп жүргенде, қайдағы рунаны айтып қуып кетті деп сөге жамандамаңдар. Еске түскесін, естелік қып ақтарып жатқаным ғой))). Пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.