Сенемін... жақсы күн туады...
жеке
блог

Сенемін... жақсы күн туады...

Тағы да жазып тұрмын,
Бір хат.
Болсам да мен Сізге жат.
Сіз өмір сүретұғын,
Бұл жалған,
Мен үшін әлі қымбат.

Атқан таң кенеттен бір,
Тосынсый ұсынардай.
Тыс жаққа асығамын,
Менде де,
Бақыттың құсы бардай.

Жан-жүрек айқайлайды,
Жылайды, жұбанады.
Осыған дейін жүрек,
Білсеңіз, 
Дәл бұлай жыламады.

Мейлі күз тағы келсін,
Қуана қарсы аламын.
Күзбен бір Сіз келсеңіз,
Тіпті де,
Жаһанға жар саламын!

Жә, жетер, қиял, доғар,
Реалды өмір басқа.
Махаббат деген асау,
Қарамас ойға, жасқа.
"Әркімнің жүрегінің,
Иесі түрлі, "қасқа""...
/04.06.2014/

ыс

***

Бағасын біліп бақыттың,
Кім жеткен екен ғайыпқа?
Кетсе егер кінә менен бір,
Бұйырма мені айыпқа...
*
Қаруын оқтап жүректің,
Сен жаққа оқты жаудырдым.
Сезімді жағып, күл еттім,
Көңілді мұңға алдырдым.
*
Күлтесі гүлдің нәзік тым,
Сұлулығы да тек сонда.
Гүлдерге қарап наз ұқтым,
Ғаламат сезім бар онда.
*
Өмір-кино, өмір-жыр,
Қас-қағым сәттен құралған.
Сезімсіз бірақ адам құр,
Бақытты боп жүре алман.
/05.06.2014/

кп

***

Күнә белден,
Жетісіп неге күлем?
Қай тірлігім анықтар халімді нақ?
Жақсыдан жамандығым көбін, білем,
Жүрегімнің түбі мәлім Аллаһқа Хақ...

Оң қолдың садақасы солға анық,
Бастаған жолым ақ па, хабарым жоқ.
Адал ма, әйтеуір бір табыс тауып,
Киім бүтін, шүкірліксіз, қарыным тоқ.

Сеземін, қайсы жерде сүріндім нақ,
Оралмас ешқашанда ол күндерім...(!)
Алайда, жүрегім де, ниетім ақ,
Үзілген жоқ жұмақтан да күдерім.

Демім барда, кеудемде жаным барда,
Шүкір деймін, Жаратқанға сансыз мадақ!
Шүкірсіз, еш тәубасыз бұл жалғанда,
Қай пенде өз ризығын іздеп, таппақ!?

Арайлап атқан таңым-бір мүмкіндік,
Бақыттың, бәлкім, бүгін құсы қонар.
Қаншама күнді, сірә, бекер сүрдік,
Ақиқаты тек Аллаға аян болар.

Денім сауда, кеудемде жаным барда, 
Шын достарым: құлшылық, тек амалым.
Қабыл болса тірлігім, шіркін, алда,
Қуаныштан шырқатып, ән саламын.
/06.06.2014/

цуа

***

Кеткенде кірпіктер айқасып,
Өң мен түс бір майдан бастайды.
Өзара жатады шайқасып,
Біледі мөлшерін, аспайды.

Әлдебір саябақ маңында,
Жүреміз. Мен және Ол. Болды.
Қарсы алып Алматы таңын да,
Сан түрлі құшақ гүл мың солды.

Бақытты Ол. Мені де бір шаттық,
Көк жаққа жетелеп жүреді.
"Сірә, біз сыңарды дәл таптық"-
Деп Ол сәл жымиып, күледі.

Көшелер ендігі тозды анық,
Аяқкиім қаншама ескірді.
Қайыңдар біздерді тұр танып,
Сан талай күндерге "ес кірді".

Қаншама сусындар ішілді,
Желінді сан түрлі балмұздақ.
Көктем, жаз талай су кешілді,
Күз, қыста қыдырдық Біз, мұздап.

Сыйлықтар сыйланды нешеме,
Көңілдің қамалы алынған.
Бір сыйлық ұсынды кеше де,
Бір қорап... сақина салынған...
*
Ақ көйлек, ал, қолда гүл шоғы,
Той орны - бұл мекен кең екен.
Мәз-мейрам адамға лық толы,
Қалыңдық бұл жолы мен екем...

Кенеттен құлақтың түбінен,
Сыр айтты әлдекім сыбырлап:
"Айналдым дәл сендей Күнімнен,
Әкетем мен бүгін Күнді ұрлап".

Ол және Мен, біраз туыстар,
Мешітті бағытқа алғанда.
Шырылдан ояндым кенеттен,
Саусаққа сақина салғанда.

Түс екен. Бәрі де түс екен,
Елітіп кетіппін қиялға.
Бақыт дегенің құс екен,
Жете алар ма екем қиянға?

"Ғажайып бұл түсті бүлдіріп,
Қоңырауды шалған кім екен?"-
Деп, қарай қалып ем "тұтқамда",
"Жаным" деп жарқылдап тұр екен.

"Намазға тұра ғой- деп, - таңғы", 
Оятты Ол мені. Барым сол!
Қаласа Аллахым, бір күні,
Бұл жан да айтады: "Жарым бол..."...

Н.ғ.: Сенемін, жақсы күн туады,
Ниетің түзу, ақ болса егер.
Жақсылық жаманды қуады,
Жүрегің иманға толса егер...
/07.06.2014/

цуа

Сүгіреттер жеке мұрағаттан.