Татев пен Нораванк ғажайыптары
жеке
блог

Татев пен Нораванк ғажайыптары

Аарон Авагян мені Татев пен Нораванк монастырьлеріне апармақшы болып, жолға шықтық. Ереван – Ехегнадзор – Горис бағытындағы 250 шақырымдық жол әсте жалықтырмайды. Әсем таулар, бұралаң жолдар, жап-жасыл шатқалдар арасындағы көрікті елді мекендер. 

Біз бірнеше облыстың аумағынан өттік. Арарат облысының Суренаван елді мекені өзі аттас қорықтың іргесінде. Мұнда балық шаруашылығы бар. Ал қорықтағы батпақты миллиондаған жыл құсы мекендейді. Бұл – жыл құстары екі рет: көктемде солтүстікті бетке алғанда бір, күзде оңтүстікке қайтқанда бір ұя салатын әлемдегі санаулы өңірдің бірі. Суренавандағы электр бағандарының бәрі – аққұтандардың ұясы.

Бұдан соң - Вайодзор облысының аумағы. Арени елді мекені маңындағы бұралаң жолдар қауіпті. Таулы өлкеде талай көлік аударылған. Дегенмен табиғаты мен таза ауасы жан жадыратады.

Арени – жүзімді алқап. Жол бойынан жүзім ашытушы шеберлердің қолынан шыққан Арени шарабын сатып алуға болады. Біз де дәмін көрдік.

2008 жылдың қыркүйегінде Арени үңгірлерінен әлемдегі ең көне былғары аяқкиім табылды. 5500-ден астам жыл бұрынғы жәдігер армяндардың чарохи аталатын аяқкиіміне ұқсайды. Қазір үңгірлерде археологиялық жұмыстар жүріп жатыр. Жыланы мен улы жарқанаты көп бұл үңгірлер келешекте туристік орынға айналмақшы.

Вайк қаласынан соң Ұлы Жібек жолы керуендері өткен өлкені көруге болады. Бұл – Сюник облысының аумағы.

Спандарян сарқырамасы маңында мұсылман қорымы бар. Бұл – кезінде осы өңірде тұрған әзірбайжандардың мәңгілік мекені. Екі ел арасында бітіспес дұшпандық көзқарас қалыптасқанымен армяндар вандализмге бармаған. Ал Әзірбайжан тарапының мыңдаған армян хачкарын талқандағаны белгілі.

"Татев қанаттары" - әлемдегі ең ұзын аспалы жол. 5,7 шақырымдық жол таудағы Алидзор және Татев деревняларын жалғайды.

Аспалы жол Татев монастырі мен шатқал арасындағы дүниеден баз кешкен тақуалардың қамалын туристік орталық ретінде қалпына келтіру мақсатымен 2010 жылы пайдалануға берілген. 

Біз Татевке доллар мен рубльді ғана алып келіппіз. Ал мұнда драммен ғана есеп айырысады. "Енді қайттік, 250 шақырым жүріп келіп, аспалы жолды, монастырьді көрмей кетеміз бе?!" деп тұрғанда менің төлем карточкам есіме түсті! Сөйтіп, мақсатымызға жеттік!

Татев - IX ғасырда салынған монастырь. Ол көп ұзамай Арменияның білім-ғылым, бейнелеу өнері және тамақ өнеркәсібі дамыған орталығына айналады. XI ғасырдың аяғында мұнда Оңтүстік Кавказдағы ең ірі университет болды, бірақ 1435 жылы Әмір Темірдің кенжесі Шахрух түгел өртеп, талқандаған. Одан кейін 1931 жылғы жойқын жер сілкінісі монастырь қабырғаларын тағы қиратып тастады.

Бүгінде монастырь Әулие Погос пен Петрос храмынан, Григор Татеваци моласынан, Әулие Григор Лусаворич шіркеуінен, Аса қасиетті Құдай ана шіркеуінен, Гавазан теңселмелі бағанасынан және Дзит Ан май сығатын кәсіпорнынан тұрады.

Дзит Ан сол күйі сақталған. Мынау - күнбағыс дәнін сығатын диірмен. Арғы қабырғаларда алынған майды тазартатын, өңдейтін жарақтар бар. Ары қарай майды түрлі мақсатқа жарататын өндіріс құралдары мен пештер толып жатыр. Монастырь қызметкерлері қамалға жау шапқан кезде биіктегі арнайы қуыстардан қайнаған күнбағыс майын төгіп қорғанатын болған. 

Шіркеулердің іші лабиринт, дәліздері семіз адам сыймайтындай тар. Мұнда бойды қорқыныш билейді. Ғимараттардың бірнеше зілзаладан соң талай қақырап, құздан шыңырауларға талай опырылғанын ойласаң, одан сайын тітіркенесің. 

Монастырьдің биік қабырғасынан сәл сүрініп кетсең, сүйегіңнің жартастар арасында мәңгі қалғаны немесе Воротан өзенінен табылуы мүмкін.

Монахтар мекенінде жерасты құпия жолы бар, шапқыншылық кезінде дін қызметшілері бұл жұмбақ дәлізбен үңгірлерге жол тартып, бас сауғалаған.

 

Гавазан бағаны аттылылар шауып келе жатқанда және жер сілкініп тұрғанда теңселіп, белгі береді. Монахтар соған қарап сақтанатын болған.

Бұл кешенге келгенде аузым ашылып, сөзден жаңылдым. Қазір де ештеңе айта алмаймын. Тек қана эмоция! Армяндар сырға толы діни орталықты түгел қалпына келтіреді деп үміттенемін, зілзала болмасын деп тілеймін.

Біз Нораванк монастыріне келгенде жер сілкініп тұрды. Аяғымның асты резеңкедей былқылдап кетті.

Арпа өзені бойындағы бұралаң шатқалдардың бірінің кертпешіндегі бұл монастырь XIII ғасырда тұрғызылған. Кейінгі ғасырларда бекініс қабырғалары салыныпты. Мұнда екі шіркеу мен бір ғибадатхана, хачкарлар мен князьдер резиденциясы бар, бертінде музей ашылған. Шіркеулердің бәрін сол замандағы армянның атақты сәулетшісі, мүсінші, миниатюрашы Момик соққан.

Сурб Аствацацин немесе Әулие Құдай ана шіркеуі. Бірінші қабаты – Орбеляндар әулетінің өкілдері жерленген сағана, екінші қабаты – дұға қылу бөлмесі. Армян дәстүрінде әулиелер мен патшалар кесенелердің еденіне жерленеді, құлшылық қылуға келгендердің қабірді таптауы – марқұмдарға көрсетілген құрмет.

Шіркеудің батыс қасбеті – бірегей сәулет шедеврі. Табан ғана сыятын тар баспалдақпен екінші қабатқа көтерілуге болады, сүйеніші жоқ саты абайламаған адамды оңбай құлатуы мүмкін. Бұл шіркеу Момиктің соңғы туындысы саналады.

Арени шатқалында әйгілі шебер Момик тұрғызған тағы бір шіркеу бар. Ол да Әулие Құдай анаға арналған. Бұл өңірде лай көшіп, тау опырылған кезде діни-тарихи ескерткіш сол күйі сақталыпты.

Нораванк орналасқан өңірдің табиғатын суреттеуге сөз жетпейді. Бұл жерден кеткің келмейді!

 

Мұның алдында Эчмиадзин және Хор Вирап монастырьлері жайлы жазылғанын еске саламын.