Екі мың алтыншы жылғы түлек
жеке
блог

Екі мың алтыншы жылғы түлек

Әлгінде агентпен ауылдас құрбым бір сілтеме жіберді. Ашсам Еуразия Ұлттық университетінде өтіп жатқан ұлттық тестілеудің онлайн көрінісі. Таңырқап қалдым. Бұлай да болады екен ғой. Өмірлеріндегі алғашқы қиын сынақты тапсырып жатқан түлектердің әр қимыл-қозғалысы көз алдыңда. «Сұмдық қой, иә» деп жазады құрбым. «Не сұмдық?» деймін. «Жартысында ұялы телефон» дейді. Мен көре алмадым бірақ ешкімнен.

Өзімнің тест тапсырғаным есіме түсті. Біз де осылай отырдық қой, жүрегіміз лүпілдеп. Ертең тапсырамыз деген күні сыныптастармен бір моланың басына барып құран оқыттық. Сол жерде байланған ақтық дейді ғой, солардың бірін өзімізге алып, өзіміз жаңасын байлап, тілек тілеп (надандық-ай десеңші) алабұртып жүріп едік. Ауылдан аудан орталығына бір күн бұрын алып келді автобуспен. Интернатқа орналастық. Нақты қалай уақыт өткізгенімізді ұмытып қалыппын. Әйтеуір таңның бір уағына дейін ұйықтай алмаған едік. Таңертең апыр-топыр тұрып, киініп, таңғы асты ішкен ғұрлы болмай, асай-мүсейлерімізді (шпаргалка, калькулятор) тағынып, жасыратын жерге жасырып дегендей, «майдан алаңына» келгеніміз есімде. Сол кезде қандай сезімде болғаным есімде қалмапты жөнді. Тіпті бізді тексеріп кіргізді ме өзі деп ойлап отырмын. Математикалық формулалар жазылған шпаргалкам мен калькуляторымды аман-есен алып кіргенім, орнымның ең алдында болғанын, бірақ шпаргалканы бір рет пайдалануға мүмкіндік болғанын білемін. Жан-жағымдағы бейтаныс түлектердің мені, менің оларды анда-санда сұрақтармен мазалағаным да бар. Қазір ойласам бәрін жайбарақат, аса толқусыз өткерген секілдімін. Арада көп уақыт өткен соң шығар. Мен белгілеген парағымды өткізіп, тәмамдап шыққанда иә, не болды, оңай болды ма деп сұраған бірді-екілі ұстаздар болмаса, туған-туыстарым да келмеген еді. Сосын интернатқа қайттық. Түскі асымызды ішіп алып есік алдында сыныптастармен түк болмағандай су шашысып, алысып-жұлысып шуласып жүрдік қорытынды шыққанша. Кешкі алтыға қарай жылап-сықтаудың, құттықтаудың алды басталып кетті. Сөйтіп ауылымызға қайттық. Көпшіліктің көңіл-күйі болмады. Мектеп бітіру кешіне келмеймін деп түңілгендер де болды. Бірақ, әлбетте, бәрі келді. Мен өзім күткеннен жиырма бал жоғары алдымCool. Бұл дегеніңіз жолы болғыштық... Әйтеуір білімділік емес-ау. Дегенмен сол күнді тағы да бастан өткеруден қашпас едім. Сіз ше, былтырғы, бұрынғы жас түлек?