Өнерлінің  өрісі  ұзақ
жеке
блог

Өнерлінің өрісі ұзақ

Суретшілерге төл туындыларын көпшілікке кеңінен көрсетуге мүмкіндік берген Алматыдағы «Арбат» деп аталатын көрікті мекеннен   сурет өнерінің түр-түрін кездестіресіз.  Кездейсоқ осы көрікті мекенде серуендеп жүргенімде, бүгінгі таңда  біздің елде енді «тәй-тәй басып», дамып келе жатқан «Spray Paint» деген сурет өнерінің бір түрін тамашаладым. «Spray Paint» - аэрозольді баллон бояуларымен салынатын сурет өнерінің жаңа түрлерінің бірі. Бұл стильдегі картиналардың ерекшелігі сонда, бұл жерде қарапайым сурет өнерінде қолданылатын құрал-жабдықтар пайдаланылмайды. Бұл өнерде картина бояу баллондарымен, газет, қақпақтар немесе кез келген қолға түскен заттар арқылы салынады. «Spray Paint» өнерін Қазақстанда насихаттап жүрген жас суретші Сұңқар Елдосұлымен таныс болыңыздар! 

-       Сәлем, Сұңқар! Осы өнер саласымен айналысуыңа не себеп болды? 

-       Салем. «Spray Paint» өнерімен айналысуыма негізінен өз қызығушылығым себеп болды. Менің осы өнер түрін үйренуіме ең алдымен, Асхат Ақылбаев ағамның интернетке салған видеолары біраз көмегін тигізді. Ол қазір Нью-Йоркте осы өнердің бойтұмары болып жүр десем, артық айтқаным емес. Екінші, маған көп көмегін тигізген, интернет жүйесі. Интернеттегі видеосабақтар арқылы үйрендім.

 -       Осы өнерді үйрену саған қаншылықты қиынға соқты?

 -        Немат Келімбетов: «Бір үлкен нәтижеге қол жеткізгің келсе, алдыңа өзіңнің қолыңнан келмейтін іс-әрекетті мақсат етіп қой. Сонда сен өз қалағаныңа жетесің».  – деп айтқандай, мен алдыма өзімнің қолымнан келмейтін нәрсені мақсат етіп қойдым және сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек еттім.  Маған жақындарым арасында сенген адамдарға қарағанда, керісінше, «Бұны қайтесің?» деп айтқандар көп болды. Осы кезде менің жаныма күш берген, бірінші, өзімнің жігіттік намысым, табандылығым болса, екінші, Үндістан ұлт-азаттық қозғалысы қайраткері Махатма Гандидің: « Алғашында сені байқамайды, кейін сенің сыртыңнан күледі, содан кейін сенімен күреседі, соңында сен жеңіске жетесің». – деген мағынасы терең сөзі болды. Біраз жұмыс істедім, айлықтарымды қажетті құрал – жабдықтарын (жылтыр қағаз (глянцевая бумага), қалбырдағы түрлі-түсті бояулар) алу үшін жинадым. Жұмыс істеп жинағандағы еңбегім нәтижесіз болды. Осы кезде ата-анам үлкен қолдау көрсетті. Оларға айтар алғысым шексіз.

 -       Кез келген дүниені танып білу үшін оның тарихына жүгінетініміз рас. Осы өнер түрінінің тарихы туралы айтып берсең..

 -       «Spray Paint» өнері ХХ ғасырдың басында Мексика  мемлекетінде дүниеге келген. Ең алғаш, үйсіз, панасыз жүрген адам қалбырдағы түрлі-түсті бояулармен сурет салып отырып ойлап тапқан.

 -       Осы өнер саласына  білек түріп кіріскеніңе қанша уақыт болды?

 -       Ең алғаш осы өнерді Алматыдағы Арбатқа 2013 жылдың 4 қыркүйегінде  алып шықтым.  Айналысып жүргеніме бір жылдай болып қалды.

 -       Ең ұзақ дегенде бір суретті қанша минутта саласың?

 -       4 - 5 минутта салып бітіремін.

  -       Ал ең қысқа...

  -       1.30 – 2 минутта.

  -       Естуімше, осы өнер түрінің денсаулыққа біраз зияны бар. Өз денсаулығыңды химиялық зиянды заттардан қалай қорғайсың?

  -       Бұл өнер түрі негізінен өте зиян. Сол себепті үнемі эспиратормен жұмыс жасауға тура келеді. Эспираторды таңдағанда  сапасына қатты мән беремін.  Бір күні Арбатта 50 сурет саламын деп 1 апта бояулардан  уланып ауырғаным бар. Қазақта: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». – деген сөз бар ғой, бүгінгі күні аурудың алдын алуға тырысамын.

  -       Жалпы тапқан қаражатың шыққан шығынды ақтай ма?

  -       Иә, ақтайды. Көбіне тойдан жақсы табамын. Артылып қалса, ата-анама беремін. Қайда барсам да менімен бірге, жанымда маған қолдау көрсетіп жүрген достарым. Достарыма  айтар алғысым шексіз.

  -       Көбінесе ненің суретін салғанды ұнатасың?

  -       Табиғат көріністерін, әсіресе, жер шарын, айды, астрономиялық  құбылыстардың бейнесін салғанды ұнатамын.

  -        Осы өнерді дамыту үшін болашаққа құрған жоспарларың туралы айтсаң...

 -       Қазір салып жүрген суреттерімнің бәрі шетел бағытында болғандықтан, ендігі мақсатым - Елордамызда бой көтерген биік-биік ғимараттарды салып үйрену, шетелдіктерге соны көрсету, насихаттау.

  -       Сұңқар, берген сұхбатыңа көп-көп рахмет. Сен сияқты өнерге жаны құштар, еңбексүйгіш жандар елімізде көбейе бергей. Алдағы уақытта өзіңе шығармашылық шабыт, табыстар тілейміз. Биік белестерді бағындырғайсың! 

 

 

Сұхбаттасқан: Қанибаева Гүлжанат Әділбекқызы