Түркия сапарынан жолжазбалар-2

Түркия сапарынан жолжазбалар-2
жеке
блог

Баспана – мемлекет қамқорының нышаны

Түркиеге барған бойда елді мекеннің қайсысында да тұрғын үйлер көзге бірінші шалынады. Қаларалық тасжолдардың екі жағы анда-санда үзілгені болмаса,екі қапталын ала самсай жайғасқан үйлерге көз сүрінеді. Бірқатты (қабатты османдылар «қат» дейді, мұнысы біздің «қабатымыздан» гөрі барынша дұрыс), қосқатты, көпқатты үйлер бірнеше жобаимен салына берген, салына берген.


Әрі-беріден соң үйлерден жалыға бергенмен, ойымызға елдегі баспанасыздық жайы оралды да, Түркиенің жайын білетін кісілерден сұрастырғанымызда бұл халықты баспанамен қамтудың түркиелік нұсқасының нәтижесі екеніне көзіміз жетті...

Түрік саясаты басты қалаларға ғана көңіл бөліп, жыл аралата сан құбылатын қолжетер баспана бағдарламасын саяси идеологияға айналдырудың орнына елде жаппай тұрғынжай тұрғызуды қолға алынғаны көрініп тұр. Жаңа үйлер ауылда да, қалада да бірдей салынған. Нәтижесінде бас-аяғы он жыл ішінде мәселе шешілген. Енді жас жанұяларды үймен қамту қолға алыныпты. Ол үшін халық арасында «ТОКЫ» аталатын, бізше кооперативке ұқсас арзан көпқатты үйлер салына бастауда. Бұндағы пәтерлер жастардың табысына сәйкес әрі арзан. Сапасы біздің астанада салынып жатқан мемлекеттік бағдарлама бойынша эконом-класс үйлерінен жоғары көрінеді.

 

Жол жағалаған ауылдық жатаған үйлердің төбесіне күн батареялары жайғасқан, сол арқылы ыссы су мен жылуды тегін алып, шығынды азайтып отыр...


Елдегі баспана мәселесінің шешілуі пәтер жалдауға да әсерін тигізіп оны мейлінше арзандатқан. Айтушыларға сенсек, Анкарада 40 000 теңгеге екі бөлмелі пәтер жалдап тұру мүмкіндігі бар екен. Әрине, тегін жатқан ештеңе жоқ, бұл қаптаған пәтер мен үйлердің құны айналып келгенде халықтың қалтасына «үңілетіні» рас. Дегенмен, ипотекалық несиеге орташа османлының жалақысының 30 пайызы ғана жұмсалады екен және оларда тек қана ері жұмыс істеп, көбіне бибісі үй шаруасында отыратынын ескеріңіз... Бұған тағы да автокөлікті несиеге алған түріктің небәрі 40-45 пайыз жалақысы несиеге төленсе де, османлы бауырымыз соны да көпсінеді екен!  Әрине, бензин тым қымбат, литрі 300 теңгенің маңында. Сондықтан да түркиеліктер «ашқарақ» көлікке құмар емес. Джип жоқтың қасы.

 

Тұрғынжаймен қамтудың түркиелік нұсқасы баспананың мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық нышаны екенін еріксіз байқайсың. 80 миллионға жуық халықты үймен қамтудың үлгісі сол болса керек.

 

Серік Әбдірешұлы

Жолжазбаның жалғасы.

Астана – Ыстамбол – Ескішехир - Астана