Yarik Ecuador – фестиваль жаңалығы!

Yarik Ecuador – фестиваль жаңалығы!
жеке
блог

Осыдан, бір апта уақыт бұрын фейсбуктегі парақшамда ештемеге де таңғалмайтынымызға таңғаламын деген сарында бір пост жазып едім. «Таңғаламын! Қазірде ештемеге де таңғалмайтын боп кеткенімізге таңғаламын. Мәселен, күні кеше ғана қазақтар электрожетіген жасап шықты. Чаттағы "ааа" дегеніндей деп қоя салдық. Кеше ғана алматылық екі қыз ҰБТ-дан 125 балл алып шықты. Екі қыздан видеосұхбат алып, сайтқа жарияладық та. Онда да "ааа". Болды, сонымен бітті. Таңғаламын». Таңғалатын бір дүние ұсынғым келеді. Бұл енді таңғалуға болатын дүние.

Расында да, солай емес пе? Мысалға The Spirit Of Tengri фестивалін келтіргім келеді. Бұл фестиваль көптеген елдің этникалық музыкасын тыңдау, ал бұл – солардың шығу тегін, шыққан тамырын, мәдениетін ұғындыратын керемет мүмкіндік. Дәл осы фестивальға қатысуға, оның ішінде журналистер қатарында болғаным мен үшін үлкен мәртебе болды.

Ал енді, сонау Экводордан келген «Yarik Ecuador» тобының видеосын ұсынайын. Себебі ішіндегі ең ұнағандарының бірі осы топ болды. Екі бөлек түсірген видеоларда топ үш композиция орындайды: Inti Taki, Chirapak және тағы да екі ән бар. Мұнда белгілі бір себептермен тек бір ғана видеоны ұсына аламын. Айтпақшы, топ атауының мағынасы "Эквадор естелігі" я "Естелік" деп қана түсініледі екен.

Көрдіңіздер ме, енді осы «Yarik Ecuador» тобының қалай құрылғанына келейік. Бұл топты Ресейден Экводорға көшіп барған Влад есімді продюсер көшеден көріп қалып, арнайы ансамбль құру туралы ұсыныс жасаған! Міне! Дәл осы топты бүгінгі деңгейге жеткізген де күні кешегі көшедегі нәпақа табу жолы екен! Өз басым бұған қатты таңғалдым. Умберто Малес Канамар (Humberto Males Canamar) мен Энрике Малес Моралес (Enrique Males Morales) бауырлар. Ал Джовани Баутиста (Geovanny Bautista)негізгі солист. Олар Комуендо тайпасынан шыққан дарындар. Бір ерекшелігі, топ мүшелерінің ешқайсысы да белгілі бір музыкалық оқу орнын тіпті оқымаған.

Осы арнайы білімі жоқ топтың айтатын әні жүректі тербейтін (өз мағынасында), делебеңді қоздыратын, ал бірде тұңғиық бір сырлы әлемге жетелейтін күш. Ортадағы солист Джовани Баутистаның беретін экспрессиясы ішкі шөліңді қандырады. Дәл осы ұлттық сарынды жаңаша, заманауи стильде жеткізуін бүгінгі, яғни ЖАҢА ДӘУІРДІҢ мұқтажы десек те болатындай! "Yaric Ecuador" бұл мұқтажды толықтай қанағаттандырады деген ойдамын!

Топтың бір қызық та жағдайы болыпты. Үлкен опералық концертке барған олар ең біріншіде маэстроның сахнада көрерменге теріс қарап тұратынына шамданып, айғай салған көрінеді. Мәселенің мән-жайын кейін ғана біліп, кешірім де сұрапты. Міне, осындай қызық.

Бұл топтың жанкүйерлері Еуропада, Ресейде өте көп. Ал мұнда vk.com желісіндегі қауымдастығына жазыла аласыздар. Ал топтың www.yarik-ecuador.com деген сайтына кірсеңіз, толық ақпарат ала аласыз!

Меніңше, бұл фестивальдің болашағы зор! Қазақ жерінің, тарихының әлемге (құр пафос емес) танылуының бірден бір арнасы! Ұйымдастырушыларға мың алғыс! Foot in mouth

P.S. Блогты бұл керемет фестивальға қатыса алмағандар үшін дайындадым.